«Экспо-2017» көрмесінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары мен РФ Үкіметі Төрағасының орынбасарының қатысуымен Ресей Федерациясының ұлттық күні аталып өтті

Бүгін 8 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Аркадий Дворкович «Экспо-2017» көрмесі аясындағы Ресей Федерациясының Ұлттық күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты.  

А. Мамин «Ресей - ғаламшардың энергетикалық әлеуеті» атты ұлттық павильонын ұсынған ресейлік тарапты «Экспо-2017» көрмесіне сәтті қатысуымен құттықтады.

«Ресей павильоны мемлекеттің қуатты энергетикалық әлеуеті мен технологиялық мүмкіндіктерін көрсетті», — деп А. Мамин, энергетикалық ресурстардың көлемі бойынша әлемнің бірде-бір мемлекетінің Ресеймен теңесе алмайтынын мәлімдеді.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары «Қазақстан мен Ресей жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудағы ең жаңа технологияларды бірлесіп дамытуы қажет» екенін айтты.

Өз кезегінде, РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары А. Дворкович халықаралық көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және оның қатысушыларына қолайлы жағдайдың жасалғанын атап өтті.

«ТМД аумағында алғашқы «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің Қазақстанда өткізілуі өте маңызды. Қазақстан мен Ресейді достық және стратегиялық қарым-қатынастар байланыстырады», — деді А. Дворкович.

Ол сондай-ақ, «Экспо-2017» көрмесінің «Болашақ энергиясы» деп аталатын тақырыбының өзектілігін және оның «климаттың өзгеру салдарын еңсеру және жаңа энергия көздерін пайдалануды кеңейтумен байланысты» екенін айтып өтті.

«Алдағы 20 жылда әлем халқының саны өсетін болады, демек, әлемдік экономика да сәйкесінше өсіп, өмір сүру ұзақтығы артады. Мұның барлығы сенімді энергиямен қамтамасыз етуді қажет етеді», — деді А. Дворкович. 

«Экспо-2017» көрмесінде 115 елдің және 22 халықаралық ұйымның жаңартылатын энергия көздері саласындағы ұлттық жетістіктері көрсетілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу