13 Қазан 2026, 16:21
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.
Жиында Ұлттық экономика, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика, Көлік министрліктері басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, тоғыз айдың қорытындысы бойынша сауда көлемінің тұрақты өсімі қамтамасыз етілген. Нақты көлем индексі 106,2%-ды құрап, сауда көлемі 61 трлн теңгеге жеткен, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға жоғары. Көтерме сауда 16%-дан астамға, бөлшек сауда 15%-ға өсті.
«Тоғыз ай қорытындысы бойынша еліміздің барлық өңірінде жақсы көрсеткіш сақталуда. Тауар айналымының 70%-дан астамы Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Атырау және Қарағанды облыстары сияқты бес өңірге тиесілі. Өсімнің ең жоғары қарқынын Түркістан облысы (128,6%), Шымкент қаласы (123%), Алматы облысы (120,5%), Павлодар облысы (118,2%), Солтүстік Қазақстан облысы (116,1%) көрсетті.
Негізгі өсім 10 тауар тобы бойынша қамтамасыз етілді, олар тауар айналымының 70%-дан астамын құрайды. Бұл ретте олардың басым бөлігі – автокөліктер, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнім, сусындар, азық-түлік өнімдері, сондай-ақ құрылыс материалдары сияқты өңделген тауарлар», — деді министр.
Оның айтуынша, сауданың одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін шаралар кешені жүзеге асырылуда. Үкіметтің тапсырмасымен әкімдіктер сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірледі. Дамудың басым бағыттары, инвестициялық жобалар, өсу нүктелері және күтілетін экономикалық әсер 106,5%-дан кем емес көлемде айқындалды. Басты назар сауда инфрақұрылымын кеңейтуге, сауданың заманауи форматтарын дамытуға және тауар айналымын ұлғайтуға аударылуда.
«Отандық өнімді жылжытуға және тікелей өткізу арналарын кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде. 20 қазаннан бастап әрбір тауар санаты мен кіші санатындағы отандық тауарлардың міндетті үлесіне қойылатын жаңа талаптар күшіне енеді. Сауда желілерімен қазақстандық өнімді жылжыту бойынша 72 меморандум жасалды. Жыл басынан бері 5600 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді, бүгінгі таңда ол «Дала дәмі» ортақ атауымен жалғасып жатыр», — деді ол.
Сондай-ақ AgroTrade платформасы тәжірибелік деңгейде пайдаланылуда. Онда көптілді интерфейс пен мобильді қосымша іске қосылған, оған өңірдің бес елінен 600-ден астам қатысушы тіркелді. Платформа арқылы жалпы сомасы $1,5 млн сомаға алғашқы тікелей жеткізілімдер жүзеге асырылған.
Сонымен бірге сауда инфрақұрылымын қолдау жалғасуда. 2025 жылдан бері кредиттік портфелінің сомасы 90 млрд теңге болатын 554 жоба қолдау тауып, 1,7 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Қол жеткізілген серпінді сақтау үшін осы жылға 10 млрд теңге көзделген.
«Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп нарықтар қызметін цифрландыру жөніндегі Бірыңғай цифрлық платформа құрылуда.
«Шикізаттық емес экспорт бойынша да оң серпін сақталуда. Сегіз ай қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспорты 17%-ға өсіп, шамамен $28 млрд-ты құрады. Тауар экспорты 18%-ға артып, $21,5 млрд-қа, қызметтер экспорты 14,1%-ға өсіп, $6,7 млрд-қа дейін жетті. Ең жоғары өсімді мыс және мыс катодтары, күміс, уран, күкірт, мал азығы және күнбағыс майы тауарлары көрсетті. Экспорттаушыларды қолдау шаралары мен экспорт географиясын дәйекті түрде кеңейту жұмыстары жалғасуда», — деді Арман Шаққалиев.
Жыл басынан бері қазақстандық 200-ден астам компанияның қатысуымен 9 сауда-экономикалық миссия өткізілді. Оның қорытындысы бойынша $1,7 млрд-тан астам сомаға экспорттық келісімшарттар жасалды.
Отандық компаниялардың Қытайдағы халықаралық көрмелерге қатысуы қамтамасыз етілді.
Экспорттық-кредиттік агенттік желісі бойынша 570 млрд теңгеден астам қаржылық қолдау көрсетілді. Агенттікті қосымша 50 млрд теңгеге капиталдандыру жүргізілді. Жыл соңына дейін сақтандыру қолдауының жалпы сыйымдылығын 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.
Министрлік сауданың өсуін қамтамасыз ету және жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
#Президенттің тапсырмасы #Сауда #Экспорт #Үкімет отырысы #ӘЭДҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу