ЕАЭО елдерінің экспорт агенттіктері арасындағы меморандум одақ әлеуетін дамытуда ауқымды рөл атқарады

ЕАЭО-қа қатысушы елдердің экспорт агенттіктері арасында меморандумға қол қойылуы одақтың әлеуетін одан әрі дамытуда ауқымды рөл атқарады. Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі Алқасының мүшесі Вероника Никишина Астанада жыл сайын өтетін «Еуразия аптасы» форумының аясында осындай пікірін білдірді.

«Бұл форумды Астанада екінші рет өткізіп отырмыз, «экспортты қолдау» бағытындағы жұмыстар аясында біз нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Экспортты қолдау қажеттігі туралы ғана айтып отырған жоқпыз, бүгін одаққа қатысушы елдердің экспорт агенттіктері арасында Меморандумға қол қою арқылы экспортты қолдаудың негізгі іргетасын қаладық, ол бірлескен қаржы құралдары түрінде болады деп үміт артып отырмыз»,  - деді В. Никишина.

Ол форум шеңберінде өтіп жатқан шаралардың да ЕАЭО әлеуетін одан әрі дамытудағы негізгі бағыттарды айқындауға септігін тигізетінін атап өтті.

«2017 жылы «Еуразия аптасы» форумының мақсатты тақырыбы ЕАЭО-ның экспорттық және инвестициялық әлеуетін дамыту үшін мүмкіндіктер тудыру болып табылуы бекер емес. Форум алаңында төрт еркіндікті: тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күшінің, және ең бастысы осы ағымдардың ақпараттық байланыстырушысының бәсекеге қабілеттілігі мен оларды дамыту мәселелерін талқылауға арналған шаралар өтіп жатыр», - деді Вероника Никишина.   

Еске салайық, бүгін «Еуразия аптасы» форумы аясында ЕАЭО қатысушы елдердің экспорт агенттіктерінің өкілдері ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, ол одақ елдеріндегі бірлескен кәсіпорындарды қолдау бойынша күш-жігерді біріктіруге бағытталған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу