Астанада ТМД-дағы ең ірі OZON фулфилмент орталығы ашылды

Астанада ауданы 38 мың шаршы метр OZON электрондық маркетплейсінің фулфилмент орталығы Қазақстандағы алғашқы орталығы ашылды. Ашылу салтанатына Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы сауда өкілі Андрей Бабко, OZON, Mercury Properties, «Базис-А» құрылыс компаниясының өкілдері қатысты.

Тұсаукесер барысында Серік Жұманғарин атап өткендей, бүгінде Қазақстан электрондық коммерция экожүйесін жүйелі түрде жан-жақты дамытуда.

«Еліміздің бөлшек саудасында электрондық сауданың үлесі бүгінде – шамамен 6%. Алдағы жылдары біз оны 15%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы сауда тек онлайн жүргізілетін уақыт та алыс емес деп ойлаймын. Біздің бизнес үшін электронды0 коммерцияны дамыту – ең алдымен, сауда көкжиегін кеңейту, сапаны арттыру. Сондай-ақ мұндай фулфилмент орталықтары өңірлік саудаға жақсы серпін береді», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіпкерлерді қолдауға, қала экономикасына жеке инвестиция тартуға барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

«Биыл қалада жалпы сомасы 87 млрд теңгеге 25 инвестициялық жоба енгізіледі деп күтілуде. Мысалы, бұл өнеркәсіп, логистика, білім беру, спорт, АӨК және басқа да салалардағы жобалар. Жобаларды іске қосу қала тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қалада фулфилмент-орталықтың ашылуы 40 млрд теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Бұл Қазақстандағы электрондық коммерция саласындағы ірі жоба болып табылады», — деді Жеңіс Қасымбек.

Ірі логистикалық хаб қазақстандық кәсіпкерлерге онлайн-бизнесті кеңейтуге мүмкіндік береді: онлайн тапсырыстарды өңдеуге және тұтынушыларға тауарларды жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ облыста 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ.

«Rainbow Logistic» ЖШС-нің OZON логистикалық паркін салу жобасының қуаты – 70 мың шаршы метр қойма (1-кезек – 40 мың шаршы метр, 2-кезек – 30 мың шаршы метр). Инвестиция көлемі – 40 млрд теңге. Тауарлардың кең ассортиментін қабылдау үшін фулфилмент-орталықты 2023 жылғы сәуірде іске қосу жоспарланып отыр, тәулігіне кемінде 260 мың тапсырысты өңдеуге мүмкіндік береді. Орталықтың азық-түліктен бастап электроника мен құрылыс материалдарына дейін кез келген санаттағы 9 млн-ға дейін әртүрлі тауар сақтау мүмкіндігі бар.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедендік әкімшілендіруді жеделдетуге және интернет-сауда рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік беретін пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Сауда және интеграция министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп ҚР «Кедендік реттеу туралы» кодексіне түзетулер жобасын әзірледі. Пилот аясында кедендік рәсімдердің барлығы, оның ішінде декларациялауды тұтынушының қалауы бойынша ғана электрондық сауда операторлары жүзеге асыратын болады.

Түзетулердің екінші жаңалығы – кедендік (бондтық) қойма рәсімі арқылы электрондық сауда тауарларын жеткізу. Осы рәсім аясында шетелдік интернет-алаңдардың тауарлардың коммерциялық партияларын кеден қоймасына орналастыру (сақтау мерзімі – 3 жылға дейін) мүмкіндігі пайда болады деп болжанады. 

Осы уақыт ішінде кәсіпкерлер өз тауарларын Қазақстан Республикасының аумағында да, тапсырыстар түскен кезде үшінші елдерге де жеке тұлғаларға сатуға және жеткізуге, сондай-ақ пост-фактум декларация (сатып алынғаннан кейінгі айдың 10-шы күніне дейін) жариялау мүмкіндігіне ие болады.

Анықтама: Озон – Ресейдегі ең ірі маркетплейстердің бірі. Қазақстандық кәсіпкерлер үшін OZON платформасы 2021 жылдан бастап ашық, Qaztrade сауда саясаты орталығының құралдары арқылы компанияларды платформаға шығару және оларға қызмет көрсету бойынша қолдау көрсетіледі. Қазіргі уақытта Ресейдің 14 қаласында, Беларусьте (Минск) және қазір Астанада 17 фулфилмент орталық салынған.

Бүгінгі таңда OZON платформасында 15 000-ға жуық қазақстандық сатушы тіркелген, олардың сату көлемі 2022 жылы 10 млрд теңгеден асты. Сайтта ең көп сұранысқа ие тауарлар – электроника, тұрмыстық тауарлар, балаларға арналған және күнделікті қолданыстағы тауарлар.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу