11 Наурыз 2025, 16:20
Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көктемгі кезеңге арналған ауа райы болжамының жаңартылған деректерін ұсынды.
Ол 11 наурыздағы жағдай бойынша қар астында жатқан аумақ 71%-ды құрайтынын, дегенмен бұл өткен аптаға қарағанда 15%-ға аз екенін атап өтті. Еліміздің оңтүстігінде: Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, батысында: Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр.
«Наурыз айында температура көтеріліп, жауын-шашын көп болса еріген қар суынан тау өзендерінде тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар қалың, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түседі деп күтіліп отыр. Мысалы, Астанада бірінші онкүндіктің өзінде айлық жауын-шашын мөлшері түсті», — деп мәлімдеді Ерлан Нысанбаев.
Министр сондай-ақ наурыз және сәуір айлары әдеттегіден жылы болады деп күтіліп отырғанын әрі еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын көп түсетінін атап өтті. Бұл көктемнің тез келуіне және су тасқыны қаупінің артуына ықпал етеді.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарында: Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Ұлытау және Абай облыстары бар.
Қауіптілігі орташа өңірлер: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары.
Тасқын қаупі төмен өңірлер: Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары.
#Су тасқыны #ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі #Үкімет отырысы«Биыл Қазгидромет алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Сондай-ақ өткен аптадан бастап Қазгидромет апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгеретін болса «Қазгидромет» ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды», — деп түйіндеді баяндамасын Ерлан Нысанбаев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу