Үкіметте ауыл медицинасы мен фармацевтика саласын дамыту жөніндегі шаралар қаралды

Сенбі, 11 наурызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өткен жылдың қараша айында ауылдағы медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілгенін баяндады. Оның аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын, оның ішінде 253 медициналық пункт, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория салу көзделіп отыр.

Бұдан басқа 32 көпбейінді орталық аудандық аурухананы (2024 жылы – 7, 2025 жылы – 25) жаңғырту жоспарланып отыр. Онда инсульт орталықтары, кардиология, жан сақтау және оңалту бөлімшелері ашылып, олар КТ, МРТ, УДЗ, ӨЖЖ аппараттарымен жарақтандырылмақ. Сонымен қатар ауылдық денсаулық сақтау объектілері үшін 1 100 медицина қызметкерін даярлау жүзеге асырылатын болады.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов баяндама жасады.

Премьер-Министр биыл құрылысы басталатын медициналық нысандардың барлығына дерлік жер бөлінгенін атап өтті. Тек Ұлытау облысында ғана аталған жұмыстар жалғасуда.

«Әкімдік жер учаскесін бөлу жұмыстарын бір апта ішінде аяқтауы тиіс», — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы 1 сәуірге қарай алғашқы көмек көрсету объектілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау, 1 мамырға дейін көпбейінді аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу және қайта жаңарту үшін құжаттаманы әзірлеу қажеттігін айтты. Құрылыс маусымы басталғаннан кейін барлық өңір жобаларды іске асыруға кірісуі керек.

Оған қоса Премьер-Министр жоспарланған шараларды уақытылы іске асыру үшін құрылыс учаскелеріне дейін инженерлік коммуникациялар мен жолдарды жедел жүргізу, мердігерлермен шарттар жасасу керектігін айтты.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, жаңа медициналық нысандарды кадрлармен қамтамасыз етуді алдын ала қарастырып, оларға әлеуметтік қолдау шараларының толық пакетін ұсыну қажет.

«Тағы да атап өтемін, Ұлттық жобаны іске асырудың әрбір кезеңін жобалық басқару жүйесі шеңберінде тұрақты бақылауға аламыз», — деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар кеңесте елімізде өндірілген дәрі-дәрмектердің ішкі нарықтағы үлесін 50%-ға дейін жеткізу жөніндегі шаралар қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін республиканың фармацевтикалық және медициналық өнеркәсібін дамыту, ғылыми және кадрлық әлеуетті арттыру, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және жалпы фармацевтикалық секторды цифрландыру бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Осы орайда бірлескен кәсіпорындар ашу және әлемдік фармацевтикалық индустрияның жетекші компанияларының өндірістерін локализациялау бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізілуде. Олардың қатарында Hoffmann-La Roche (Швейцария), Pfizer (АҚШ), Novo Nordisk (Дания), Takeda (Жапония), SK Plasma (Оңтүстік Корея) және т.б. бар.

Кеңесте Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының басшысы Марина Дурманова өз ұсыныстарын айтты. Ол медициналық өнімдерді жеткізушілер мен бірыңғай мемлекеттік сатып алушы арасындағы ұзақ мерзімді шарттарды ұзарту, баға белгілеу, салық салу, таңбалау, арнайы экономикалық аймақтар мен фармацевтикалық кластерлер құру, отандық препараттар мен медициналық бұйымдарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету, кредиттік ресурстарға қолжетімділікті кеңейту, экспортты қолдау және т.б. мәселелерді қозғады.

Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрлігіне айтылған ұсыныстарды талдап, оларды Елімізде өндірілген дәрі-дәрмектердің ішкі нарықтағы үлесін 50%-ға жеткізу бойынша жол картасында ескеруді тапсырды.

Талқылауды қорытындылай келе, Үкімет басшысы соңғы бірнеше жылда Қазақстанның фармацевтика саласы тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті: шығарылатын препараттардың ассортименті кеңейіп, көлемі ұлғаюда. Алайда олардың ішкі нарықтағы үлесі баяу өсуде, қазіргі көрсеткіш – 28%.

«Яғни, біз дәрі-дәрмек өндірісін жыл сайын тұрақты түрде өсіруіміз қажет. Осыған байланысты фармацевтикалық кәсіпорындардың барлығына ревизия жүргізу керек. Біз олардың даму әлеуетін және қуатын арттыру мүмкіндіктерін нақты білуіміз керек», — деді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар Ә. Смайылов өмірлік маңызы бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бойынша ұзақ мерзімді шарттар жасасудың маңызын атап өтті.

«Онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған препараттарға ерекше назар аудару керек. Ол үшін алдағы жылдарға қажеттілікті ескере отырып, осындай дәрілік заттардың тізбесі бекітілуі тиіс», — деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр қаралған шаралардың барлығы 2029 жылға дейін тиісті Жол картасында көрсетіліп, оны бір ай мерзімде бекіту керек деп түйіндеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу