Әлемдік қауымдастық ЕАЭО-мен ынтымақтастық орнатуға аса қызығушылық танытуда — сарапшы

Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастық орнатуға аса қызығушылық танытуда. Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграцияны дамыту департаментінің директоры Сергей Шухно Астанада өтіп жатқан «Еуразия аптасы» форумы барысында осындай пікірімен бөлісті.

«Еуразиялық экономикалық одаққа көптеген елдер мен халықаралық бірлестіктер қызығушылық танытып жатыр. ЕАЭО елдерінің сыртқы саудасы дамып жатқаны қуантады – бұл өте маңызды көрсеткіш. Жалпы елуден астам ел Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтастық орнатуға ниеттерін білдірді. Қазіргі таңда бізде ынтымақтастық жұмыстары түрлі форматтарда жүргізіліп жатыр – бұл, бірінші кезекте, еркін сауда аймағы туралы келісімшарттар. Осындай алғашқы келісімге Вьетнаммен бір жыл бұрын қол қойылды және күшіне еніп, жұмыс істеп тұр. Қазірдің өзінде бізде осы келісімді жүзеге асыру бойынша нақты нәтижелер бар, сауда өсімі байқалуда. Бұл тек қана Вьетнаммен сауда жүргізу емес, сонымен қатар АСЕАН елдерінің нарығына шығу жолы», — деді С. Шухно.

Оның айтуынша, қазіргі таңда еркін сауда аймағы туралы келісімдерге қол қоюға байланысты келіссөздер Израильмен, Сербиямен, Сингапурмен, Кореямен және Иранмен жүргізіліп жатыр.

«Мен халықаралық ынтымақтастықтың үшінші елдермен қол қойылған Меморандумдар аясында атқарылған жұмыстар тәрізді форматын атап өткім келіп тұр. Әлемдік қауымдастықтың мұндай ынтымақтастыққа деген аса жоғары қызығушылығын байқадым. Біз Чили, Перу және Моңғолия секілді елдермен келісімдерге қол қойып, жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ, Иорданиямен, Тайландпен және Кубамен Меморандумдар қол қоюға дайын. Географиямыз өте ауқымды», — деді С. Шухно.

Ол, сонымен қоса, осындай форматтың экономикалық саладағы ынтымақтастықта, соның ішінде, өнеркәсіптік саясатта, АӨК-тегі ынтымақтастықта, техникалық және монополияға қарсы реттеу саласында, инвестициялық ынтымақтастықта әсері байқалатынын атап өтті.

Сонымен қатар бүгінгі таңда АСЕАН, Африкалық одақ секілді ірі халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдер әзірленіп жатыр.

«Бұдан өзге, біз ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бір жыл бұрын Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер мырзамен кездесуі барысында ұсынған «Еуропалық одақ – Еуразиялық экономикалық одақ» форумын өткізу туралы идеясын іске асыру бойынша жұмыстарды атқарып жатырмыз. Осындай форумға дайындық пен оны өткізу біздің қарым-қатынасымыздың нығая түсуіне және ретке келуіне ықпал ететініне сенімдіміз», — деді С. Шухно.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу