29 Қазан 2026, 11:54
Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін болашақ экономиканың құқықтық негізі ретінде жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу басталды. Бұл туралы Үкімет отырысында әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді.
Бұл жұмыстың маңызы адам құқықтары мен мүдделеріне, меншіктің тең дәрежеде қорғалуына және азаматтардың, оның ішінде цифрлық ортадағы құқықтық кепілдіктеріне негізделген жаңа Конституцияны жүзеге асыру жағдайында ерекше арта түседі.
«Осыған байланысты біз жаңа Кодексті әзірлеудің келесі басты бағыттарын талқылауды ұсынамыз. Бірінші. Болашақ экономикасын құқықтық қамтамасыз ету. Жеке құқықтың өз тиімділігін дәлелдеген институттарын сақтау, сонымен бірге жаңа экономикалық қатынастарға қатысушылар үшін олардың құқықтарын қорғауды және тәуекелдерді бөлуді қамтамасыз ете отырып, түсінікті әрі мазмұнды ережелерді жетілдіру ұсынылады. Екінші. Меншік құқығын қорғауды және шарттық қатынастардың тұрақтылығын нығайту. Жаңа Конституция меншік нысандарының барлық түрлерін тең қорғауға кепілдік береді. Осы қағиданы дамыту мақсатында меншік иелерінің кепілдіктерін күшейту, адал сатып алушылардың құқықтарын қорғау және шарттық міндеттемелерді орындаудың сенімділігін нығайту ұсынылады. Үшінші. Шарт еркіндігі және жария-құқықтық тетіктерді азайту», — деді әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Оның сөзінше жеке қатынастарды реттейтін заңнамада айналым қатысушыларының мүмкіндігін шектейтін, шарттық қатынастардың мазмұнын дербес айқындайтын императивтік нормалардың біршама саны бар. Сондықтан жаңартылған Кодекс қабылдауға жеңіл әрі шамадан тыс жүктемелерсіз болуы тиіс. Жаңа Кодексті әзірлеу қолданыстағы заңнаманы, сот практикасын және жаңа конституциялық ережелерді кешенді талдауға негізделуі тиіс.
«Бұл жұмысты депутаттық корпуспен, ғылыми қоғамдастықпен, тәжірибелі заңгерлермен, бизнес өкілдерімен және сарапшылармен бірлесіп жүргізуді ұсынамыз. Сонымен қатар мемлекеттік органдар Әділет министрлігімен бірлесіп, Жолдаудан туындайтын тапсырмаларды талдап, тиісті заң жобаларын 2027 жылға арналған Заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізуі тиіс», — деді әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Жаңа Кодекс азаматтардың құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз ететін және экономиканы одан әрі дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастыратын жаңа Конституцияның ережелерін жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі болуы қажет.
#Мемлекет басшысының Жолдауы #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу