14 Шілде 2026, 12:06
ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында республикадағы сауда саласының дамуы туралы баяндады.
Ол бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша сауданың тұрақты өсуі қамтамасыз етілгенін атап өтті.
«Нақты көлем индексі 105,7%-ды құрады, сауда көлемі 36,2 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 15,3%-ға артты. Көтерме сауда 6,6%-ға (24,5 трлн теңгеге), бөлшек сауда 3,8%-ға (11,5 трлн теңгеге) өсті. Жыл соңына дейін өңделген тауарлар бойынша сатудың болжамды көлемі кемінде 40 трлн теңгені құрауы тиіс. Тауар айналымының 70%-дан астамы бес өңірге – Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Атырау және Қарағанды облыстарына тиесілі. Ең жоғары өсім қарқыны Павлодар облысында – 125,3%, Солтүстік Қазақстан облысында – 121,8%, Түркістан облысында – 121,4% және Шымкент қаласында – 121,8% деңгейінде қамтамасыз етілді. Оң серпінді сақтау мақсатында ішкі сауданы дамыту жөніндегі жүйелі шаралар кешені жүзеге асырылуда», — деді Арман Шаққалиев.
Сондай-ақ министр сауда инфрақұрылымын дамытуға мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру жалғасып жатқанын айтты. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 10 млрд теңгеге 978 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар отандық өндірушілерді қолдау жұмыстары күшейтілуде. Сауда желілерімен бірлесіп, қазақстандық өнімдерге арналған сөре кеңістігі кеңейтіледі. Отандық тауар өндірушілер тізілімімен үйлестірілген отандық өнімдер каталогы қалыптастырылуда. Және әкімдіктермен бірлесіп, өнімсіз делдалдарға бақылау күшейтіліп, тауар қозғалысын кезең кезеңмен қадағалау жүйесі енгізілді. Шикізаттық емес экспорт бойынша да оң динамика сақталуда.
«Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортының көлемі 14,6%-ға өсіп, $14,9 млрд-ты құрады. Экспорттаушыларды қолдау шаралары мен жеткізу географиясын дәйекті түрде кеңейтеміз. Жыл басынан бері 150-ден астам отандық компанияның қатысуымен 7 сауда-экономикалық миссия ұйымдастырылды. Нәтижесінде жалпы сомасы $700 млн-нан астам сомаға экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. Экспорттық-кредиттік агенттік желісі бойынша 400 млрд теңгеден астам қаржылық қолдау көрсетілді. Жыл соңына дейін сақтандыру қолдауының сыйымдылығын 1,2 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарлануда», — деді Арман Шаққалиев.
Сондай-ақ қазақстандық өнімдерді шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне шығарудың жаңа құралы іске қосылды. Сауда министрлігі саланың нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.
#Сауда #Экономика #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу