ҚР ДСМ ауылдық елді мекендер үшін автобус базасында 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алуды жоспарлап отыр

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруда денсаулық сақтау жүйесінің шаралары қаралды.

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау секторы үшін 11 міндетті анықтап берді. Үкімет отырысы барысында денсаулық сақтау министрі А. Цой оларды іске асыру жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын баяндады.

Осы бағыттардың ішінде маңыздыларының бірі — коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимылға тартылған медицина қызметкерлерін материалдық ынталандыру. Денсаулық сақтау министрі А. Цой медицина қызметкерлерін материалдық ынталандыру тетігі пысықталғанын атап өтті. 

«Ынталандыру үстемеақыларын төлеу 2020 жылдың соңына дейін жалғасады. Наурыздан шілдеге дейін ынталандыру төлемдері тәуекелдің үш тобы бойынша жалпы сомасы 59,6 млрд теңгеге жүргізілді. Қосымша 150 млрд теңге бөлінеді. Тиісті есептер Қаржы министрлігіне енгізілді», — деді А. Цой.

Министрдің айтуынша, биыл наурыз айында 3,9 млрд теңге сомасына 23,1 мың қызметкерге, сәуірде 8,2 млрд теңге сомасына 47 мың қызметкерге; мамыр айында 9,3 млрд теңге сомасына 44,3 мың қызметкерге, маусымда 13 млрд теңге сомасына 57,2 мың қызметкерге, шілдеде 25,2 млрд теңге сомасына 81,3 мың қызметкерге төлем жасалды.

Мемлекет басшысы дәрігерлер мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерінің жалақысын биылдан бастап кезең-кезеңімен арттыру және 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу міндетін қойды.

«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заң жобасында аталған шығыстар көзделген. 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге бағытталған шығыстардың жалпы сомасы 2021 жылы 222,3 млрд теңгені, 2022 жылы 361,7 млрд теңгені, 2023 жылы 557,5 млрд теңгені құрайды», — деді А. Цой.

Денсаулық сақтау жүйесінің алдына қойылған үшінші міндет — тиімділігі дәлелденген дәрілік препараттарға халықтың қажеттілігін ескере отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес отандық фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту. А. Цой бұл бағыттағы ұсыныстардың пысықталып жатқанын атап өтті.

13 жаңа инфекциялық аурулар ауруханасын салу бойынша қазіргі уақытта өңірлердің әкімдіктері 12 модульдік инфекциялық аурулар ауруханасын салудың және оларды биыл қазан айында пайдалануға бере отырып, бір аурухананы қайта жаңартудың белсенді фазасына кірісті.

«Бұл жұмыс пандемияның екінші толқынына дайындық шеңберінде жүргізілуде және халыққа уақтылы және сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылған қосымша 2 700 инфекциялық төсек-орын дайындалады. Жұмыспен қамтудың жол картасы және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен қаржыландырылады», — деді А. Цой.

2025 жылға қарай өңірлерде МЖӘ есебінен қазіргі заманғы 20 ірі медициналық орталық құрылады. Бұл халықаралық сапа талаптарына сәйкес халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің барлық спектрін көрсететін, сондай-ақ төсек қорын 50%-ға жаңартуды қамтамасыз ететін көпбейінді ауруханалар болады. Шамамен 1,5 трлн теңге инвестиция тартылады. Сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес, осы жобаларды іске асыруға арналған «Turar Health» ұлттық операторын құру туралы Үкімет қаулысының жобасын енгізіледі.

Мемлекет басшысы қойған алтыншы міндет ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға қатысты болды.

Министрдің айтунша, 2021 жылғы желтоқсанның соңына қарай Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 500 төсек-орындық инфекциялық аурулар бойынша 2 көпбейінді ғылыми-зерттеу орталығы салынады. Бұл қазіргі және болуы мүмкін эпидемиологиялық қауіпке уақтылы ден қоюға, ғылыми-техникалық әлеуетті шоғырландыруға, сондай-ақ инфекциялық қауіпсіздікті сақтау жөніндегі үздік әлемдік практикаларды ел өңірлеріне таратуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ мемлекет басшысы медициналық-санитариялық алқашқы көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды тапсырды.

Тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Министрлік Қазақстан Республикасында медициналық-санитариялық көмек көрсетуді жақсарту жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған тиісті жоспарды әзірлейді, оған медициналық-санитариялық алғашқы көмектің, ең алдымен, ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту жөніндегі ісшаралар кіреді.

Фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету бөлігіндегі тәсілдерді қайта қарап, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және кадрлармен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау жоспралануда.

Медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту тетіктерінің бірі шалғайдағы өңірлер үшін көлік медицинасын одан әрі дамыту болады.

«Ауылдық елді мекендер үшін автобус базасында 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынады. Қолда бар ЖМК паркі есепке алына отырып, аудандық ауруханалардың қажеттілігі 100%-ға қамтамасыз етіледі», — деді А. Цой.

Сондай-ақ 2020 жылы жедел медициналық жәрдем қызметін «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы отандық өндірістің қазіргі заманғы санитариялық автокөлігімен жарақтандыру жоспарлануда. Жалпы 1167 бірлік жеткізіледі.

Денсаулық сақтау министрлігі өңірлік атқарушы органдармен бірлесіп, медициналық ұйымдардың жарақтандырылуы мен инфрақұрылымының кешенді аудитін жүргізеді. Аудит нәтижелері бойынша Үкіметке ұсыныстар енгізіледі және бюджеттік өтінім қалыптастырылады. Ауылдық денсаулық сақтауға ерекше басымдық беріледі (фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаторияларды салу және оларды жөндеу қажеттілігін айқындау).

Денсаулық сақтау саласындағы кадр саясатының ұзақ мерзімді болжамы (10 жылға) әзірленеді, сондай-ақ эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты қажетті медициналық мамандықтарды даярлау ұлғайтылады.

Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндеттердің бірі отбасында баланың болмауы мәселесін шешу. Бұл бағытта «Аңсаған сәби» бағдарламасы шеңберінде 2021 жылдан бастап ЭКҰ өткізу бойынша квоталар саны 7 есеге ұлғайтылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, мемлекеттік бағдарламалардың нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерінің санын қысқарту шеңберінде Министрлік Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізу жөнінде тиісті ұсыныстар енгізеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу