АХҚО қазақстандық қаржы жүйесінде цифрлық технологияларды дамытуға көп көмегін тигізеді

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Әсел Жиенбаева қазақстандық қор жүйесінде цифрлық технологияларды дамыту туралы айтып берді.  

Әсел Жиенбаева қаржылық технологияларды ілгерілету және оларға дамуға мүмкіндік беретін экожүйені құру АХҚО-ны дамытуға бағытталған бес стратегиялық бағыттардың біріне жауап беретінін мәлімдеді. 

Ол қаржылық технологиялар негізінен банктер мен өзге де қаржы мекемелері басым салаларда қызметтерін бастайтын стартаптармен ұқсастырылатынын атап өтті. 

Қазіргі таңда қаржы саласына арналған технологиялық шешімдер нарығы қарқынды даму сатысында тұр. Бүгінде FinTech-индустрияға жаһандық инвестициялар көлемі жылына 25 миллиард доллар шамасында — ірі консалтингтік компаниялар осындай баға береді.     

Соңғы жылы қаржылық технологиялар компанияларының саны 8 000-ға дейін, криптовалюталар саны 800 түрге дейін артты, іске қосылған криптобиржалардың саны 110-нан асады. Бұл қарқынды өсім екпінді өзгерістердің платформасына айналады. Осыған орай, АХҚО жаңа қаржы технологиялары-шешімдерін ілгерілетуді және оларды дамытуға мүмкіндік беретін қолайлы экожүйені құруды көздейді.  

АХҚО-да Қазақстанда қаржылық технологияларды дамыту аясында негізгі 3 міндет анықталды: криптовалюталар нарығын реттеу бойынша, қаржы технологиялары саласында жаңа технологияларды дамыту, тестілеу және қолдау үшін реттеу "жәшігін" құру және Қазақстанда қаржы технологиялары стартаптарын қолдауға жағдай жасау бойынша міндеттер. 

Оның айтуынша, АХҚО инновациялық шешімдерді, әлем бойынша жаңа идеяларды жинақтаудың бірыңғай орны және қаржылық технологияларды дамыту тұрғысынан дүниежүзілік компаниялардың өзара іс-қимыл платформасына айналуы тиіс. Қаржылық технологиялар бойынша жаңа инновациялық шешімдерді әзірлеу мен идеяларды ынталандыру үшін АХҚО базасында бейінді стартаптар үшін акселерациялық бағдарламасы бар хабты құрып, іске қосу жоспарланып отыр. 

АХҚО-ның қаржылық технологиялар хабы жаңа буынның төлем жүйесі, онлайн несиелендіру (Р2Р платформалары), блокчейн және криптовалюта, қауіпсіздік пен биометрлік сәйкестендіру, робо-эдвайзинг, қаржылық қолжетімділікті арттыру және жасанды зерде секілді жеті технологиялық бағытты зерттеп, дамытуға бағытталған. 

Сондай-ақ, АХҚО-ның қаржылық технологиялар хабының қатысушылары тіркеліп, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап реттеу "жәшігінің" — арнайы реттеу режимінің (Fintech Regulatory Sandbox) қатысушылары бола алады.

Мамандандырылған реттеу "жәшігі" қаржылық технологиялар компанияларына және өзге де қаржы институттарына өздерінің инновациялық өнімдері мен шешімдерін қаржы саласында тестілеп көруге мүмкіндік береді.

Бүгінде Ресейдің, Ұлыбританияның, АҚШ-тың, Таиландтың, Гонконгтың, Қытай мен Бельгияның компаниялары аталған "жәшікке" қызығушылық танытты.

Анықтама: 

Қаржы технологиялары (ағыл. FinTech) — қаржы қызметтері нарығындағы делдалдар мен банктер түріндегі дәстүрлі қаржы ұйымдарымен бәсекелесу үшін технологиялар мен инновацияларды пайдаланатын компаниялардан тұратын сала. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу