Машина жасаушылар одағының Үйлестіру кеңесінде Кешенді жоспардың орындалу барысы талқыланды

2023 жылғы 12 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Қазақстан Машина жасаушылар одағы Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті, онда Машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының міндеттері, отандық машина жасауды жетілдіру перспективалары және саланың бірқатар жүйелі мәселелері талқыланды.

Кеңес отырысын ашқан Роман Скляр биыл машина жасау саласы үшін өте жемісті жыл болғанын атап өтті. Президенттің тапсырмасымен Үкімет алдағы 5 жылда машина жасау саласын жаңғыртуға мүмкіндік беретін Кешенді жоспар әзірлеп, бекітті. Кешенді жоспардың негізгі іс-шараларына шикізатпен басымдық беру тетігін енгізу, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, салық заңнамасын жетілдіру, машина жасау өнімдерін өткізуді ынталандыру кіреді.

Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев Үйлестіру кеңесінің өткен отырысында берілген хаттамалық тапсырмаларды орындау бойынша жұмыс қорытындылары, Кешенді жоспарды әзірлеу және бекіту негізгі оқиға болған Одақтың ағымдағы қызметі, сондай-ақ алдағы жұмыс жоспарлары туралы баяндады

«Естеріңізде болса, ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2019 жылғы алғашқы Жолдауында отандық өңдеу өнеркәсібін қолдау жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Машина жасау саласының мәселелерін жеке бақылауына алды. 2022 жылғы 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы Үкіметке Машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Жоспар қазақстандық тауар өндірушілерді нақты қолдауды және бүкіл саланың бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттыруды көздейді. Мұндай стратегиялық құжат елімізде алғаш рет қабылданып отыр», — деді М.Пішембаев.

Кешенді жоспар 7 бағыт бойынша 79 іс-шараны қамтиды. Нысаналы индикаторлар: өндіріс көлемінің 4,5 есе өсімін қамтамасыз ету және ақшалай түрде 11-12 трлн теңгеге дейін жеткізу, 2028 жылға қарай жалпы қосылған құнды 1,3-тен 5,9 трлн теңгеге дейін, НКИ-ді жылына кемінде 10%-ға, экспорт көлемін 3 есеге, еңбек өнімділігін – 1,9 есеге, инвестицияны – 1,5 есеге жеткізу.

Өз кезегінде Үйлестіру кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қабылданған Кешенді жоспардың маңыздылығын атап өтіп, оны жүзеге асыру еліміздің барлық өңдеу өнеркәсібін дамытуға ықпал ететінін баса айтты. Оның айтуынша, 2023 жылы сала Үкіметпен бірлесе отырып, отандық кәсіпорындарды қолдау және ел ішіндегі құндылықты арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарған.

«Кешенді жоспарды жүзеге асыру – еліміздің машина жасау саласы үшін жаңа кезең. Бүгінде біз өндірістің қарқынды өсуін көріп отырмыз. Үкімет үлкен қолдау көрсетуде. Сондай-ақ заңнамалық деңгейде барынша көмек көрсетіледі. Қабылданған шаралар мен бірлескен жұмыстар Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деді М.Әшімбаев.

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бүгінде машина жасау саласы еліміздің өңдеу секторын жаңғыртудың қозғаушы күші ғана емес, инвестициялық тартымдылығы бойынша үздік үштіктің біріне кіретінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде саланың дамуына кедергі келтіретін мәселелер жүйелі түрде шешілуде.

Жиынды қорытындылай келе, Роман Скляр 2023 жылы машина жасау саласының орнықты өсу серпінін атап өтті. Мәселен, 10 айда өндіріс көлемі 3,3 трлн теңгені құрады. НКИ өсімі – 27%. Инвестиция көлемі – 155 млрд теңге. Биылғы 9 айда экспорт көлемі $2,8 млрд-қа жетіп, өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43%-ды құрады.

Үйлестіру кеңесінің төрағасы сондай-ақ Кешенді жоспарды іске асыру бойынша алдағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, барлық мүдделі мемлекеттік органдарды жүктелген міндеттерді орындауға жауапкершілікпен қарауға шақырды.

«Кешенді жоспар бекітілді, оны іске асыру үшін әлі талай бірлескен жұмыстарды атқару керек. Біз Мемлекет басшысының үмітін ақтап, орындалған міндеттердің нақты нәтижесін көрсетуіміз керек. Бұл стратегиялық маңызды құжатты жүзеге асыру машина жасау саласын ғана емес, сонымен қатар еліміздің өңдеу өнеркәсібін де дамудың жаңа деңгейіне шығаруы тиіс. Үкімет бұған қол жеткізу үшін бар күш-жігерін салады», — деп түйіндеді сөзін Роман Скляр.

 Жиында Үйлестіру кеңесінің мүшелері: Парламент Сенатының төрағасы, өнеркәсіп және құрылыс министрі, ұлттық экономика вице-министрі, ұлттық компаниялар мен жетекші отандық кәсіпорындардың басшылары қатысты.

#Роман Скляр #Машина жасау

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу