ҚР ИДМ Венадағы Investment Competitiveness Forum-да Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды

26 қазанда, Дүниежүзілік банк ұйымдастырған Investment Competitiveness Forum аясында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуалды құру мен шетелдік инвестицияларды белсенді тарту бойынша жүргізіліп жатқан реформаларды таныстырды.

Форум аясында вице-министр ЮНИДО өкілдерімен өнеркәсіптік даму және бірлескен жобаларды іске асыру бойынша кездесу өткізді.  

ЮНИДО — қызметтері еңбек өнімділігін арттыру арқылы кедейлікпен күреске бағытталған, Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі. БҰҰ-ның жалпы жүйесі аясында, мүше мемлекеттермен ынтымақтастықта, ЮНИДО барлық дамушы елдердің өнеркәсіптік дамуына көмек көрсетуге жауап береді. ЮНИДО-ның орталық мекемелері Венада орналасқан, дегенмен Ұйым әлемнің барлық жерінде қызмет етеді.  

Кездесу барысында қатысушылар ЮНИДО тарапынан қазақстандық мемлекеттік бағдарламалардың сараптамасына қатысты мәселелерді талқылады. Ұйым өкілдері Стратегия-2030-ды іске асыру, сондай-ақ, ШОБ дамыту саласында тығыз ынтымақтастықтың қажеттігін атап өтті.

Бұдан өзге, вице-министрдің Австрия федералдық экономикалық палатасының өкілдерімен кездесуі өтті. Ерлан Хаиров кездесу қатысушыларына Қазақстанда инвесторларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, қабылданған инвест-стратегия, жекешелендіру жоспарлары, МЖӘ, сондай-ақ, АХҚО ашу жұмыстары туралы ақпарат берді.

Өз кезегінде, Австрия тарапы Қазақстан делегациясын австриялық компаниялардың жаңа технологияларымен таныстырып, көлік инфрақұрылымын құру мен ақылды қалаларды дамыту бойынша кеңестерін берді.

Бұдан өзге, Австрия тарапы Астанада өткен «Экспо-2017» көрмесіне ерекше көңіл бөліп, оның тарихи рөлі туралы айтып, келешекте Қазақстан аумағында өтетін ірі шараларға қатысуға ниетті екенін білдірді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу