Энергетика министрі тұтынушыларды табиғи газды ұтымды, үнемдеп пайдалануға шақырды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді газдандыру мәселелері қаралды. Тақырып бойынша Қазақстанның энергетика министрі Болат Ақшолақов, Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздің елді мекендерін газдандыру туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі халықтың жалпы санының 59%-ын құрады немесе 11,6 млн адам газға қол жеткізді. Жалпы елді газдандыру Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасына сәйкес жүзеге асырылады, ол Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша 2022 жылы жаңартылған болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының елдің солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру мүмкіндіктерін қарау жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Энергетика министрлігі әртүрлі нұсқаларды пысықтап жатыр. Атап айтқанда, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының қуатын ұлғайтқаннан кейін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 2-3-ші кезеңдерін салу арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды жүзеге асыру ұсынылады.

Болат Ақшолақовтың айтуынша, шығыс өңірлерді газдандыру үшін ведомство 2 нұсқаны қарастырып жатыр:

Бірінші нұсқа – «Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен» бағыты бойынша газ құбырын салу, бұл қомақты қаражат салуды, салынған инвестициялардың өтемділігін қамтамасыз ету үшін тұтынушыларға газ тарифтерін ұлғайтуды, сондай-ақ газ кен орындарының жаңа ресурстарын игеруге тартуды талап етеді.

Екінші нұсқа – Қазақстан мен Ресей арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасы шеңберінде Ресей Федерациясынан газ импорты. Бүгінгі таңда «QazaqGaz» «Газпроммен» бірлесіп, «Ресей Федерациясы – Қазақстан Республикасы – Қытай Халық Республикасы» халықаралық газ құбырын салу мәселелерін зерделеу үшін алдын ала ТЭН әзірлеу мәселесін пысықтауда.

Одан кейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов газдандырудың бас схемасын іске асыру туралы айтып берді.

«Бас схеманы қаржыландыру бюджет қаражаты, газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор – “QazaqGaz” компаниясының кірістері және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады. Жобаларды бюджеттен қаржыландырудың ұлғаюы газбен жабдықтау деңгейін 11%-ға немесе 2018 жылдан бастап қосымша 2,6 млн адамға газға қол жеткізуге мүмкіндік берді», — деді энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, биыл 76 жобаны іске асыруға 73,9 млрд теңге қарастырылған, бұл 160 мың тұрғыны бар 55 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2023 жылдың соңында ел бойынша газбен жабдықтау 60% деңгейінде болады деп күтілуде.

Әрі қарай министр газ тасымалдау жүйесі туралы сөз қозғады.

Оның айтуынша, Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы міндеттерінің бірі – магистральдық газ құбырларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуаттарын арттыру мақсатында «QazaqGaz» бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруда. Атап айтсақ:

  1. өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд м3 «Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 2-ші тізбегін салу;

  2. өткізу қабілеті жылына 13,1 млрд м3 «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупингін салу;

3) құны 96 млрд теңгеге Алматы қаласында 2,3-ші жылу электр орталықтарын газдандыру бойынша инфрақұрылымдық жобалар.

Сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен биыл жалпы құны шамамен 75 млрд теңгені құрайтын «Жаңаөзен – Ақтау» магистральдық газ құбырының 4-ші тізбегін және Ақтөбе қаласында 3-ші тізбегін салу басталады.

Оған қоса ағымдағы жылыту кезеңінде елдің оңтүстік және орталық өңірлерін газбен қамтамасыз ететін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» басты газ құбыры жобалық қуаттан артық немесе 106%-ға жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Осыған байланысты елді газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші тізбегін салу қажет.

Одан кейін Б. Ақшолақов газ теңгерімі туралы толығырақ айтып берді.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықта тауарлық газды тұтыну 19,3 млрд м3 құрады, оның ішінде 42%-ы – өнеркәсіп кәсіпорындары, 25%-ы – халық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, 33%-ы – отын-энергетикалық кешендер. 2020 жылмен салыстырғанда газды тұтыну 2 млрд м3-тен астам айтарлықтай өскенін атап өткім келеді. Осыған байланысты министрлік “QazaqGaz” және “ҚазМұнайГазбен” бірлесіп, ресурстық базаны ұлғайту жөнінде бірқатар шара қабылдауда», — деді Болат Ақшолақов.

Атап айтқанда:

Бірінші. Газ жобалары үшін фискалдық преференцияларды көздейтін жер қойнауын пайдалануға жақсартылған модельдік келісімшарт қабылданды.

Екінші. Жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алудың жаңа ынталандырушы формуласы қабылданды, бұл газ кен орындарына инвестициялар тартуды қамтамасыз етеді.

Үшінші. «ҚазМұнайГаз» және «QazaqGaz» ұлттық компаниялары газ кен жатындары мен жаңа кен орындарын игеруге енгізу бойынша Жол картасын әзірледі.

Төртінші. Ірі кен орындарының акционерлерімен газ өңдеу қуаттарын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Сонымен қатар Энергетика министрлігі газ импорты мәселелерін пысықтауда. 

Одан кейін министр газды үнемдеп тұтыну және газды іске қосу кезіндегі кедергілерді азайту туралы айтып берді.

Оның айтуынша, бюрократиядан арылту жөніндегі шараларды іске асыру шеңберінде 2022 жылы министрлік Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Ұлттық экономика министрлігімен, «QazaqGaz» компаниясымен бірлесіп. газ желілеріне қосылу кезіндегі кедергілерді жою бойынша жұмыс жүргізді.

Мәселен, халық үшін қажетті құжаттар саны азайтылды:

  • газбен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарттар алған кезде құжаттар санын 7-ден 4-ке дейін;
  • құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін 14-тен 9-ға дейін қысқартылды.

Бұдан басқа газға қосылу процесін автоматтандыру мақсатында «ҚазТрансГаз Аймақ» электронды сауда алаңын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде, онда тұтынушылар көрсетілетін қызметтердің құнын, олардың рейтингін негізге ала отырып, монтаждау ұйымдарын, жабдықтарды жеткізушілерді таңдай алады.

Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар газ желілеріне қосылу қарқынын арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. 

«Сонымен қатар халықты газдандыру бойынша белсенді жұмыстармен қатар, энергия ресурсы ретінде газды “ұтымды, үнемдеп” тұтыну мәдениетін енгізу қажет екенін атап өткім келеді. Талдау көрсеткендей, елдің жылы аймақтары орташа температурасы әлдеқайда төмен аймақтармен бірдей деңгейде газ тұтынады», — деді Болат Ақшолақов.

Оның сөзінше, 2022 жылы заңнамалық түрде тұтынушылардың 2 жаңа санаты – ірі коммерциялық тұтынушылар және цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар енгізілді. Бұл шаралар өнеркәсіп кәсіпорындарының энергия тиімділігін арттыруға әкеледі. Биыл атаулы әлеуметтік көмек алатын тұтынушыларды қоспағанда, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін газды үнемді тұтыну жөніндегі тетікті енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

Қажетті шаралар бойынша Энергетика министрі Мемлекет басшысының елді газдандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында ведомство газдың ресурстық базасын толықтыру және газ тасымалдау жүйесін жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Бұл тапсырмалар – министрліктің тұрақты бақылауында.

Сонымен қатар өңірлерді газдандыруды одан әрі жалғастыру үшін мынадай қосымша шаралар қабылдау қажет:

  1. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші тізбегін салу қажет. Тиісті ТЭН-ді әзірлеуді бастау ұсынылады;

  2. тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін газды үнемдеп тұтынуды ынталандыру үшін сараланған баға белгілеуді енгізу қажет.

«Энергетика министрлігіне Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен, «Самұрық-Қазына», «QazaqGaz-бен» бірлесіп, осы тетікті әзірлеп, енгізуді тапсыруыңызды сұраймын», — деді министр. 

  1. көгілдір отынға қол жеткізудің ашық тетігін қамтамасыз ету үшін биыл «QazaqGaz-дың» газға қосылу процестерін цифрландыруды аяқтау;

  2. газбен жабдықтау объектілерін жергілікті атқарушы органдардан «QazaqGaz-ға» беру жөніндегі жұмысты жеделдету ұсынылады. 

 

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев тақырып бойынша баяндама жасады.

Оның айтуныша, облыста газдандыру саласында 384 елді мекеннің 294-сі газдандыруға жатады, 147 (50%) газдандырылды, 1,107 млн адам (73,5%) газға қол жеткізді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 2022 жылы жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге 4 жоба іске асырылды.

«2022 жылы жеке инвесторлардың есебінен жүргізілген құрылыс жұмыстары бойынша жеке инвесторлардың есебінен 129 елді мекен газдандырылды», — деді Жамбыл облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Одан кейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тақырып бойынша баяндама жасады.

Оның айтуныша, Облыста Қарағанды және Теміртау қалаларында газ тарату желілерін салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Салынған газ тарату желілері 5 804 жеке тұрғын үйге жеткізілді. Бүгінге дейін жеке тұлғалар үшін 1 300 техникалық шарт берілді, бұл 22%-ды құрайды.

Газбен жабдықтау жүйесіне қосылуды арттыру үшін келесі жұмыстар жүргізілуде:

Біріншіден, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік төлемдер бөлінеді. Бүгінде 102 адам осындай төлем алды. 

Екіншіден, 100 адам пайдаланған Еуразиялық банк және Halyk bank арқылы халыққа пайызсыз кредит беру механизмдері қолданылады.

Үшіншіден, осы жылдың мамыр айынан бастап «Қарағанды облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту орталығы» арқылы ауданы 120 шаршы метрге дейінгі жеке тұрғын үйлер үшін ай сайын 11-12 мың теңге төлей отырып, 5 жыл мерзімге пайызсыз қайтарымды негізде қаражат бөлінетін бөлінеді.

Өңір әкімінің айтуынша, мұның бәрі тұрғын үйлерді газдандыруды едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Әрі қарай Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов бүгінгі Үкімет отырысының екінші мәселесі бойынша баяндама жасады. 

Оның айтуынша, бүгінде 119 газбен қамтамасыз ету нысанының 68-і бойынша тиісті келісімдер алынып, коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткізу бойынша қаулы қабылданды. Оның 48 нысаны ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне қабылдау-беру актісімен өткізілді, қалған 20 нысанды өткізу шаралары жалғасуда.

Бұдан бөлек, 51 нысанның құжаттарын рәсімдеу бойынша тиісті қаражат бөлінген, қазіргі таңда мемлекеттік акт алу, Әділет органына тіркеу жұмыстары жүргізілуде.

«Аталған мәселе тұрақты бақылауға алынып, тиісті жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталатын болады», — деді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу