Қазақстан мен Әзербайжан министрлері Астана халықаралық форумы аясында келіссөздер жүргізді

Астанада өткен екіжақты кездесуде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Әзербайжанның энергетика министрі Парвиз Шахбазов өзара экспорттық-импорттық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Келіссөзге қатысушылардың айтуы бойынша, Қазақстан мен Әзербайжан арасында тауар айналымының өсу қарқыны жоғары. 2022 жылдың қорытындысыны сәйкес екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 39%-ға өсіп, $461,9 млн-ға жетті. Биыл да оң динамика сақталып отыр. 2023 жылдың төрт айында тауар айналымы 37,4%-ға артып, $183,8 млн-ды құрады.

Серік Жұманғариннің айтуынша, бүгінде Қазақстан Әзербайжан нарығына құны $304 млн-нан асатын өңделген тауарлардың 110 түрін ілгерілетуді жалғастырып отыр. Қазақстандық өндірушілердің шетелге шығуына ҚР Сауда министрлігі және «QazTrade» АҚ жетекшілігімен сауда-экономикалық миссиялар көмектесіп келеді. Осылайша, осы жылдың сәуір айындағы іссапар нәтижесінде Бакуде жалпы сомасы $55 млн-ға экспорттық келісімшарттар жасалды. Қол жеткізілген уағдаластықтарды жалғастыра отырып, тараптар «KazakhExport» ЕСК» АҚ қаржылық және сақтандыруды құралдарын пайдалана отырып, Әзербайжанға жеті қазақстандық локомотив жеткізуді талқылап жатыр. 

«Біз қазақстандық жүктерді Әзербайжанға жеткізу үшін көлік шығындарын өтейміз. Біз өз тарапымыздан экспортты ілгерілету шеңберінде қазақстандық өндірушіге, импорттаушыларға осы мәмілені өзара тиімді шарттарда жасауға көмек беруге дайынбыз», — деді С.Жұманғарин.

Қазақстан Әзербайжаннан еліміздің батыс аймақтарына жеміс-жидек пен көкөніс жеткізуге мүдделі. Бұл үшін әзербайжандық бизнес «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы аумағындағы «Азерсун» өндіріс және логистика орталығының қуатын пайдалана алады.

Келіссөздер барысында тараптар Баку – Тбилиси – Джейхан құбыры арқылы қазақстандық мұнай экспортын ұлғайту және Транскаспий дәлізі арқылы жүк тасымалдаушылар үшін тұрақты тарифтерді белгілеу мәселелерін де қозғады.

Әзербайжанның энергетика министрі Парвиз Шахбазов атап өткендей, Қазақстан мен Әзербайжан энергетика саласындағы табысты ынтымақтастықта және өзара келісімдерді жүзеге асыруда.

«Қазақстаннан Әзербайжанға ай сайын шамамен мұнай шикізатының 12-14 танкері келеді. Жыл соңына дейін біз 1 млн 150 мың тонна деңгейінде мұнай шикізатын жеткізу жөніндегі келісімдердің орындалуын күтеміз. Бұл салада пайдалануды қажет ететін үлкен әлеует бар», — деп түйіндеді сөзін Парвиз Шахбазов.

#Сауда #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу