2023 жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің энергетикалық объектілер мен жылу желілерінің жай-күйін ревизиялау барысы қаралды.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың хабарлауынша, ведомство 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізді. Мәселен, қызыл аймаққа 19, сары аймаққа 11 және жасыл аймаққа 7 жылу электр орталығы кірді. Жылу электр орталықтарын тәуекел аймақтары бойынша анықтау кезінде 4 өлшемшарт ескерілді: жабдықтың тозуы, технологиялық бұзушылықтар саны, пайдалану мерзімі (республика бойынша орташа пайдалану мерзімі – 61 жыл) және кадрлардың жетіспеушілігі.

Қызыл аймақтағы жылу электр орталықтары үшін келесі күзгі-қысқы кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында 2023 жылы іске асыру мерзімімен негізгі жабдыққа күрделі жөндеу, реконструкциялау, жаңғыртуды (98 қазандық, 54 турбина) жүргізу көлемі айқындалды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың мәліметінше, бүгінгі күні қалалардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 12,1 мың шақырымды құрайды, оның 6,7 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, орташа тозу деңгейі – 55%. 2015 жылдан 2022 жылға дейін «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары аясында бюджеттік кредит және субсидиялау тетіктері арқылы 295 млрд теңге бөлінді, 3 546 шақырым желілер салынды және реконструкцияланды.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі ЖЭО-1-дің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтауда ыстық сумен жабдықтауды қалпына келтіру, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды тұрғындарын жылумен жабдықтау және Теміртаудағы ЖЭО-2-нің жұмысы, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұздағы ахуал және қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Премьер-Министр қыркүйек айында өңірлердің әкімдері жылу беру маусымына дайынбыз, ешқандай проблема жоқ деп баяндағанын атап өтті. Бірақ күн суытқанда бірнеше төтенше жағдай орын алды.

«2 айдың ішінде 2 бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алды. Жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін белсенді шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, тексерулер басталды, өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келді.

Премьер-Министр бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмегенін атап өтті. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ.

«Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, қалалар кеңейіп, құрылыс секторы қарқынды дамуда. Абоненттердің саны да артты. Мұның барлығы, қолданыстағы жылу резервтерінің сарқылуына алып келді. Мұндай жағдай Астана, Алматы, Павлодар Ақтауда тіркелді. 

Сонымен қатар аудандардың дұрыс жоспарланбауы, тұрғын үйлер мен жылу желілерін бейберекет салуы суық түсе апатты жағдайларға соқтырып жатыр. Қала ішінде ауаны ластайтын автономды қазандықтар салынуда. 

Сондай-ақ желілер мен жылу орталықтарына және қазандықтарға сапасыз қызмет көрсетіледі. Тұтынушылардың қарыздары және газдандыруда қиындықтар бар. Жаңадан жылу орталықтарын салу жұмыстары созылып кетті. Бұған мысал ретінде, елордадағы 3-ші жылу орталығының құрылысын айтуға болады.

Осыған орай, Премьер-Министр электр станцияларын тексеруді 2023 жылдың 1-ші тоқсанында аяқтауды тапсырды. 

«Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-дан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 км! Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді», – деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр жылу желілерін реконструкциялау бойынша қажетті құжаттарды әзірлеу жұмыстарын бірінші жартыжылдықта аяқтауды, тиісті жұмыстарды қаржыландыру үшін нысаналы трансферттер бөлу мәселесін пысықтауды, сондай-ақ 2 апта ішінде мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту тәсілдерін қарастыруды тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу