Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарды ашу үшін колледждерге қойылатын біліктілік талаптарын күшейтті

Кезекті Үкімет отырысында педагог мамандарды даярлау тақырыбы бойынша ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бандама жасады.

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, білім беру ұйымдарын біліктілігі жоғары педагог кадрлармен қамтамасыз ету – ведомствоның басым міндеттерінің бірі.

«Бұл бағытта біз Оқу-ағарту министрлігімен өте тығыз байланыстамыз. Арнайы жұмыс тобымыз бар. Педагогикалық кадрларды даярлау 49 университеттің негізінде және арнайы 5 педагогикалық институтпен ұлттық университеттердің негізінде жүзеге асырылады», — деді Саясат Нұрбек.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеу стандарты және педагогикалық білімді жаңғыртудың тұжырымдамасы бекітілді. Жоғары оқу орны оқытушысының стандарты қабылданды. Қазіргі сәтте «Жайлы мектеп» жобасы бойынша педагогтарды даярлау жұмыстары жүргізілуде. Яғни, Мемлекет басшысының берген тапсырмалары толыққанды жүзеге асып жатыр.

Министер келтірген деректерге сай әр өңірдің кадрлық тапшылығын айқындау мақсатында «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы кеңейтілуде. 12 аймақтық кеңселер ашылды. Жаңа кәсіптер атласын құру тәжірибесі пайдалануда, оның аясында біліктілігі жоғары кадрларды даярлау жөніндегі 3 өңірлік стандарт аяқталды, екеуі – аяқталуға жақын, төртеуі – жұмыс үстінде.

Министрлік 2029 жылға дейін Ғылым мен жоғары білімді дамыту тұжырымдамасы аясында педагогикалық білім сапасын арттыру бойынша 3 бағытта жұмыстар атқаруда.

Біріншіден, Аймақтардың кәсіптер карталарына сәйкес сұранысқа сай педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету. Педагогикалық бағыттарға гранттар саны 15 923 дейін жетті, оның құны 2 есе артты. Педагогикалық мамандық бойынша оқып жатқан студенттердің стипендиясы шамамен 3 есе арттырылды. Ең жоғары стипендия алып отыр. Педагогикалық мамандықтарға түсуге қойылатын талаптар күшейтілді. Педагогикалық мамандықтарға өту баллы өте жоғары.

Екінші бағыт – жаңа формациядағы педагогтарды даярлау және қайта даярлау. Дүниежүзілік банк жобасы аясында педагогикалық білім беру әлеуеті күшейтілуде. Оның ішінде педагогикалық білім беру моделін әзірлеп, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары біліктілікті арттыру курстарынан өтті және 30 инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленді. Бұл инновациялық білім беру бағдарламаларының ерекшелігі – зерттеу дағдыларын дамыту, білім берудегі цифрландыру және мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін дамыту, сондай-ақ өмір бойы оқыту әдістерін қамтитын инклюзивті педагогиканы жаңартуға баса назар аударылуында.

Сонымен қатар «Арнайы педагогика» бағдарламаларын іске асыратын 13 жоғары оқу орнын ерекшелігі бар балалармен жұмыс істеуге арналған арнайы жабдықтармен және 25 жоғары оқу орны пәндік кабинеттермен жарақтандырылады.

Үшінші бағыт – педагогикалық білімнің институционалды трансформациялау.

Әрі қарай министр әр бағытқа жеке тоқталды.

«Педагогтерге деген сұраныс жылдан жылға артып келе жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше 2023 жылы мұғалімдерге деген қажеттілік 3 мыңнан астам адамды құрайды. Бұл бағытта қазіргі таңда екі министрлік бірігіп, толыққанды болжам және үлкен сараптама жасады. Министрлік осы кадр тапшылығы мәселесін жан-жақты зерделеді. Біздің алдағы 4 жылда бітіріп шығатын түлектермен педагогтерге деген сұранысты қамтамасыз етеміз деген болжам бар. Тек келесі жылы ғана педагог тапшылығы туындауы мүмкін. Бірақ біз оны биыл оқу бітіретін түлектердің және магистратура түлектерінің есебінен қамтамасыз етеміз. Осылайша, педагогикалық кадрлардың қажеттілігін толығымен жабатын боламыз», — деді Саясат Нұрбек.

Білім беру бағдарламаларының 72%-ы педагог кәсіби стандарты негізінде жаңартылған болатын, енді Оқу-ағарту министрлігінің стандарт пен оқу бағдарламаларының өзектендірілуіне байланысты жоғары оқу орындары өз бағдарламаларын қайта қарастыруда.

Бакалавриат бағдарламасы білім берудің minor және (немесе) микробіліктілік бағдарламалары арқылы дербес модульдер жиынтығы ретінде жасалады. Студенттер minor-бағдарламалар арқылы өзара жақын салаларда қосымша міндеттерді немесе жеке сұраныстар бойынша тілдік, цифрлық және өзге де біліктіліктерді игере алады.

Осындай бағдарламаларды аяқтаған соң, студенттер Ұлттық біліктілік шеңберінің 4-5 деңгейі бойынша сертификаттаудан өтуге құқылы болады. Білім беру бағдарламасының модульдік құрылымы оқудың 2-3 жылынан бастап біліктілік сертификаты бар студенттердің еңбек нарығына шығуына мүмкіндік береді.

Мұндай құрылым оқу нәтижелерін қайта кредиттеуді және колледж бітіргеннен кейін оқуға түскендерге ЖОО-да оқу мерзімін қысқартуды қамтамасыз ете отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламалары оңай үйлестіреді.

«Педагогикалық білім берудің трансформациясы білімнің барлық деңгейін қамтиды, себебі болашақ педагогтарды мектеп қабырғасынан қалыптастыруымыз керек. Ол үшін кәсіптік бағдар беруді және кәсіби диагностиканы ертеден бастауымыз керек. Кейін жоғары оқу орнында оларды оқытып даярлау, әрі қарай педагогтардың біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау, PGCE халықаралық курстарымен қамту қажет», — деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Бұл өзгерістер педагогтерді даярлау сапасын арттыруға, заманауи талаптарға бейімделуге және кадрларды даярлауда оқытудың инновациялық әдістерін, ғылым мен технологияларын енгізуге бағытталған.

Жалпы осы бағыттар «Әркімге қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндама аясында қарастырылды, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Әрі қарай оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады. Оның айтуынша, еліміздегі 772 колледждің 234-інде педагог мамандар даярланады. Оның 31-і – педагогикалық колледж. Қазіргі таңда 80 мыңнан астам студент педагогикалық мамандықтар бойынша білім алуда. Оның ішінде 43 мың студент мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды.

Колледждерде еліміздегі балабақшалар мен мектептерге тәрбиешілер, бастауыш, қосымша білім беру, еңбек және музыка мұғалімдері даярланады. Биыл педагогикалық мамандықтар бойынша 20 мыңға жуық түлек оқуды аяқтады және 24 мыңға жуық студент 1-курсқа қабылданды.

Соңғы екі жылда жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі артып келеді. Қазіргі таңда колледждерде мектепке дейінгі ұйымдарға қажетті 13 мың тәрбиеші және 15 мыңнан астам бастауыш сынып мұғалімі даярлануда.

«Демографиялық ахуалға байланысты 2025 жылға қарай балабақшаларға 15 мыңнан астам тәрбиеші, мектептерге 14 мыңнан аса бастауыш сынып мұғалімдері қажет болады. Осыны ескере отырып, педагог кадрларын даярлауға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс жыл сайын ұлғайтылуда», — деді Ғани Бейсембаев.

Оқу-ағарту министрінің сөзінше, жаңадан ашылатын мектепке дейінгі ұйымдар мен «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын білім ошақтарына мамандар қажет болады. Осыны ескере отырып, барлық өңір әкімдігі, әсіресе, Алматы, Астана және Шымкент қалалары мен Алматы, Атырау, Түркістан облыстарының әкімдіктері мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірдегі қажеттілікке қарай саралап, бөлгені жөн.

Кадрларды даярлау сапасын арттыру және әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында «Педагог» кәсіптік стандарты бекітілді. Оның негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу үшін әдістемелік ұсынымдар әзірленді. 6 мыңнан астам педагог бағдарламаларды әзірлеудің жаңа тәсілдері бойынша біліктіліктерін арттырды.

Нәтижесінде колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, «Педагог» кәсіптік стандарты негізінде 554 бағдарламаны жаңартып, іске асыруда. Студенттер балабақшалар мен мектептерде кәсіптік практикадан өтеді. Бітіруші түлектер жұмысқа орналасу алдында біліктілігін растау үшін міндетті түрде сертификаттаудан өтіп, содан кейін ғана конкурсқа қатыса алады.

Биылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі колледждерге қойылатын біліктілік талаптарын күшейтті. Атап айтқанда, кемінде 5 педагогикалық мамандық бойынша лицензияның болуы және бітірушілердің кемінде 90%-ының жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуі тиіс.

Бұдан басқа академиялық ұтқырлық, мамандық бойынша лицензиялау, сондай-ақ педагог кадрларды даярлауда қашықтан оқытуды шектеу мәселесі заңнамалық тұрғыда бекітілуде.

Оқу-ағарту министрлігі педагог кадрларды даярлаудың сапасын арттыру үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, келесі жұмыстарды атқаратын болады:

- үздік балабақшалар жанынан құрылған Құзыреттілік орталықтарында және жетекші мектептердің базасында дуалды оқыту кеңейтіледі;

- студенттерді кәсіптік практикадан өткізудің жаңа форматы енгізіледі;

- ел ішінде немесе шетелдерде тәжірибе алмасу мақсатында колледж педагогтері мен студенттері үшін академиялық ұтқырлық бағдарламасы енгізіледі;

- 31 педагогикалық колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылады.

«Сапалы педагог кадрларын даярлау мәселесін Оқу-ағарту министрлігі әрдайым бақылауда ұстайды», — деді баяндама соңында министр Ғани Бейсембаев.

#Білім беру #ҚР Оқу-ағарту министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу