ШОБ және жеке тұлғалар үшін жүргізілген салық рақымшылығы 23 млрд теңге салық қарызының өтелуіне ықпал етті - Ә. Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смайылов 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша салық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге қатысты Министрліктің жұмыс нәтижелері туралы баяндады, сондай-ақ алдағы міндеттермен таныстырды. 

Мемлекеттік бюджеттің кірістер бойынша жоспары 101%-ға орындалды немесе жоспардан тыс 76 млрд теңге түсті. Өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда түсімдердің өсімі 14%-ға қамтамасыз етілді және 911 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік бюджетке салық түсімдерінің өсу қарқыны 14% құрады, ол өткен кезеңмен салыстырғанда 886 млрд теңгеге артық.

Серпінде ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы бойынша 282 млрд.теңгеге, корпоративтік табыс салығы 194 млрд теңгеге және еңбекақы қорынан салықтар бойынша 95 млрд теңгеге өскені байқалады. Сондай-ақ кедендік төлемдер де өсті: ЕАЭО-тан қосылған құн салығы бойынша 88 млрд теңгеге және үшінші елдерден ҚҚС 73 млрд теңгеге артты. 

«Келтірілген нәтижелер фискалдық әкімшілендіруді арттыруға бағытталған мемлекеттік кіріс органдарының жұмыс стратегиясы дұрыс екенін білдіреді», — деді Ә. Смайылов.

2019 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің (трансферттерді қоспағанда) нақтыланған болжамы 7 трлн 81 млрд.теңге сомасында айқындалды. 2018 жылдың фактісіне кірістердің өсуі  1 трлн 233 млрд теңгеге немесе 121%-ға болжанып отыр. 

Салықтық әкімшілендіру

ҚР Қаржы министрлігі тәуекелдерді басқару жүйелерін үнемі жетілдіріп отырады, бұл бақылау үшін субъектілерді дәлірек іріктеп, атқарылатын іс-шаралардың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, салық тексерулері бойынша анықталған бұзушылықтар сомасы 129 млрд теңгеге дейін артты. 

Сонымен қатар, камералдық бақылау әдістері де жетілдірілуде. Ағымдағы жылы электронды шот-фактураларды қолдана отырып, камералдық бақылаудың жаңа рәсімдері енгізілді. Қосымша 221 млрд теңге есептелді, 175 млрд теңге өндіріліп алынды.

Сондай-ақ бюджетке салық төлеуді ынталандыру шаралары қабылдануда.

Ағымдағы жылы шағын және орта бизнеске (2019 жылдың қаңтарынан бастап) және жеке тұлғаларға (2019 жылдың тамыз айынан бастап) негізгі қарызды төлеген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жолымен салық амнистиясы жүргізілуде.

Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің 46%-ы амнистияны пайдаланды, олар 13 млрд теңге салық төледі. Олардың 4,4 млрд теңге айыппұлдары мен өсімпұлдары есептен шығарылды. Жеке тұлғалардан 30%-дан астам борышкерлер 10 млрд теңге сомасына негізгі қарызын өтеді. Олардың 2 млрд теңгеге жуық айыппұлдары мен өсімпұлдары  есептен шығарылды. Нәтижесінде бұл жалпы берешекті 5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Кедендік әкімшілендіру

Кедендік әкімшілендіру шеңберінде басты назар тауарларға арналған декларацияның дұрыстығын арттыруға, «сұр» импортты және кедендік статистика бойынша сәйкессіздіктерді қысқартуға аударылған. 

Бүгінде Қытай мен Қазақстанның фискалдық органдары Экспорттық декларациялардан алдын-ала ақпаратпен алмасу туралы жасалған Хаттаманың шеңберінде электрондық байланыс арналары арқылы тиісті жұмысты жасауда. 

Осы жылдың соңына дейін онлайн деректермен алмасу жүзеге асырылатын болады деп жоспарлап отырмыз.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап Шекара қызметімен бірлесіп Ресей мен Қырғызстанмен мемлекеттік шекараның 37 автомобиль өткізу пункттінде экспорттық бақылау күшейтілді. Импортқа қосылған құн салығын толық өндіріп алу үшін көлік пен жүктердің өту мониторингі жүзеге асырылуда.

2020 жылдан бастап мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде тиісті «Экспорттық бақылау» модулін құру жоспарланып отыр.

Цифрландыру

Көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартудың пәрменді құралдарының бірі - салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру. ҚР Қаржы министрлігі ақпараттық жүйелердің кешенін дамыту және интеграциялау арқылы тауарларды қадағалау жүйесін енгізу жұмыстарын жалғастыруда.

««АСТАНА-1» АЖ-де тауарларды декларациялау электронды түрде жүзеге асырылады. Бұл тауарларды кедендік рәсімдеу уақытын кедендік декларациялардың жалпы санының 80%-ы үшін 1 минутқа дейін қысқартты. Бұрын бұл уақыт 24 сағатты құрайтын», — деді Ә. Смайылов.

 «Өнімді таңбалау» АЖ контрафактілік өнімдердіқысқартуға және кәсіпкерлердің арасында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Өткен жылдан бастап алкоголь, темекі және аяқ киімді таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске асырылады. 

«Электрондық шот-фактуралар» АЖ-да 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қосылған құн салығын төлеушілер электрондық шот фактураларды міндетті түрде жазып беруге көшірілді.

Сонымен қатар, осы жылдан бастап басқа да бастапқы құжаттар электронды форматқа көшірілді: электрондық келісімшарттар, орындалған жұмыстардың актілері, олардың негізінде электронды шот фактуралар нысанын автоматты толтыру жүзеге асырылды.

Онлайн-бақылау кассалық машиналарды кеңінен қолдану бойынша азаматтар үшін лотерея ойнату, бизнес үшін онлайн-КKM сатып алған кезде - онлайн-KKM құнына төленген салықтар сомасын азайту арқылы ынталандыру шаралары қабылданды. Сонымен қатар онлайн-KKM есебіне алу және есебінен шығару бойынша қызметтер автоматтандырылды. Фискалдық деректер операторының функциялары бәсекелестік ортаға берілді («Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Картель (Билайн)» ЖШС).

Қазіргі уақытта онлайн-КKM саны жалпы тіркелген КKM санының 95%-ын құрайды.

Жергілікті салықтарды төлеуді оңайлату мақсатында мемлекеттік органдардың деректер базасын «EGOV» электрондық үкімет порталымен және «Каспий Банктің» АҚ-мен интеграциялау жүргізілді. Осылайша, «Каспий Банктің» АҚ-мен интеграция нәтижесінде осы жылдың тек қыркүйек айының өзінде өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда жеке тұлғалардың салық төлемдері 2,5 есеге өсті. 

2020 жылдың басынан бастап, арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықты төлеуден 3 жылдық мерзімге босатылатын болады. Жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнімдерді өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары салықтан босатылмайды. 

Сонымен бірге шағын және орта бизнес субъектілерін 3 жыл мерзімге тексеру жүргізуге мораторий енгізілуде. Кедендік тексеру, қарама-қарсы салық тексеру, қылмыстық іс шеңберінде жүргізіліп жатқан және салық төлеушінің өтініші бойынша өзінің қызметіне қатысты тексерулер алып тасталады.

2020 жылға жоспар

2020 жылы салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында мынадай іс-шаралар жоспарланған: 

  • салық төлеушінің электронды әмиянын енгізу;
  • үш компонентті интеграцияланған жүйені енгізу;
  • патентті қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесін шектеу;
  • Өзбекстанмен шекарадағы өткізу пунктін қайта құруды аяқтау;
  • Қытайдан алынатын займ бойынша 10 өткізу пунктін қайта құруды бастау;
  • ЕАЭО шеңберінде тауарларды қадағалау ақпараттық жүйесін енгізу;
  • Қытаймен экспорттық декларациялардың мәліметтерімен толық алмасу.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу