01 Шілде 2026, 10:50
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында Мемлекет басшысының жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттарды жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ол жаңа Конституцияда бекітілген құндылықтар – әділдік, заң үстемдігі, адамға құрмет, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық жауапкершілік – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да басты негізі екенін атап өтті.
«Бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Біз қастерлі Отанымыздың тағдырлы белестен өтіп, жаңару мен жасампаздықтың жаңа кезеңіне аяқ басқан тарихи сәтіне куә болып отырмыз. Ауқымды өзгерістердің барлығы – ең алдымен, елдегі тұрақтылық пен бірліктің, халқымыздың ортақ мүдде жолында Мемлекет басшысының іргелі реформалары аясында топтаса білуінің нәтижесі. Ұлы Даланың мыңжылдық тарихынан тамыр тартқан жаңа Конституция тәуелсіздіктің тағылымы мен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді бір арнаға тоғыстырды. Өйткені жаңа Конституцияда бекітілген құндылықтар – әділдік, заң үстемдігі, адамға құрмет, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық жауапкершілік – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да басты негізі. Біз үшін айрықша маңызды өзгерістердің бірі – мәдениет, ғылым мен білімнің мемлекеттің стратегиялық басымдықтары деңгейіне көтерілуі», — деп атап өтті Аида Балаева.
Конституцияда алғаш рет ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дамыту мемлекеттің тікелей міндеті ретінде бекітілді. Бұл – мәдениеттің енді тек рухани құндылық қана емес, қоғамдық тұтастықтың және елдің ұзақмерзімді дамуының негізгі факторларының бірі ретінде танылғанын білдіреді. Бүгінде елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени нысан бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар 276 тарихи және мәдени ескерткіш, 12 мыңнан астам жергілікті маңызы бар, алдына ала тізімдегі 13 мыңға жуық тарихи-мәдени объекті тіркелген. Мұның бәрі – халқымыздың құнды қазынасы, тарихи жады әрі рухани негізі. Осындай баға жетпес мұраларымызды сақтау – бүкіл қоғамның ғана емес, келешек ұрпақтың да қастерлі борышы. Сондықтан Конституцияда тарихи-мәдени мұраны қорғаудың әр азаматтың ортақ жауапкершілігі ретінде айқындалуы – мәдениетке деген көзқарастың түбегейлі өзгергенінің нақты дәлелі. Жалпы алғанда, Конституциялық өзгерістерге сәйкес Ұлттық архив қоры және архивтер, қоғамдық кеңестер және ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша 3 заңға өзгерістер енгізілді.
Сонымен қатар министр Конституция талаптарына сәйкес келтіру мақсатында тағы 18 заңға түзетулер жасалып жатқанын айтты. Атап айтқанда, сөз бостандығы мен ақпарат тарату, діни ұйымдардың қызметі, бейбіт жиналыстарды өткізу, волонтерлік қызметті қолдау, қайырымдылық, мәдениет, кинематография бойынша, сондай-ақ Конституциядан тікелей туындайтын өзге де заңнамалық өзгерістер енгізілмек.
«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға сай Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңның күші жойылды. Осыған байланысты кеше «Қазақстанның Халық Кеңесі» Хатшылығын құру туралы Президент Жарлығына қол қойылды. Сондай-ақ бірқатар заңнамалық түзетулер пакеті әзірленді. Оның аясында алғаш рет «этномәдени бірлестіктер» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, Достық үйлерінің құқықтық мәртебесі мен оларды қаржыландыру тәртібі айқындалды. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи миссиясының аяқталуына байланысты этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленуде.
«Сондай-ақ Қазақстан тарихында алғаш рет зияткерлік меншікке конституциялық деңгейде кепілдік берілгенін ерекше атап өткім келеді. Бұл креативті экономиканы дамыту үшін айрықша маңызды, өйткені зияткерлік меншік – креативті экономиканың негізгі іргетасы. Ол авторларға, суретшілерге, дизайнерлерге, кинематографистерге және креативті индустриялардың өзге де өкілдеріне шығармашылық еңбегін құқықтық қорғаудың сенімді кепілдіктерін қамтамасыз етеді. Жаңа Ата заңда алғаш рет волонтерлік қызметті көтермелеу нормасының бекітілуі оның қоғамдық маңызын конституциялық деңгейде айқындап, азаматтық белсенділікті одан әрі дамытуға берік негіз қалады. Бұл норманың Біріккен Ұлттар Ұйымы Мемлекет басшысының бастамасымен жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы маңызы ерекше. Президент тапсырмасы бойынша Волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасы және Экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасы әзірленуде», — деп атап өтті Аида Балаева.
Сонымен қатар Конституцияның жаңа нормаларын жүзеге асыру аясында волонтерлік қызметті ынталандырудың қосымша тетіктерін енгізу көзделуде. Нақтырақ айтсақ, волонтерлік қызметті цифрлық есепке алу және растау жүйесін дамыту, «Шапағат» мемлекеттік медалімен марапаттау кезінде волонтерлік қызметті ескеру, жұмысқа орналасу барысында волонтерлік өтілді назарға алу, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысатын волонтерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру тетігін енгізу және басқа да қолдау шаралары жоспарлануда.
Конституцияда «Некенің ер адам мен әйел адам арасындағы ерікті және тең құқықты одағы» екендігі нақты бекітілді. Осыған орай Министрлік неке және отбасы саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың, Ұлттық комиссия мүшелерінің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ діни салада қолданыстағы бірқатар қағидаттарға конституциялық мәртебе беріледі. Атап айтқанда, мемлекеттің зайырлы сипаты, заң алдында бәрінің теңдігі және діннің мемлекеттен бөліну қағидаты бекітілді. Бұдан бөлек, рухани білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты да конституциялық деңгейде айқындалды. Өз кезегінде, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды жаңа Конституцияға сәйкестендіру жөніндегі өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау бойынша жұмыс жасалуда.
«Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президенттің мемлекеттік рәміздер, геральдика және мемлекеттік сыйлықтар мәселелері жөніндегі 2 Жарлығына, сондай-ақ Үкіметтің 5 қаулысына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Конституциялық реформаларды толық іске асыру мақсатында министрліктің 3 ведомстволық бұйрығы қабылданды, қазіргі уақытта тағы 101 ведомстволық бұйрыққа өзгерістер енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы жаңа конституциялық модельдің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Бүгін күшіне енген Халықтық Конституция – бүкіл қоғамның ортақ таңдауы. Ендігі баршаға ортақ міндет – оның әрбір қағидатын нақты нәтижеге айналдыру», — деп атап өтті Аида Балаева.
Алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстарды жандандыруға барлық күш жұмылдырылады. Мемлекет басшысы атап өткендей, жасалып жатқан жұмыстардың барлығы тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, әділетті әрі қуатты қоғам құруға септігін тигізері сөзсіз.
#Мәдениет #Президенттің тапсырмасы #Ғылым #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу