22 Қыркүйек 2026, 11:15

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Жиында ішкі істер министрі Ержан Сәденов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ағымдағы жағдай туралы баяндады. Сондай-ақ Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Абай облысының әкімі Берік Уәли, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндама жасады. «ҚазАвтоЖол» компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Yandex Qazaqstan бас директоры Тимур Шалекенов және inDrive Kazakhstan бас директоры Арай Бекембаев елді мекендерде және қалааралық бағыттарда қауіпсіз жол инфрақұрылымын құруға және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды таныстырды.
Премьер-министр еліміздің жаңа Конституциясында «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілгенін, заң нормалары мен ережелерді қатаң сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті.
«Жаңа Конституцияда “Заң мен Тәртіп” қағидаты негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілді. Заң нормалары мен ережелерді қатаң сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Жол қауіпсіздігі Мемлекет басшысының әрдайым ерекше назарында. Адамның өмірі мен денсаулығы жол үстіндегі мінез-құлық мәдениетіне тікелей байланысты», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл жол-көлік оқиғаларының саны төмендеген. Елді мекендермен қатар, олардан тыс күре жолдарда да оң динамика байқалып отыр.
Мұның барлығы жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарының нәтижесі.
Үкімет жолдағы қауіпсіздікті күшейту және ережелердің сақталуын бақылау жүйесін жетілдіру бойынша шаралар қабылдады. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалық норма қабылданды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалық нормалар қабылданды. Жол ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Самокаттар мен скутерлерді пайдалану, көлік жүргізушілерін даярлау және жасырын патрульдеу тәртібі ретке келтірілді. Интеллектуалды жүйелер енгізіліп жатыр. Қазіргі таңда еліміздің жолдарындағы қауіпсіздікті 30 мыңнан астам камера қадағалайды
Бұл ретте Премьер-министр жалпы ахуалдың жақсарғанына қарамастан, елімізде жол апаттарының деңгейі жоғары күйінде қалып отырғанын атап өтті. Жүргізушілер белгіленген ережелерді, нормаларды және жол үстіндегі мінез-құлық мәдениетін сақтамайды. Көлік жүргізушілері тиісті ережелер мен талаптарға және жол қозғалысы мәдениетіне немқұрайлы қарайды. Қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүретін, қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығып кететін, сондай-ақ жылдамдықты шамадан тыс асыратын жауапсыз жүргізушілер де бар. Мұндай фактілерге міндетті түрде тосқауыл қойып, тиісті шаралар қабылдау қажет.
Жалпы, Олжас Бектенов жол ережелерін қасақана бұзушыларға қатысты тәсілдерді қайта қарау керек екенін атап өтті. Мұндай адамдарға айыппұл төлеу кезінде жеңілдіктер берілмеуі тиіс. Керісінше, бұзушылықтар санына қарай айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажет. Ішкі істер министрлігі көптеген елдерде тиімді қолданылып жүрген балдық жүйені енгізу тәжірибесін зерделеп, оны елімізде іске қосуы тиіс.
«Біздің ортақ міндетіміз – жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік апаттарын тұрақты түрде төмендету және адам өлімін азайту», — деді Премьер-министр.
Премьер-министр мемлекеттік органдарға қосымша шаралар кешенін әзірлеу бойынша бірқатар тапсырма берді.
Бірінші. Жан түршігерлік апаттардың басым бөлігі елді мекендерден тыс трассаларда болатыны атап өтілді. Автомобиль жолдарының көпшілігі ескі стандарттар бойынша салынған. Олар екі жолақты, ені шамамен 7 метрді құрайды. Көптеген учаскелерде тиісті жол инфрақұрылымы жоқ. Жүргізушілер сапасыз жолдарға, жарықтың нашарлығына және навигация мәселелеріне шағымданады. Бұл жол қауіпсіздігі деңгейіне айтарлықтай әсер етеді. Анықталған ақауларды жою жұмыстарының қарқыны баяу, уақтылы жөнделмейді.
Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, елді мекендерден тыс автожолдардың қолданыстағы жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдау тапсырылды. Жолдарды салу мен жөндеу кезінде стандарттардың қатаң сақталуына бақылауды күшейту керек. Бұдан бөлек, негізгі автомобиль жолдарындағы орташа жылдамдықты бақылау желісін кеңейтіп, визуалды бағдар беретін лазерлік жүйелерді орнатуды кеңейту қажет.
Ішкі істер министрлігіне елді мекендерден тыс күре жолдардың ең қауіпті учаскелерін патрульдеу ауқымын арттыру тапсырылды. «ҚазАвтоЖол» компаниясы, «Қазгидромет», әкімдіктер, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Көлік министрліктері еліміздің автомобиль жолдарында техникалардың, жабдықтардың және жылыту пункттерінің қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз ету қажет. Жасанды интеллект министрлігі елді мекендерден тыс автожолдарды мобильді байланыспен қамту жұмыстарын жеделдетуі қажет.
Сонымен қатар жол үстінде жануарларды қағып кету – өзекті мәселелердің бірі. Жыл басынан бері осындай 200-ден астам жағдай тіркелген. Әкімдіктерге жол маңында мал жаю мәселесі бойынша мал иелерімен жұмысты күшейту тапсырылды. Көлік және Ішкі істер министрліктері Павлодар облысының жол бойында қоршау торларын орнату тәжірибесін қолдану мүмкіндігін қарастыруы қажет.
Екінші. Жол-көлік оқиғаларының негізгі бөлігі елді мекендерде орын алады. Айта кету керек, кейбір жол апаттарына көлік жүргізушілерінің ұялы телефондарды пайдалануы себеп болады. Осыған байланысты жолдардағы автоматтандырылған жүйелер көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану фактілерін барынша анықтауға бағытталуы тиіс. Жалпы, Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, орнатылған барлық камералардың жұмыс істеп тұрғанын тексеруі қажет.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі мәселелері де жеке қаралды. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін адамдарға қатысты жауапкершілікті қатаңдату қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар реттелмейтін жаяу жүргіншілер өтетін жерлерде көлік жүргізушілерінің кінәсінен болатын жол апаттары да аз емес. Әкімдіктерге осындай учаскелерде бейнетіркеу жүйелерін орнату ауқымын кеңейту тапсырылды. Әсіресе білім беру ұйымдарының маңында кері санау таблосы бар заманауи бағдаршамдарды орнатуды қамтамасыз ету қажет.
Ішкі істер министрлігіне көшелердің қауіпсіз дизайны элементтерін енгізу бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу тапсырылды.
Үшінші. Көлік құралын басқаруды жаңадан бастаған жүргізушілер санатына ерекше назар аудару қажет. Көбіне олар жол жағдайын және өз мүмкіндіктерін дұрыс бағаламау, сондай-ақ жол ережелерін сақтамау салдарынан апатқа ұшырап жатады. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне көлік жүргізушілерін даярлау сапасын арттыру мақсатында оқу ұйымдарының қызметін реттеу және үйлестіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Бұл ретте заң бұзушылықтар анықталған жағдайда міндетін адал атқармаған автомектептерді жалпы тізілімнен шығару қажет. Бұл бағыт бойынша министрліктің тиісті өкілеттіктері бар.
Төртінші. Жолаушылар тасымалы ерекше назарда болуға тиіс. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жоспарлы әрі жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Бірінші кезекте Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімін жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жеке компаниялардың платформаларымен интеграциялау жұмыстарын аяқтау қажет.
Сондай-ақ жұмысқа қабылдау кезінде жүргізушілерді іріктеу мәселесі ерекше назарда болуы тиіс. Такси агрегаторлары жұмысқа тек тәжірибелі және жауапкершілігі жоғары адамдарды алуы керек. Жүргізуші куәлігінен айырылған немесе жол ережелерін жиі бұзған адамдар такси саласында жұмысқа қабылданбауы тиіс.
Жолаушыларды тасымалдауға арналған көліктің техникалық жай-күйін де ескерген жөн. Такси жүргізушілерінің белгіленген жұмыс уақытынан артық жұмыс істеуіне жол бермеу қажет.
Көлік министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жекеменшік такси қызметін реттеу бойынша қосымша шаралар қабылдауды, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру тапсырылды. Мұның барлығы нормативтік құжаттарда нақты реттелуі тиіс. Ішкі істер министрлігі заңсыз тасымалдаушыларды анықтауға бағытталған іс-шараларды тұрақты негізде жүргізуі қажет.
Бесінші. Төтенше жағдайлар министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, автомобиль жолдарындағы апаттық жағдайларды ескере отырып, кейбір медициналық-құтқару бекеттерінің орналасқан жерлерін қайта қарау тапсырылды.
Алтыншы. Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, әрбір өңір бөлінісінде жол-көлік оқиғаларының жай-күйіне тұрақты түрде талдау жүргізу тапсырылды. Жергілікті жағдайларды ескере отырып, көлік апаттары көп орын алатын учаскелерде жол қозғалысына қадағалауды күшейтіп, қажетті шаралар қабылдаған жөн.
Оқу-ағарту, Мәдениет, Туризм және спорт министрліктері мен әкімдіктерге оқушыларды түрлі білім беру, мәдени және спорттық шараларға жіберу кезінде оларды міндетті түрде полиция қызметкерлерінің бастап жүруін қамтамасыз ету тапсырылды. Жалпы, жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтау бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.
Жоғарыда аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #Көлік #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу