Қазақстанда төрт мыңнан астам ерікті өртке қарсы құрылым жұмыс істейді — ТЖМ

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өрт қаупі бар кезеңге дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев, сондай-ақ СҚО, Қарағанды және Қостанай облыстарының әкімдері баяндама жасады.

«Елімізде жыл сайын мыңға жуық орман және дала өрті, сондай-ақ халыққа, мүлікке және табиғатқа қауіп төндіретін 4 мыңдай табиғи жану оқиғалары тіркеледі. Өткен жылғы өрт қаупі бар кезең қауіпсіздік талаптарын бұзу салдарының ауырлығын көрсетті. Еліміздің тек орман қорында 801 өрт болып, 104 мың гектар өрттен жойылды. Тікелей материалдық нұқсан, экологияның зиянын есептемегенде, 20 млрд теңгеден асты», — деді төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі.

Оның айтуынша, өткен жылғы қыркүйек айында Қостанай облысында Басаман және Семиозерный орман шаруашылығының аумағында болған ірі өрт қайғылы мысал болды, нәтижесінде бір адам қаза тауып, 91 тұрғын үй өрттен жойылды. Өрттен келген шығын 18 млрд теңгеден асты, өрт шалған аумақ 39 мың гектардан асты немесе орман шаруашығы аумағының үштен бірін құрады.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының жедел штаб отырысында берген 11 тапсырмасының ішінде 5 тапсырма жүзеге асырылды. Бұл – төтенше жағдайларға дайындықты бағалауға қатысты тапсырмалар, нысандардың өртке қарсы қорғауды күшейту, зардап шеккен аудандардың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру, залалды өтеу, өрт сөндірушілердің жалақысын арттыру. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде бүгінгі таңда орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға дайындығының орташа көрсеткіші – 71%.

Келешекте қалған 6 тапсырманы іске асыру үшін Азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі іс-шаралардың кешенді жоспарының 2023-2027 жылдарға арналған жобасы әзірленді. Мысалы, тапсырмалардың бірі – кадрларды кәсіби даярлауды жетілдіру, ол үшін Азаматтық қорғау академиясының жаңа кешенін салу жоспарланған. Осы мақсатта Көкшетау қаласының әкімдігі 8,7 гектар жер учаскесін бөліп отыр.

Төтенше жағдайлар бірінші вие-министрінің сөзінше, Қазгидрометтің болжамы бойынша алдағы өрт қаупі бар кезеңде температура орташа алғанда +25ºС болып, республиканың оңтүстік, шығыс, батыс бөлігінде температураның +30ºС дейін жоғарлайды. Бұл орман қорында өрт қаупін едәуір арттырады.

«Жыл басынан бері 122 орман өрті тіркелді, өрттің жалпы ауданы – 19 мың га-дан астам, 51 млн теңгеден астам шығын келтірілді. Дала алқаптарында да осындай жағдай қалыптасып жатыр. Мәселен, өткен жылы 111 дала өрті тіркеліп, өрт өткен алаң 55 мың га-ны құрады. Екі адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды, шамамен 500 бас мал өртенді», — деді Ибрагим Күлшімбаев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, минералданған жолақтардың жоқтығы салдарынан даладан орман алқаптарына қарай 127 өрт ауысты, олардың негізгі үлесі жергілікті атқарушы органдардың бақылауындағы ормандарға тиесілі.

Биыл өрт қаупі бар кезең басталғаннан бері екі дала өрті тіркелді, олардың ауданы 780 – га, сондай-ақ 605 тұтану болған, олардың жалпы ауданы – 2 503 га. Өңірлердегі температуралық фонның ұлғаюы және екпінді желдің салдарынан өрттердің тез үлкеюі тұрғын үй секторындағы жағдайды да нашарлататынын айта кету керек.

Құрғақ шөптің тұтануынан болған өрттің тұрғын және саяжай үйлеріне ауысуының 14 жағдайы тіркелді. Мысалы, Петропавл қаласында қамыстың жануы жақын маңдағы жеке тұрғын үйлерге көшкен.

Бүгінгі таңда өңірлер профилактикалық іс-шараларды іске асыруға кірісті. Өртке қарсы қызмет мамандары шаруа қожалықтарын аралауды қайта қолға алып, нұсқамалар өткізуде, ұлттық парктер мен табиғи қорықтарға тексерулер жүргізіп, өрт сөндіру құралдарын түгендеп, алдын алу шараларын түсіндіруде.

Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген арнайы ведомствоаралық жоспар бекітілді. Ғарыштық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірде «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясымен шарттар жасалды. Өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау үшін Ресей және Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелерімен шекара маңы аумақтарында 10 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізу жоспарланған.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қазір өңірлердің орман шаруашылығы мекемелері алдағы кезеңге толық дайын деп айта алмаймыз. Жалпы автоцистерналармен, өрт станцияларымен, мұнаралармен, сорғылармен жарақтандыру деңгейі жеткіліксіз болып отыр. Бұдан басқа орман мекемелеріндегі техниканың 55%-ы тозғандықтан, олар табиғи өрттер жоюға дайын емес. Кейбір өңірлерде табиғатты қорғау және орман мекемелерінің жабдықталуы 50%-дан аспайды», — деді Ибрагим Күлшімбаев. 

 Әрі қарай бірінші вице-министр ТЖМ бөлімшелері жоқ жерде ерікті өрт сөндіру құрылымдарына және ауылдық елді мекендердегі өрт сөндіру бекеттеріне бөлек тоқталды.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда әкімдіктер төрт мыңнан астам ерікті өртке қарсы құрылымын құрды. Өткен жылы еріктілер өртке қарсы мемлекеттік қызметтің күштері мен құралдарын тартпай-ақ, дала өрттерінің 27%-ын ауыздықтады. Сондай-ақ әкімдіктер 591 өрт сөндіру бекетін құрды, олар екі млн-нан астам адам тұратын екі мыңға жуық елді мекенді өртке қарсы қорғайды.

«Болашақта бұл жұмысты жалғастыру қажет. ТЖМ тарапынан оларды техникалық нығайту үшін жергілікті атқарушы органдардың қарамағына 275 өрт сөндіру автоцистернасы берілді. Бүгінгі таңда өрт сөндіру бекеттерінде 768 түрлі техника бар. Осы жағдайды ескере отырып, барлық мүдделі орталық және жергілікті атқарушы орган елдің орман және дала алқаптарындаға тәуекелдердің еңсеруге дайын болуы қажет», — деді Ибрагим Күлшімбаев. 

Талдау көрсеткендей, табиғи өрттердің негізгі себептері мынадай: шамамен 40%-ы – табиғи құбылыстар, ал 50%-дан астамы – адам әрекетінің нәтижесі. Осыған байланысты ТЖМ, полиция және әкімдіктер алдында халықтың және ауыл шаруашылығы ұйымдарының өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауын бақылауды күшейту мәселесі басты мақсатта тұр.

Төтенше жағдай бірінші вице-министрінің айтуынша, әкімдіктер өрт қаупі класын арттыруға уақытылы және жедел ден қою мақсатында ормандарға, орманды алқаптарға кіруді шектеуі қажет. Азаматтармен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керектігі және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары туралы кең түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Қазіргі уақытта ТЖМ аумақтық бөлімшелері барлық елді мекенде аудан және ауыл әкімдерінің өртке қарсы іс-шараларды орындағаны туралы облыс әкімдіктерін хабардар ете отырып, тексеру жүргізуде. Елді мекендердің өрт қаупі бар кезеңге әзір еместігі туралы екі мыңнан астам ескерту берілді.

Сонымен қатар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға тартылатын әуе кемелері үшін су төгетін құрылғыларды сатып алу мәселесі пысықталуда. Заңнамада белгіленген рәсімдер аяқталғаннан кейін су төгетін құрылғылар сатып алынып, жауынгерлік есепке қойылады.

«Қалыптасқан жағдайды және қолда бар деректерді ескере отырып, өңірлер басшылары мен мүдделі мемлекеттік органдар әуе кемелері және өрт техникасына арналған пирстер мен су алуға арналған орындарды, алдағы күндері орманды дала өрттерінің қаупін азайту және күштер мен құралдардың дайындығын қамтамасыз ету бойынша тиімді жұмысқа кірісу үшін өңірлік комиссиялардың отырыстарында мәселені өз тұрғысынан талқылауды, еліміздегі орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі арнайы ведомствоаралық жоспардың іске асырылуын күнделікті бақылауға алуды ұйымдастыруы қажет», — деді төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев.

Әрі қарай экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова өз саласы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы – 30,9 млн га, оның 25,2%-ы – министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарауында, ал қалған 73,7%-ы әкімдіктерге жүктелген.

 

2022 жылы республиканың мемлекеттік орман қорының аумағында 104,5 мың га алқапта 801 орман өрті болды, оның ішінде орманды алқап алаңы – 49,9 мың га. Орман өрттерінің 801 фактісінің 444-і немесе 55%-ы найзағай разрядтарынан, 127 жағдай немесе 15%-ы дала өрттерінің мемлекеттік орман қоры жерлеріне ауысуы нәтижесінде орын алды, анықталмаған себептерден 208 жағдай немесе 26%-ы туындады.

Қостанай, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, соның ішінде «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығында 14,3 мың га, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында 15,2 мың га, «Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 1,6 мың га орман және табиғат қорғау мекемелерінің аумағында үлкен алаңдарда орман өрттеріне жол берілді.

Ірі орман өрттерінің таралуының негізгі себептері:

  • орман иеленушілердің бастапқы кезеңде өрттерді сөндіру бойынша уақытылы шаралар қабылдамауы;
  • өртті сөндіру үшін шалғай, қол жетпейтін жер болуы;
  • дала өрттерінің мемлекеттік орман қоры жерлеріне көшуі;
  • орман күзетінің техникамен және жабдықтармен әлсіз жарақтандырылуы. 

Әрі қарай экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мемлекеттік орман иеленушілердің 2023 жылғы табиғи өрттерге дайындығы туралы айтып берді.

2023 жылы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелері барлық 152 мемлекеттік орман иеленушінің биылғы өрт қаупі бар кезеңге дайындығы бойынша тексерулер жүргізді. Нәтижесінде орман мекемелерінің өрт қаупі бар кезеңге дайындығы орташа деңгейде екені белгіленді. Негізгі себеп – материалдық-техникалық базаның төмендігі және орман орналастыру материалдарына сәйкес бақылау өрт мұнараларының болмауы.

Министрдің мәлімдеуінше, облыс әкімдіктерінің орман мекемелерінің жарақтандырылуы нормативтің 69%-ын құрайды. Министрлікке бағынысты табиғатты қорғау мекемелерінің жарақтандырылуы нормативтің 71%-ын құрайды. 

«Биылғы өрт қаупі бар кезеңге дайындық шеңберінде дайындық іс-шараларының кешені өткізілді. 2023 жылғы өрт қаупі бар кезеңге Қазақстан Республикасының аумағында орман және дала өрттерінің туындау және оларды жою тәуекелдерін азайту жөніндегі ТЖМ-мен бірлескен іс-шаралар жоспары және мемлекеттік орман қоры аумағында табиғи өрттерді сөндіру үшін мемлекеттік өртке қарсы қызметті тарту тәртібі туралы келісім қабылданды», — деді Зүлфия Сүлейменова.

ТЖМ дағдарыс жағдайларда басқару орталығымен өзара іс-қимыл және ақпарат алмасу ұйымдастырылды. Табиғат қорғау мекемелерінің барлық құрылымдық бөлімшесінің қатысуымен жиналыстар өткізілді, өрт қаупі бар кезеңге дайындық және орман өрттерін сөндіру бойынша орман өрт сөндіру қызметтеріне оқыту және нұсқау беру өткізілді.

Мемлекеттік орман иеленушілер орман өрттеріне қарсы күрес жөніндегі өзара іс-қимыл жоспарларын әзірлеп, оларды облыс әкімдіктерінің орман шаруашылығының құрылымдық бөлімшелерімен, ЭТРМ табиғат қорғау мекемелерімен және ТЖМ ведомстволық бағынысты ұйымдарымен келісті.

«Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, орман қоры алаңдарының ғарыштық мониторингі жүзеге асырылуда. Шағын аудандарда орман өрттерін уақытылы анықтау және жою мақсатында 9 облыста 8,8 млн га алаңда авиакүзету орындалуда. Бұл ретте қабылданып жатқан шараларға қарамастан, биыл жалпы ауданы 19,8 мың га-дан асатын 122 орман өрті тіркелді, оның 1,3 мың га – орманды алқап. Өрттер негізінен қамыспен жабылған, өтуге мүмкін емес батпақты жерлерде болды. 

2023 жылы республикалық бюджетті нақтылау кезінде Азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі іс-шаралардың кешенді жоспары шеңберінде келесі қаражат бөлінді:

  • ЭТРМ табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етуге – 8,2 млрд теңге, бұл жарақтандыруды нормативтен 77%-ға дейін, ал 2027 жылға қарай 100%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Биыл қамыспен жабылған, өтуге мүмкін емес батпақты жерлерде өрт сөндіру үшін батпақта жүретін арнайы көлік пен шалғы алу қарастырылуда;
  • өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге – 4,1 млрд теңге. Осы бағытты қаржыландыру 2027 жылға қарай ЕҚТА аумағының 15%-ын қамтуға мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа, осы жылдың 1 шілдесінен бастап орман қорғау мекемелерінің жалақысы лауазымдық жалақыдан 100%-ға артады. Министрлік мемлекеттік орман қоры жерлеріндегі табиғи өрттердің алдын алу бойынша барлық мүмкін шараларды қабылдауда», — деді экология және табиғи ресурстар министрі.

Одан кейін өрт қаупі бар кезеңге дайындық туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров баяндама жасады.

Оның мәлімдеуінше, жыл басынан бері 47,5 га жерде 10 орман өртіорын алған. 65 га алаңда 11 дала өрті тіркелген.

Осы жылдың 7 мамырында Петропавл қаласында 7 га алқапта қамыс өртенді. Қатты желдің салдарынан өрт тұрғын үй секторына өтіп, 9 үй өртенді, 2 үй бүлінді. Күштер мен құралдарды уақытылы жұмылдырылып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімшелерін тартудың арқасында өрттің басқа объектілерге таралуына жол берілмеді. Нәтижесінде 25 үй аман қалды, 40 адам, оның ішінде 9 бала эвакуацияланды, өртке оранған үйлерден 10 газ баллоны, өзге үйлерден 30 газ баллоны шығарылды. Өртті сөндіруге 48 бірлік техника мен жеке құрамның 310 адамы жұмылдырылды.

«Сол жерде зардап шеккен тұрғындармен кездесу өткіздім, оларға колледж жатақханасында орналасу ұсынылды, бірақ олар бас тартты. Қазіргі уақытта зардап шеккендердің барлығы уақытша пәтерге орналастырылды. Оларға жоғалған құжатты қалпына келтіруге көмек көрсетіліп жатыр», — деді Айдарбек Сапаров.

Орман өртінің алдын алу мақсатында осы жылы облыс әкімдігінің орманды дала өртінің алдын алу жөніндегі қаулысы қабылданды, Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерімен шекара маңы аумақтарында табиғи өрт туындаған кездегі өзара іс-қимыл мәселелері бойынша келісім бар.

Өрт қаупі бар маусымға арналған Күштер мен құралдардың өзара іс-қимыл жоспары аясында 52 жедел топ құрылды. 57 өрт сөндіру бекеті құрылды, 488 өрт сөндіру құрылымы бар. Соңғы 2 жылда 285 млн теңгеге 27 мамандандырылған техника сатып алынды. Осы жылға 12 өрт сөндіру модулін сатып алуға 131 млн теңге бөлінді.

«Сонымен қатар бүгінгі таңда минералданған жолақ салу жұмысы аяқталды. Орманды дала өртінің алдын алу және жою мәселесі тұрақты бақылауда», — деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

Одан кейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз өңіріндегі жағдай бойынша баяндама жасады.

«Шынында да, облыс аумағында жолақтарды минералдандыру бойынша жұмыс 25%-ға орындалды. Бұл жолақтардың көп бөлігі өткен жылы күзде өңделген және жақсы жағдайда. Қорғаныс жолақтарын күту өрт қаупі бар кезең аяқталғанға дейін 3-4 рет шөппен толып кеткендіктен жүзеге асырылады», — деді өңір басшысы.

Е. Бөлекпаевтың айтуынша, негізгі жұмыстар осы жылдың мамыр-маусым айларына жоспарланған. Бұл жұмыс – тұрақты бақылауда. Жалпы осы жылға материалдық-техникалық жарақтандыруға 1,5 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. 62 мобильді топ құрылды, олар 95 рейд жүргізді. Өрт қаупі бар кезеңнен өту бойынша жұмыс – ерекше бақылауда.

#ҚР ТЖМ #ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі #Үкімет отырысы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу