29 Қазан 2026, 10:30

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауында қойған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет пен әкімдіктер қолда бар ресурстарды тиімді жұмылдыруы керек екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев “Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері” атты халыққа Жолдауында Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құруды басты мақсат ретінде айқындады. Оған қол жеткізу үшін еліміздің мол әлеуеті мен қазіргі заманауи инновациялық жағдайларда беріліп отырған орасан зор мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануымыз қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Мемлекет басшысы жариялаған “Халықтық құрылыс” бағдарламасы экономиканың барлық саласындағы түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер мен реформаларға жол ашатынын атап өтті. Бұл жалпыхалықтық жоба жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін береді.
Премьер-министр сондай-ақ Президент Жолдауы алдағы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат екенін, оны жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттігін баса айтты.
«Президент Жолдауы біздің алдымызға тарихи мәні зор міндет қойып отыр. Ол – өскелең ұрпақтың игілігі үшін қуатты әрі озық экономикасы бар жаңа тұрпатты мемлекет құрып, аманат ету. Ол үшін Мемлекет басшысының барлық ауқымды реформалары мен стратегиялық бастамаларын табысты жүзеге асыруымыз қажет. Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды салу мен жаңғырту үшін қолда бар ресурстарды тиімді жұмылдыруы керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Жолдауды жүзеге асырудағы басым міндеттердің бірі ретінде халықаралық және ішкі логистиканы дамыту, көлік саласын цифрландыру, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері әлемдік ауқымды өзгерістер аясында шешімін табуы тиіс екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығындағы технологиялық жаңғырту мен инновациялар болашақта азық-түлік тапшылығының алдын алуға кепіл болады.
Инвестициялық салада инвесторлармен кешенді жұмысты және оларды жан-жақты қолдауды қамтамасыз ететін капиталды тартуды басқарудың тұтас жүйесін құруға баса назар аударылды. Шағын және орта бизнесті дамыту, бюджет және салық саясатын жетілдіру, сондай-ақ жалпы Қазақстанның цифрлық экономикасын белсенді дамыту ұзақмерзімді кезеңге арналған стратегиялық мақсат-міндеттерге қол жеткізуге ықпал етеді. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі жаңа тәсілдер шын мұқтаж жандарға көмек көрсетуге мүмкіндік береді
Жауапты ведомстволардың, жергілікті билік органдары мен мемлекеттік ұйымдардың алдына бірқатар міндет қойылды:
- Инфляцияны тежеу және бағаны тұрақтандыру. Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық банкпен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, 20 қарашаға дейін салық-бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестіру шараларын әзірлеуі тиіс. Әкімдіктер азық-түлік бағасына апта сайын мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін, Сауда және интеграция министрлігі сауда үстемелеріне бақылауды күшейтсін. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, екі апта мерзімде қысқы кезеңге арналған азық-түлік қорын қалыптастырып, тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыру және өнімді тікелей жеткізу көлемін ұлғайту қажет.
- Бюджет шығыстарының тиімділігін және қаржылық бақылауды арттыру. Қаржы, Ұлттық экономика, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері бюджет процесінің барлық кезеңінде цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні қолдануды кеңейтсін. Бұл процесс деректерді автоматтандырылған түрде тексеруді, тиімсіз шығыстар тәуекелдерін анықтауды және онлайн-мониторинг жүргізуді қамтиды. Қаржы министрлігі қазынашылық ақпараттық жүйесін құруды және мемлекеттік кірістер мен шығыстарды басқару жүйелерін интеграциялауды қамтамасыз етсін. Бір ай мерзімде тәуекелге бағдарланған интеллектуалды бақылау жүйесін енгізу тетігін ұсыну қажет.
- Кәсіпкерлікті дамыту және әкімшілік жүктемені азайту. Ұлттық экономика министрлігі жыл соңына дейін қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту, технологиялық жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру және ірі компаниялармен кооперацияны дамыту шараларын қамтитын орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлесін. «Атамекен» ҰКП-мен, бизнес-омбудсменмен және депутаттық корпуспен бірлесіп, екі апта мерзімде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу жөнінде ұсыныстар дайындасын. Мүдделі министрліктер «Атамекен» ҰКП-мен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, бір апта мерзімде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына ШОБ-тың қатысуын кеңейту мәселесін пысықтасын.
- Инвестициялық саясатты жетілдіру. Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктері «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, он күн мерзімде инвестициялық процестерді басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізсін. Ұлттық экономика министрлігі шешім қабылдау орталығын айқындап, инвестициялық процеске қатысушылардың функцияларының ажа жігін ашып, инвесторлармен жұмысты орталықтандырылған үйлестіруді қамтамасыз етсін. Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен, «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» холдингтерімен бірлесіп, бір ай мерзімде әлеуетті инвесторлары, мерзімдері, жергілікті қамту деңгейі және күтілетін экономикалық әсері көрсетілген терең өңдеу жобаларының тізбесін қалыптастыру қажет.
Салық саясатын жетілдіру. Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексіне енгізілетін түзетулер пакетін пысықтап, оны мемлекеттік органдармен келіссін. Қаржы министрлігімен бірлесіп, бір ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу жөнінде ұсыныстар енгізсін. Қаржы министрлігі көлеңкелі экономиканы қысқарту шараларын қабылдап, оның ішінде жасанды интеллектіні қолдана отырып, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыруды аяқтау;
Мемлекеттік басқаруды реформалау. Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жөніндегі кешенді жоспар жобасын әзірлеп, енгізу;
Цифрлық экономиканы дамыту. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп он күн ішінде экономиканы цифрландыруды кеңейту жөнінде ұсыныстар мен цифрлық жұмыспен қамтудың құқықтық режимінің жұмыс істеуінің нақты тетігін ұсынсын. Digital Qazaqstan стратегиясына сәйкес технологияларды енгізуден практикалық қайтарымды қамтамасыз ету.
Ауыл шаруашылығына жасанды интеллектті енгізу. Ауыл шаруашылығы, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері бір ай мерзімде өнімділікті болжау, дақылдарды бақылау, шығындарды оңтайландыру және одан әрі кеңейту мүмкіндігімен ресурстарды ұтымды пайдалану үшін ЖИ қолданудың басым жобаларын айқындау;
Көлік дәліздерін цифрландыру. Көлік министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді интеграциялауды және қағаз құжат айналымын қысқартуды көздейтін көлік дәліздерін жедел цифрландыру жоспарын бекіту;
Алатау қаласын дамыту. Ведомствоаралық жұмыс тобы 30 қарашаға дейін «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға түзетулер бойынша келісілген ұсыныстар берсін. Соттардың мәртебесі, құзыреті мен құрылу тәртібі, юрисдикция мен соттылықтың аражігін ажырату туралы ережелерді қарастыру;
Әділет министрлігіне жаңа Азаматтық кодекстің жобасын әзірлеуге дереу кірісу, сондай-ақ Мемлекет басшысының заңнамалық тапсырмаларын Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасында және Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарында қарастыру;
Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын әзірлеп, оны 2026 жылғы 3 қарашада Үкімет отырысына шығару тапсырылды.
#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #Мемлекет басшысының Жолдауы #Экономика #Үкімет отырысы«Президент Жолдауында көзделген барлық міндеттер мен реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардың жұмысы стратегиялық тұрғыдан озық қарқынмен жүруі тиіс. Мемлекеттік шешімдердің ашық әрі жедел болуы үшін экономиканың барлық саласында жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін толыққанды пайдалану қажет. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жұмысымыздың басты мақсаты – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру және еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету», — деп атап өтті Премьер-министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу