29 Қыркүйек 2018, 08:25
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Душанбеде ТМД мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысқаннан кейін Шымкентте болып қайтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Елбасы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын К-4 және К-5 экологиялық стандарттарына сай мұнай өнімдерін өндіруге маманданған. Зауыт жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде мұнай өңдеу көлемін жылына 6 млн тоннаға дейін көбейтті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы жөнінде мәлімет беріліп, Қазақстанның мұнай нарығындағы қазіргі жағдай туралы баяндалды. Баяндаманы тыңдаған соң Қазақстан Президенті экологиялық тұрғыдан таза жанармай түрлерін пайдаланудың және оның тұрғындар үшін қол жетімді болуын қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті.
«Біз газбен жүретін автобустар шығарып жатырмыз. Солардың өндіріс көлемін ұлғайту қажет. Бұл ұлттық экономиканы ынталандырып, экологияға келетін зиянды азайтады. Сонымен қатар, көлікті газбен жүруге көшіру оның иелері үшін де тиімді», — деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Елбасы Шымкент қаласының әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды, онда халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту орталығы, көші-қон қызметі және АХАЖ орналасқан. Орталық қала тұрғындарымен қатар шетелдік инвесторлар үшін цифрлық форматта мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған.

Қазақстан Президентіне экономиканың түрлі секторларын, соның ішінде агроөнеркәсіп кешені, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік және қауіпсіздік салаларын цифрландыру жобаларының іске асырылуы жөнінде баяндалды.
Баяндаманы тыңдаған соң Нұрсұлтан Назарбаев халыққа мемлекеттік қызмет көрсету ісінің сапасын арттыру және жеделдету үшін цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырудың маңызды екенін ерекше атап өтті.
«Шымкент ірі мегаполиске айналады. Мұнда жаңа жобалар іске асырылуда. Шымкенттіктердің еңбекқорлығы – қаланы дамытудың кепілі. Жұмыстың ең маңызды бағыты – шағын және орта бизнес. Оны дамыту үшін тиісті қолдау көрсету қажет», — деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мегаполистің тұрғын үй құрылысының және әлеуметтік инфрақұрылымының жоспарымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаевқа қала нысандарының құрылысы және қайта жөндеу жұмыстары жөнінде мәлімет берілді.

Бұған қоса, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізілді.
Қала активі алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы республикалық мәртебеге ие болған қаланың алдында заманауи әдістер мен жетілдірілген стратегияны талап ететін жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті.

«Еліміздің бір миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполисіне айналған Шымкент Астана мен Алматы қалалары сияқты өзінің даму моделін өзгертуге тиіс. Қалада болашағы бар бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр және жоспарланғандары одан да көп. Сондықтан, Шымкенттің одан әрі даму жолдарын талқылап, стратегиясын айқындауымыз қажет», — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев кеңеске қатысушылардың назарын Шымкенттің жаңа мәртебесіне қатысты жекелеген мәселелерге аударды.
«Шымкент Орталық Азияның мықты экономикалық орталығына, тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасалған үлкен әрі тартымды мегаполиске айналуы керек. Қаланы дамытудың жаңа стратегиясы осы өңірде ірі өнеркәсіптік, инновациялық, туристік, сауда және логистикалық орталық қалыптастыруға бағытталуы қажет», — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қалада шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, фармацевтика және медициналық қызмет көрсету саласындағы кластерлер мен кәсіпорындарды дамытудың маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қаланың жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттырып, Назарбаев Университетінің және Инновациялық технологиялар паркінің үлгісімен заманауи инновациялық орталықтар құру қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы мегаполистің туристік әлеуетін өркендету үшін қаланың халықаралық байланыстарын нығайту мәселелеріне де тоқталды.
«Шымкент туристер үшін тартымды орталыққа айналуға тиіс. Сондықтан шаһар барлық бағыттар бойынша жүйелі дамуы керек. Халықаралық ықпалдастықты да ілгерілету қажет. Ресей Федерациясымен бірлесіп өткізілетін өңіраралық форумдар сияқты Өзбекстанмен де осындай іс-шараларды жоспарлап, тұжырымдамасын пысықтау керек. Үкімет қала әкімдігімен бірлесіп, Шымкентте халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу жоспарын әзірлеуге тиіс», — деді Қазақстан Президенті.
Кеңес барысында қаланы «ақылды технологияларды» қолдану арқылы концептуалды түрде дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Сәулет және қала құрылысы нормаларының бұзылуына жол бермеу, ретсіз құрылысты тоқтату және бір қабатты үйлердің құрылысын азайту маңызды болып отыр. Сонымен қатар, тозығы жеткен ескі үйлерді бұзып, босаған жерлерді тиімді пайдаланып, орнына заманауи саябақтар, спорт алаңдарын, көп қабатты тұрғын үй кешендерін, бизнес орталықтарын салу қажет», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы қалада әлеуметтік инфрақұрылым, соның ішінде балабақшалар мен мектептер, медициналық мекемелер мен тұрғын үйлер салу мәселелеріне тоқталды. Осыған орай, Қазақстан Президенті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдаланып, «7–20–25» бағдарламасы бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу