Біз халық арасында аса сұранысқа ие тауарлардың дамуын таргеттейміз — «ҚИДИ» АҚ өнеркәсіпті дамыту туралы

«Қарапайым заттар экономикасының» несиелендіру бағдарламасы аясында өңдеу өнеркәсібі саласында 250 тауар атауын қолдауға 400 млрд тг қарастырылған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында «ҚИДИ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Ахметов мәлімдеді.

Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы аясында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша тауарлардың нақты тізімі анықталды.

 

«ҚИДИ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ш. Ахметовтың айтуынша, тауарлар көптеген белгілеріне байланысты мұқият іріктелді, ең алдымен, тауарлар қазақстандықтар күнделікті тұтынатын немесе пайдаланатын заттар санатында болып, жоғары импорттық құрауышы болуы тиіс еді.

«Айқын оң әсерін алу үшін, Үкімет тауарлардың нақты тізімін анықтады. Осылайша, біз тек жалпы өңдеу өнеркәсібі өндірісінің дамуын ғана емес, сондай-ақ халық арасында сұранысқа аса ие тауарларды таргеттейміз. Бүгінде бұл өңдеу өнеркәсібі саласының 250 тауары», — деді Ш. Ахметов. 

Несиелендіру тетігіне екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) қосылған, бүгінде сегіз банк аталған бағдарламаға қатысуға ниет білдірген. Оған қоса, қызығушылық танытушы банктердің тізімі ұлғаятын болады, себебі кәсіпкерлерге де, ЕДБ-ге де жеңілдікті шарттар ұсынылып отыр. Мемлекет субсидияларымен есептегенде бизнеске арналған түпкілікті мөлшерлеме 8% құрайды. Банктен бизнеске максималды мөлшерлеме 15% аспайды, оның 7%-ын мемлекет субсидиялай алады.

«Бүгінгі таңда нарықта жұмыс істейтін бизнестің басым бөлігі қайта несиелендірілген, кепілдендіруді қамтамасыз етуге қатысты мәселе бар, сондықтан біз кепілдендіру тетігін ұсындық. Біздің мәліметтеріміз бойынша, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған бизнестің басым бөлігі өндірісті қосымша жүктеуді талап етеді, атап айтқанда, айналым капиталын толықтыру қажет. Осы мақсатта біз аталмыш шектеулерді қайта қарастыруды ұсындық, яғни ақшаның 50%-ын инвестициялық мақсаттарға, ал 50%-ын айналым капиталын толықтыруға бағыттауды ұсындық. Бұл орайда, ақшаны басқа бағыттарға жұмсамау үшін айналым капиталын толықтыруда бұрын алынған қарыздарды, салық қарыздарын өтеу үшін пайдаланбау, ақшаны шикізатты сатып алуға, жұмыскерлердің еңбекақысын төлеуге бағыттау ұсынылды, яғни, ақша таргеттелген тауарлардың өндірісіне ықпал ететін нақты нәрселерге жұмсалуы керек», — деп түсіндірді Ш. Ахметов.

Жол карталарын іске асыру орташа мерзімді уақытта өндірілетін тауарларды сатып алуларда жергілікті қамтудың үлесін 50%-дан астамға арттыруға, шығарылатын өнім сапасын көтеруге және контрафактілік өнім көлемін азайтуға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Ұсынылған шараларды іске асыру жыл сайын құрылыс материалдарының, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі өнімдерінің шығарылуын 73 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, «Қарапайым заттар экономикасы» саласында бизнес жобаларды қолдау мен дамыту 2025 жылға қарай 16 мың тұрақты жұмыс орнын құруға, бюджетке 1,1 трлн теңге салық түсімдерін қамтамасыз етуге, өнімдер импортының үлесін 59%-дан 37%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Біз халық арасында аса сұранысқа ие тауарлардың дамуын таргеттейміз — «ҚИДИ» АҚ өнеркәсіпті дамыту туралы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу