Сауда және интеграция министрлігі: Қазақстанда көкөніс бағасы төмендей бастады

Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасы 0,3%-ға төмендеді. Бұл - Үкіметтің осы жылғы ақпан айының басынан басталған тауарлық интервенцияларының нәтижесі.

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы және оны одан әрі төмендету шаралары қаралды.

«Маңғыстау облысында әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасы қатарынан екі апта бойы төмендеуде (-0,1%). Осы аптада Түркістан облысында да бағаның арзандауы байқалады(-0,1%). Бұл ретте Түркістан облысында түгелге дерлік әлеуметтік көкөністердің, Маңғыстау облысында картоп пен қырыққабаттың бағасы төмендеді. Ел бойынша көкөністерді әлеуметтік бағамен сату нүктелерінің саны интервенцияның бастапқы кезеңіндегі 682-ден 1015-ке дейін өсті. Жалпы, көкөніс бағасының төмендеуі есебінен барлық өңірлер бойынша ӘМАТ бағасының өсуінде баяулау байқалады. Біз барлық ӘКК-лерге осы сауда нүктелерімен шартты ұзартуды ұсынамыз, содан кейін келесі маусымаралық кезеңде әрбір өңірде баға саясатына әсер ететін сауда нысандарының базасы болады», — деп атап өтті СИМ Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков.

Бір апта ішінде ӘМАТ бағасының жалпы индексі 0,1%-ға өсті, бұл жыл басынан бергі рекордтық төмен деңгей болып отыр (2022 жылдың сәйкес аптасында бағаның өсуі 5,6% деңгейінде тіркелді). Бағаның көтерілуі ӘМАТ-тың жалпы себетіндегі сүт өнімдері (сары май, айран, сүзбе, сүт) бағасының біршама өсуіне байланысты. Сауда және ауыл шаруашылығы министрліктері сүт өнімдерін өндірушілермен жедел кеңестер өткізіп, соның арқасында қолданыстағы бағаларды сақтау бойынша келісімдерге қол жеткізді.

Сондай-ақ кеңесте өңірлердің күзгі егінге қатысты келісімшарт жасау жұмысының барысы талқыланды. Бұл келісімшарттар ӘМАТ бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың жаңа үлгілік қағидаларына сәйкес осы жылдың 1 ақпанына дейін жасалуы тиіс еді. Сауда комитеті тарапынан күзгі пиязды 62-70 теңгеден, ал көктемге дейін сақтауды есепке алғанда 90 теңгеден келісімшарт жасау ұсынылды.

«Жүйелі әрі өте белсенді жұмыс істеу керек, басқа жол жоқ. Бүгінде күзде қалыптасқан қорларды брондаудың нәтижелерін көріп отырмыз, маусымаралық кезеңде алғаш рет көкөніс бағасының төмендеуі байқалды. Және бұл жұмыс жалғасын табуы қажет: көкөніс қоры аз кейбір өңірлер басы артық қоры бар аймақтармен келіссөз жүргізіңіздер, бұл ақпаратты сіздерге Ауыл шаруашылығы министрлігі береді, сөйтіп көкөністерді индикативті бағамен жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Биылғы ерте шығатын және күзгі жиын-терім бойынша келісімшарт жасауды жеделдету керек. Күзден бастап 2024 жылдың көктеміне арналған қорлар қалыптасады. Біз азық-түлік инфляциясын қазіргі деңгейде ұстап, келесі жылға төмен бағамен өнім қорларын құруымыз керек», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу