Астанадағы жаңа вокзал кешені пайдалануға берілгеннен бастап 2,5 млн астам жолаушыға қызмет көрсетті

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының су және теміржол көлігін дамыту саласында іске асырылуы туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потлов айтып берді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ағымдағы жылғы маусымда Астанада жаңа вокзал кешені іске қосылды. Оны пайдалануға бергелі бері 2,5 млн жолаушыға қызмет көрсетілді.

Теміржол инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша 2017 жылғы қарашада жалпы ұзындығы 112,37 км Алматы — Шу учаскесінде екінші жолдарды салу бойынша жобаны іске асыру жұмыстары аяқталды. Жалпы, жобаны іске асыру учаскенің өткізу қабілетін тәулігіне 17-ден 68 жұп пойызға дейін ұлғайтуға және пойыздардың жүру уақытын 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді.  

Су көлігі саласында «Құрық» портында паром кешені құрылысының екінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Бүгін құрылыс жұмыстарында 759 адам мен 243 техника бірлігі жұмыс жасайды. Ағымдағы жылғы желтоқсанда Индустрияландыру күні аясында Құрық порты бойынша автомобиль паром терминалын тестілік іске қосу жүзеге асырылды. Екінші кезең нысандарының құрылысын аяқтау 2018 жылға белгіленген.

«Ақтау теңіз портын кеңейту және Құрық портында паром кешені құрылысы есебінен Каспийдегі порт инфрақұрылымының өткізу қабілеті 16,5-дан 26 млн тоннаға дейін ұлғаяды», — деп түйіндеді Дмитрий Потлов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу