Экспо мұрасы: Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты баламалы энергия түрлерін енгізу тәжірибесін зерттейді

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Сейітбек Қуанышбаев «Экспо-2017» көрмесінде ұсынылған жаңа ғылыми әдістер мен технологияларды қолдану туралы айтып берді.  

Сейітбек Қуанышбаев атап өткендей, Қостанай облысында Қазақстанда енгізуге іріктелген 105 технологияның 10 жобасын іске асыру жоспарланған.

Атап айтқанда, Арқалық қаласында «ақылды» жарықтандыру және «жасыл» технологиялар сияқты «ақылды» қала жүйесінің элементтерін енгізу жоспарланған.  

«Арқалық қаласындағы баламалы қуат көзін енгізудің алғашқы тәжірибелерінің бірі «Алюминстрой» ЖШС-нің қуаттылығы 3,5 кВт жел генераторлары мен күн батареяларын қолдану болып табылады. Аталған жобалар практикалық пайда ғана емес, сондай-ақ Ы. Алтынсарин АМПИ студенттеріне оқу үдерісінде көмектеседі. Себебі, ЖОО басшылығы мен «Алюминстрой» ЖШС арасындағы әлеуметтік серіктестік туралы меморандум негізінде бұл қондырғылар «Физика» мамандығы бойынша оқитын студенттерге оқу тәжірибелерінен өту базасы ретінде қызмет етеді», — деп атап өтті С. Қуанышбаев.

Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты «Экспо-2017» көрмесі барысындағы бірқатар іс-шараларға, сондай-ақ көрме аясындағы шараларға  қатысы.

«Институттың студенттері мен оқытушылары көрме тақырыптарына қатысты мәселелерге зерттеулер жүргізді. Зерттеу нәтижелері бойынша 15-тен астам ғылыми жұмыстар жарияланып, бір ғылыми жоба орындалды», — деп мәлімдеді ректор.

«Бір мамандық – бір инновациялық аудитория» принципі бойынша оқу үрдісін ресурстық жабдықтауды дамытуға бағытталған ЖООішілік жобаның аясында материалды-техникалық базаны жаңғырту үрдісі басталды.Алғашқы қадамдардың бірі ретінде «Физика» және «Информатика» мамандықтарының студенттеріне арналған «Роботты техника» оқу зертханасының сатып алынуы болды.

Бұдан өзге, 2018 жылы «Экспо-2017» көрмесінде Украина мемлекеті ұсынған зертханаларды автономды электрлі қамтамасыз етуге арналған күн энергиясын электрлі энергияға айналдыратын, терезе жалюздеріне фотоэлектрлі элементтерді монтаждайтын Solar gaps жүйесін сатып алу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, спикер барлық факультеттерде профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерді біріктіретін зерттеу топтары құрылғанын атап өтті. Студенттердің ғылыми жұмыстарын ынталандыру мақсатында жыл сайын институт ректорының грантына ғылыми жобалар байқауы өткізіліп тұрады.

Сонымен қатар институт ғылыми жұмыстарды өткізу, оның ішінде «жасыл» технология мен «ақылды» энергетика мәселелерін жоспарлау аясында Әулие Кирилл мен Мефодий университетімен (Словакия) және Оңтүстік Орал мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойғанын айтты.

«Осылайша, «Экспо-2017» халықаралық көрмесі жасыл экономикаға көшу барысындағы мемлекет экономикасының барлық салалары бойынша әрі қарай даму мен жаңғыртудың бастапқы алаңы болып отыр.  Көрме мұрасын біз және студенттер әрі қарай зерттейтініміз сөзсіз», — деп түйіндеді ректор.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу