17 Қараша 2026, 11:11

Үкімет отырысы барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектенов отандық кәсіпорындардың «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуына және импортты алмастыратын өндірістерді дамытуға ерекше назар аударды.
«"Халықтық құрылыс" бағдарламасын жүзеге асыру өнеркәсіп саласы үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашып, отандық өндірістің дамуына елеулі серпін береді. Президент бастамасын жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады. Бізде қалыптасқан өндірістік база бар. Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдары бойынша ішкі қажеттіліктің орта есеппен 73%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Енді осы қуаттарды "Халықтық құрылыс" бағдарламасының жобаларына барынша жұмылдырып, материалдар мен жабдықтар өндірісін кеңейту қажет болатын бағыттарды алдын ала айқындап алу керек», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жинақталған нақты тәжірибе бар екенін атап өтті. Оған сәйкес 106 жобалау-сметалық құжаттама бойынша материалдар мен жабдықтарға деген қажеттілік айқындалды.
Осыған байланысты кәсіпорынның жаңа өнімін ұзақмерзімді шарт негізінде өткізуге кепілдік беретін офтейк-келісімшарттар бекіту тетігін кеңінен қолдану қажеттігі атап өтілді. Бұл шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейтуге, қазақстандық шикізатты терең өңдеуге, сондай-ақ құзыреттілікті арттырып, жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов мұндай шарттарды жүзеге асыру кезінде жобаларды жүйелі түрде қолдауға, отандық және шетелдік инвесторлармен тікелей өзара іс-қимылға жауапты «Бәйтерек» инвестициялық холдингінің қаржылық құралдарын пайдалану қажеттігін баса айтылды.
Сондай-ақ импортты алмастыру мәселесінің де маңыздылығы атап өтілді. Қазақстанның логистикалық әлеуетін дамыту және отандық тасымалдаушылардың автопаркін жаңарту мақсатында ауыр жүк көліктерінің халықаралық брендтерін локализациялау бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде HOWO, SITRAK және Scania жүк көліктерін шығару қолға алынды. Бұдан бөлек, олардың құрамдас бөлшектерін локализациялауға басымдық берілуде. Осы жылдың соңына дейін Алматыда Volvo жүк тартқыштарын өндіруді бастау жоспарлануда. Mercedes компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.
Премьер-министр кепілді сұраныс пен тиісті қолдау шараларын қамтамасыз ете отырып, жобаларды уақтылы жүзеге асыру және іске қосу, сондай-ақ басқа да жоғары технологиялық бағыттар бойынша ұқсас жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Премьер-министр «Халықтық құрылыс» бағдарламасын кең ауқымда жүзеге асырудың басталуына байланысты Өнеркәсіп министрлігіне әкімдіктермен, «Бәйтерек» холдингімен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, аталған бағдарламаға отандық өндірушілердің қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды. Жобаларды қалыптастыру кезінде тауар өндірушілер тізіліміндегі қолда бар өнімді ескеру, тауарларға қажеттілікті алдын ала жариялау және сатып алу мен жеткізу мерзімдерін ескере отырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға қажетті қаржыландыру тетіктерін қамтамасыз ету керек.
Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық тасымалдар үшін тартқыштар, отандық жүк техникасына сұранысты ынталандыру, оның ішінде жеңілдікпен лизингті кеңейту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Бұдан бөлек, Өнеркәсіп министрлігі импортты алмастыруды дамыту бойынша басым бағыттарды айқындап, оларды Қазақстанда локализациялау шараларын әзірлеуі қажет.
#ҚР Премьер-министрі #Халықтық құрылыс #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу