АХҚО мен Kazakh Invest Қазақстанның Ұлыбританиядағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

Бүгін Лондон Ситиде қазақстандық-британдық инвестициялық форумның шеңберінде Ұлыбританияның мемлекеттік және іскерлік топтарының өкілдері үшін Қазақстанның және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру өтті.

Инвестициялық форум Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігінің қолдауымен Лондон Сити Корпорациясымен және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен ұйымдастырылған.

Форумда Ұлыбританиядағы Қазақстан елшісі Ерлан Ыдырысов, ҚР-дағы Ұлыбритания елшісі Кэролин Браун, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев, сондай-ақ Лондон Ситидің лорд-мэрі Эндрю Пармли және Ұлыбританияның Премьер-министрінің Қазақстан бойынша сауда елшісі баронесса Николсон сөз сөйледі.

Форумда сөз сөйлеген Ерлан Ыдырысов атап өткендей, 25 жылдық тарихи мәртебесі бар Қазақстан мен Ұлыбританияның арасындағы ынтымақтастық стратегиялық әріптестік деңгейіне шықты.

«Берік сенімді қатынастарды негізге ала отырып, біздің елдеріміз АХҚО құру және дамыту, ҚР ұлттық компанияларды жекешелендіру, «Бір белдеу - бір жол» қытай бастамасы аясындағы өзара іс-қимыл сияқты басым жобаларды іске асыруда белсенді өзара әрекет етеді», - деді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі.

Кэролин Браунның айтуынша, британдық мамандар қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті.

«Халықаралық сенім – «Астана» Халықаралық қаржы орталығының табыс кілті. Ұлыбританияның немесе басқа елдердің, экономиканың әр түрлі секторларының инвесторлары Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндігін неғұрлым көбірек қарастыратын болса, оларға қажетті қаржы және заң консультацияларын ұсынуда АХҚО соғұрлым маңызды рөл атқаратын болады», - деді К. Браун.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов өз сөзінде атап өткендей, қаржы орталығының алаңында инвесторлар үшін бірқатар артықшылықтар қарастырылған, олар инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар тудыруға және Қазақстанға қаржы тартуға ықпал етуі тиіс.

«АХҚО-да Батыс және Шығыс елдердің арасында сауда-қаржы ағындарын қамтамасыз ететін Еуразия қақпасы болуға барлық мүмкіндіктері бар», - деді Қ. Келімбетов.

«Kazakh Invest» басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев проактивті тәсіл, басымдықты салалар бойынша, әлемнің өңірлері мен елдері бойынша таргеттеу сияқты әлеуетті инвесторлармен жұмыс жасаудағы компанияның жаңа тәсілдерін таныстырды.

«Ұлыбританиядан Қазақстанға жинақталған тікелей инвестициялардың көлемі 12 млрд АҚШ долларынан асады. ҚР Ұлттық инвестициялық стратегиясына сәйкес, Ұлыбритания инвестицияларды тарту тұрғысынан басым елдерге жатады, бұл мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Б. Қанешев.

Делегацияның Ұлыбританияға сапарының қорытындылары бойынша Қазақстандағы Британия сауда палатасымен және Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Сапар шеңберінде сондай-ақ Қазақстанда бизнестерін жүргізетін, сондай-ақ қазақстандық нарыққа ену жоспарлары бар компаниялармен «Kazakh Invest» кездесулер өткізді, олар: Aggreko, Metalysis, Sentinel, William Hare, ConnectIreland, International Development Ireland және т.б.

Анықтама: Лондонның Сити қаржы орталығы исламдық қаржыландыру, қаржы технологиялары, «жасыл» қаржы және жалпы құқық сияқты көптеген салаларда ауқымды білімге және тәжірибеге ие. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу