ВАК ғылыми жобаларды коммерцияландыру және оларды экспорттық әлеуетке шығару мәселелерін қарады

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Кеңес жұмысына орталық мемлекеттік органдардың, жетекші ғылыми институттардың өкілдері, инновациялық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеушілер, мемлекеттік грант алушылар қатысты.

2016 жылдан бері коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру бойынша 151 жоба бекітілді. 93 бастама іске асырылды, қалған 58-і іске асырылу сатысында, 15 жоба экспортқа шықты. Жобаларды іске асыру аясында 16,4 млрд теңгеге өнім сатылды, оның ішінде экспортқа – 346,7 млн теңге. Төленген салық сомасы 5,2 млрд теңгені құрады. 1 411 жұмыс орны құрылды. Ғалымдардың табысы 5,7 млрд тг құрады. 

Е. Тоғжанов атап өткендей, жобаларды коммерцияландыруға бағытталған гранттардың негізгі мақсаты — технологияларды құру және оларды алғашқы сатылымға жеткізу. Мұның бәрі Қазақстанға экономикадағы ғылымның өзіндік зияткерлік әлеуетін құруға, Ғылым қоры желісі бойынша іске асырылатын ғылыми-техникалық қызметтегі жобаларды ынталандыру шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. 

Атқарылған жұмыс туралы импорт алмастыру саласында мемлекеттік гранттар алған және іске асырған кәсіпорындардың басшылары баяндады. Кейбір заңдарға өзгерістер енгізу қажет екендігі атап өтілді, бұл мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге және зияткерлік әзірлемелерден кіріс алуға мүмкіндік береді. 

Вице-Премьер бейінді министрліктер мен ведомстволардың басшыларына проблемалық мәселелерді пысықтап, оларды шешу бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар енгізуді тапсырды. «Самұрық-Қазына» ұлттық қорына грант алушыларды ұзақ мерзімді тапсырыстармен (оффтейк) қамтамасыз ету мәселесін пысықтау міндеті қойылды. Ғылым қорына коммерцияландыру жобалары үшін бизнес-акселерация бағдарламасын ұйымдастыру тапсырылды. 

Кеңес соңында Ералы Тоғжанов мемлекеттік органдар, грант алушылар мен ғалымдардың алдына бірқатар нақты міндеттер қойды. Олардың ең бастысы – өңдеу өнеркәсібіндегі 5-6 қайта өңдеуге көшу үшін отандық ғылымның әлеуетін тарту.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу