ҚР БҒМ «Экспо-2017» көрмесінің ғылыми материалдары бойынша интернет-порталды іске қосады

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы аясында министрліктің «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің ғылыми материалдары жинақталатын білім беру ресурсын құру туралы жоспарын айтты.  

«Біз ақпараттық алаң құрамыз. Бұл негізгі білім беру технологиялары орналастырылатын сайт болуы мүмкін. «Экспо» мұрасын жоғалтып алмауымыз керек», — деді Болатбек Әбдірасылов.

Б. Әбдірасыловтың айтуынша, порталдың басты мақсаты — мектеп оқушылары мен білім алып жатқан жастарды бүгінде әлемде қолданыста бар ғылыми жетістіктерге араластыру, тарту. Сонымен қатар Қазақстанда «академиялық еркіндіктің» жаппай енгізілгенін ескере отырып, портал қазақстандық оқытушыларға өздерінің оқыту әдістемелерін жетілдіруге үлкен мүмкіндіктер береді.

Аталған ресурста ғылыми зерттеулерге де, білім беру мақсатында да қызығушылық тудыратын материалдарды топтастыру көзделіп отыр. Онымен қоса, ол тек мектеп оқушылары, мұғалімдер, студенттер, ЖОО-лардың оқытушылары мен ғалымдарға ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның барлық қызығушылық танытқан азаматтарына қолжетімді болады.

Бұдан өзге, Б. Әбдірасылов ендігі Қазақстанның шалғайда орналасқан ауылдарындағы мектептердің де білім беру технологиялары саласындағы жетістіктерге қосылуға мүмкіндіктері болатынын атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу