Электронды үкімет порталының жұмысы қазір тұрақты - А. Жұмағалиев

Бүгінде елімізде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 80%-дан (565) астамы онлайн түрде алу үшін қолжетімді. 50 мыңнан аса ЭЦҚ қашықтан берілді. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтып берді. 

Төтенше жағдайдың енгізілуіне және ХҚКО-лардың жабылуына байланысты Электронды үкімет порталына жүктеме күрт артты. Бірақ осы жағдайда да портал жұмыс істеп, 1 млн астам электронды қызмет көрсетті. Әдетте порталға сағатына 600 мыңға дейін өтінім келіп түсетін. Төтенше жағдай режимінде қаурыт сағаттарда бұл көрсеткіш сағатына 15 млн жүгінуге дейін өсті.  

А. Жұмағалиев хабарлағандай, 28 наурыз күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электронды үкімет порталы арқылы жәрдемақы алуға өтінім қабылдау қызметін де ұсыну туралы шешім қабылдады. 

«Олар бекіткен регламент бойынша біз осы қызметті іске қостық. Бұл қызметті біздің бағдарламашылар бір түн ішінде жасап шықты. Сіздерге түсінікті болу үшін, қызметті құру және іске қосу үшін орта есеппен бірнеше ай қажет - техникалық құжаттамасын, жобаны әзірлеп, тестілеуден өткізу керек. Біздің мұндай уақытымыз болған жоқ. Таңертең бұл қызмет іске қосылуы тиіс болды. Біз мұны іске асырдық», — деді министр.

А. Жұмағалиев порталдың хакерлердің шабуылына тап болғанын айтты.  

«Біз бұл ақпаратты аса жариялаған жоқпыз, бірақ портал хакерлердің шабуылына тап болды. Кезең-кезеңмен біз бір мезетте 15 млн астам сессияны тіркедік. Бұл белгілі бір мәселелер тудырды, біз проблема болмауы үшін сыртқы арналарды өшіріп тастадық. Хакерлік шабуылдарға тойтарыс берілді, әріптестеріміз бұл жұмысты әлі жүргізіп жатыр», — деді ведомство басшысы. 

42500 теңгені алуға өтінім беру қызметі туралы айтсақ, ол іске қосылған соң адамдар бірқатар проблемалар мен қиындықтарға тап болды. Еңбек министрлігіне оның регламентін өзгертіп, қызмет көрсетудің проактивті форматын іске асыру ұсынылды.  

Бұл процестен міндетті түрде ЭЦҚ пайдалану және басқа да талаптар алынып тасталды. Нәтижесінде, бүгінде 450 мыңнан астам адам жәрдемақы алуға өтінім берді. 76 мыңнан аса азамат төлемнің проактивті тағайындалғаны туралы СМС хабарламаны алды. 238 мың азамат аударым жасау үшін өзінің банк шотының нөмірін (IBAN) жіберу сұралған СМС алды. 

«Бұл азаматтардың барлығы бойынша мәліметтерді өз базасынан бізге Еңбек министрлігі жіберді, біз сосын осындай хабарламалар жібердік. Қазіргі сәтте электронды үкімет порталының жұмысы тұрақталды деп айта аламын», —  деді министр.

42500.enbek.kz сайтының іске қосылуына келсек, бұл жеке бастама. Ол тегін жасалды. 

«Иә, проблемалар болды, бірақ кірушілердің ағымы шынымен көп болды, сондықтан 25 мың деңгейінде шектеу қойылды. Мен Еңбек министрлігіне қол ұшын созып, осы ресурсты жасаған АТ-қауымдастыққа алғыс білдіремін, бұл ресурс жәрдемақы алуға өтінім беру үшін қосымша арнаға айналды», — деді ведомство басшысы. 

А. Жұмағалиев сайттың неліктен адамдар ағымын көтермейтінін түсіндірді, соңғы күндері адамдар оның қызметіне өте көп жүгінген. 

«Көптеген адамдар 18 млн адамға арналуы тиіс порталдың мұндай жүктемені неліктен көтере алмай жатқанын сұрап жазды. Бұл тұста мен түсіндіру үшін техникалық жағы туралы айтамын. Сервер қуаттылығы мен байланыс арналары қаржыны қажет ететін ресурстар. Мемлекет оларды жалға алады. Мәселен, егер портал жүктемесі әдеттегі күндері 10%-ға дейін ғана болса, бұл сатып алынатын ресурстардың 90%-ы пайдаланылмайды дегенді білдіреді. Мұның тиімсіз екенін түсіну үшін экономист болудың қажеті жоқ. Мемлекет үнемі пайдаланылмайтын жобаларға ауқымды қаржы жұмсай алмайды. Төтенше жағдай кезеңінде біз барлық ресурстарды 1 981 ядроға дейін ұлғайтып, 3 291 Гб есептегіш ресурстарды, 266 Тб дейін диск орнын қарастырдық. Алайда мен бірден айта кеткім келеді, жүктеме азайған сайын біз бұл ресурсты да қысқартатын боламыз. Бұл жерде мен байланыс операторларына біздің сұраныстарымызға жедел жауап бергені үшін алғыс айтқым келеді», — деп түсіндірді министр.

42500 төлеу бойынша Телеграм-ботты іске қосуға келсек, бағдарлама жүктемені көтере алмай бұзылып қалды деген ақпарат болды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. 42500 алуға өтінім беруге арналған Телеграм-бот әзірленіп жатыр. 

«Жуырда біз оны іске қосамыз және нақты адресін айтамыз. Бұл жеке бот болады», — деді  А. Жұмағалиев.

Министр сонымен қатар көп шағымға тап болған call-орталықтың жұмысына тоқталды. 

«Сіздер мынаны түсінулеріңіз керек, егер call-орталықтың әдеттегі жүктемесі 25-30 қоңырау болса, қазір ол 600 мың қоңырауға дейін көбейген. Біз қызметкерлеріміздің үйден кеңес бере алуы үшін шешім шығаруға мәжбүр болдық, олар да сондай азаматтар, қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Сall-орталықтың жұмысына біз 2 мыңнан аса ХҚКО қызметкерін тарттық. Сондықтан менің жуырда жариялаған жазбамда сабыр сақтауға шақырдым», — деп түйіндеді А. Жұмағалиев. 

Анықтама: ТЖ жарияланған сәтке дейін операторлар күніне 25-30 мың қоңырау қабылдайтын. Қазір күніне 600 мыңға дейін қоңырау қабылдайды. Байланыс арналары бойынша желілер саны 241-ден 4000 қосуға дейін арттырылды. Шұғыл түрде қосымша 4 АТС станциясы құрылды. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу