ҚОҚМ «жасыл экономиканы» дамыту саясатын үйлестіріп, су ресурсы мен балық шаруашылығын басқаратын болады

Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру шеңберінде бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарап келген  «жасыл экономиканы» дамыту саясатына  бақылау жасау және жүзеге асыру, сондай-ақ су ресурстары мен балық шаруашылығын басқару функциялары енді  Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне берілетін болады, деп хабарлады бүгін ҚР  Премьер-Министр Серік Ахметов  ҚР Президентінің «ҚР мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Жарлығын жүзеге асыру мәселесі қарастырылған Үкімет отырысында.

 

«Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінен – жерді мелиорациялаудан басқа, «жасыл экономиканы» дамыту саясатына бақылау жасау және жүзеге асыру, табиғи ресурстарды қорғау және тиімді пайдалануды қадағалау, су ресурсын басқарудың және балық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік саясатын  қалыптастыру қызметтері мен уәкілеттіліктерін алады», - деді С.Ахметов.

Сонымен қатар, ҚОҚМ қарамағына қатты тұрмыстық қалдықтарды жою, қалпына келтірілетін энергия көздерін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мәселелері де кіретін болады.

Бұдан басқа,  Атом энергиясы агенттігі енді Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің құрамына кіреді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ІІМ-нің халықтың көші-қон саласындағы ведомствоаралық үйлестіру, көші-қон   үрдісін реттеу және мониторингтеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлеу, көші-қонды реттеу қызметтері мен уәкілеттіліктері беріледі.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу