Алғашқы жартыжылдықта тұрғын үйді пайдалануға беру 6,6%-ға артты

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында оң динамика байқалып, өсім 5,5%-ды құрады деп хабарлады.

Оның айтуынша, металлургия, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдар өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібінің тағы да 10 саласында көрсеткіш артуда.

Бұр ретте металлургия өнеркәсібінде көлем түсті металдар өндірісінің өсуінен 0,1%-ға артты. Министр оң динамика Үкімет қабылдаған отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыру мен шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың нәтижесінен болып отырғанын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, мыс катанкасы, тазартылған мыс, күміс пен алтын, катодты мыс және алюминий өндірісі өсті. 

Қара металлургияда рельс, арматура және болат құбырлары өндірісінің азаюына байланысты, өндіріс көлемі 0,5%-ға төмендеді. Сондай-ақ, Ерсайын Нағаспаев болат, шойын және ферроқорытпа өндірісі артқанын айтты. Өсімге дайын темір бұйымдарын экспорттауға тыйым салу мен отандық өңдеушілерді ломмен қамтамасыз ету шаралары әсер етті.

Машина жасау саласы көлік құралдары, ауыл шаруашылық техникасы және түрлі жабдықтар өндірісінің өсуінен 11,1%-ға ұлғайды.

Химия өнеркәсібінде полипропилен, натрий цианиді, аммиак селитрасы және аммофос өндіру көлемі  өсіп, салада 7% өсім тіркелді. Бетон, құрылыс ерітінділері, әк, отқа төзімді бұйымдар, цемент және бетон конструкциялары өндірісінің артуынан құрылыс материалдар өндірісі 8,6%-ға ұлғайды. Жеңіл өнеркәсіпте 4,1% өсім тіркелді.

Жарты жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 3,3 триллион теңгені құрап,                    18,4%-ға артты. Министр теріс динамика тек Атырау облысында тіркелгенін атап өтті. Оған Теңіз кен орнындағы «Болашақ кеңейту» ірі жобасының аяқталуы себеп болды. Дегенмен, облыстағы құрылыс көлемі Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысынан кейін төртінші орында тұр. Қалған 19 өңірде оң өсім қарқыны сақталуда.

Жалпы құрылыс саласы 2010 жылдан бері орташа 7% өсімді көрсетіп келеді. Ал соңғы екі жылда құрылыс көлемінің өсімі 115%-дан жоғары болып отыр. Бұл индустрия, тұрғын үй және инфрақұрылымдық құрылыстағы белсенділіктің нәтижесі. Биыл да осы қарқынды сақтау жоспарлануда.

Тұрғын үй саласындағы биылғы жоспар 19,2 миллион шаршы метр болып белгіленді. Жарты жылда 7,9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш 6,6%-ға артты. Еліміздің 18 өңірінде осы бағытта оң динамика байқалуда. Ең көп өсім Түркістан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында тіркелген. Төмен көрсеткіштер Абай және Қарағанды облыстарында болды. Қарқынның төмендеуі жобалық-сметалық құжаттаманы түзету мен ипотекалық бағдарламалар көлемінің қысқаруы сияқты факторларға байланысты.

#Инфрақұрылымдық даму #Құрылыс #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу