ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі мұсылмандық киімге тыйым туралы айтып берді

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстандағы деструктивті идеологиялық ағымдардың киімін киюге тыйым туралы мәселеге түсінік берді. 

Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасында адамның бетін тұмшалайтын немесе бетін көруге кедергі келтіретін киім үлгілерін қоғамдық орындарда киюге тыйым салу туралы норма бар. Бұл бірінші кезекте қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан қолға алынбақ, деп атап өтті министр. 

«Бұл жерде әңгіме мұсылмандық киімді киюге тыйым салу туралы болып отырған жоқ. Сөз деструктивті және біз үшін жат идеологиялық және діни ағымдардың атрибуттарын қоғамдық орындарда көпшіліктің насихаттауына тыйым салу туралы болып отыр.  Бұл қандай да бір дәстүрлі дінмен байланысты емес», — деп түсіндірді Н. Ермекбаев.

Никабтар мен хиджабтарға келсек, олар адамның бетін көруге кедергі келтіретін киімдер санатына жатады, деді министр. Айта кетсек, бұл санатқа медициналық маскалар мен құрылыс киімдерінің ерекшеліктері жатпайды. 

«Бұл тұста сөз адамның сыртқы келбетін көруге кедергі келтіретін тұрақты нәрселер туралы. Негізінде, Қазақстанның кез келген азаматы кез келген киімді, оның ішінде діни киімді де киюге құқылы, бірақ екі шартты сақтауы тиіс. Біріншіден, ол адамның сыртқы келбетін тұмшаламауы тиіс, екіншіден, ол көпшілік арасында деструктивті діни немесе идеологиялық ағымды насихаттамауы тиіс», — деді министр.

Журналистердің киімнің ерекшеліктері мен бөліктеріне қойылатын нормалар мен талаптар туралы сауалына министр былай деп жауап берді: 

«Мұның барлығы заңмен реттеледі. Мәселе былай – заң қабылданады, әрі ол заңды жүзеге асыру үшін нормативтік-құқықтық акт қабылданып, онда барлық нақты мәселелер айқын жазылады».

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу