18 Қыркүйек 2026, 16:52
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің отырысы өтті. Жиында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қалай жүзеге асырылып жатқаны, келесі жылғы жобалардың дайындығы, сондай-ақ қаржыландыру, цифрландыру және отандық өндірушілерді жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.
Бүгінгі таңда алғашқы 14 нысанда жұмыстар толық аяқталды. Жалпы ұлттық жоба аясында 839 миллиард теңге болатын 347 жоба дайындалған. Оның 220-сы бойынша мердігер ұйымдар анықталса, 126 миллиард теңгенің 77 жобасында құрылыс жұмыстары мен құрал-жабдық сатып алу басталып кетті. Тағы 29 жоба қазіргі уақытта конкурс кезеңінде тұр.
Алғашқы аяқталған нысандар жеті өңірде орналасқан. Оларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 27,3 миллиард теңгені құрады, ал конкурс нәтижесінде 975 миллион теңгеге жуық қаржы үнемделді. Жобалардың жетеуі Павлодар облысында, екеуі Батыс Қазақстан облысында жүзеге асты. Сонымен қатар Астана, Шымкент қалаларында, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жұмыстар аяқталды. Қазір бұл нысандарды пайдалануға беру үшін құжаттар рәсімделіп жатыр.
Қазірдің өзінде бірнеше өңірде бұл жұмыс нәтижесін көрсетті. Жетісу облысында 31 миллиард теңгеге 24 шарт жасалып, жұмыс басталды. Ал Қарағанды облысында 88,1 миллиард теңгені құрайтын 15 жоба бойынша келісімшарттарға қол қойылды.
Дегенмен 30 кәсіпорынға тиесілі 67 жоба бойынша құрылыс түрлі себептерге байланысты әлі басталған жоқ. Жобаларды жүзеге асыру қарқыны төмен өңірлер ретінде отырыста Шымкент қаласы, Абай, Ұлытау, Алматы, Атырау және Түркістан облыстары аталды.
«Егер өңірде біліктілік немесе тәжірибе жетіспесе, өзара тәжірибе алмасыңыздар. Әрбір жобаға ерекше көңіл бөліп, туындаған мәселелерді сол жерде шешу үшін нысандарды барып аралау қажет», — деді Қанат Бозымбаев.
2027 жылға жоспарланған жобалардың дайындығына да бөлек назар аударылды. Бүгінгі таңда 300 миллиард теңгені құрайтын 245 жоба бойынша қажетті келісімдер алынып, конкурс жұмыстары басталып кетті. Премьер-министрдің орынбасары конкурс пен құжаттама шараларын келесі құрылыс маусымына созбай, жобаларды жүзеге асыруға ерте бастан толық дайындауды тапсырды.
Отырыста ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің қатысушылары бұдан былай жұмыстың барысы туралы апта сайын есеп беретіні айтылды. Ал қазан айына дейін Ұлттық экономика министрлігі әр өңір бойынша тапсырмалардың қалай орындалып жатқаны туралы бөлек талдау ұсынуы тиіс.
Қаржыландыру жағынан кепілдік ретінде қоятын мүлкі жеткіліксіз, мүмкіндігі шектеулі шағын жеке коммуналдық кәсіпорындарға қаражат тарту жолдары қаралды. Қанат Бозымбаев мұндай жобалар үшін қаржы көздерін тауып, қарызын кепілдендіру тетіктерін пысықтауды тапсырды.
Тағы бір басты бағыт – коммуналдық инфрақұрылымды есептеу құралдарымен қамтамасыз ету және салалық мәліметтерді бір жүйеге біріктіру. Вице-премьер бұл жұмыстың Президент жүктеген жасанды интеллектіні дамыту және цифрландыру міндетімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Есептеу құралдарымен қамту – тек Ұлттық жобаның шаруасы емес. Президент алдымызға жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру бойынша нақты міндет қойып отыр. Біз инфрақұрылымды жаңартып, желілерді қайта жөндеп жатырмыз, бірақ сонымен қатар мәліметтермен де дұрыс жұмыс істеуді жолға қоюға міндеттіміз. Бастапқы мәліметтерсіз, оларды жібермей және талдамай жасанды интеллектіні толыққанды енгізу мүмкін емес», — деді Қанат Бозымбаев.
Талқылау қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ақпараттық жүйелердің өзара байланыс тетігін құру, есептеу құралдарына қойылатын талаптарды айқындау және бұл жұмысты өңірлер, кәсіпорындар мен салалар бойынша жүзеге асыру жоспарын бекіту тапсырылды.
Вице-премьер конкурс процедураларының сапасына ерекше тоқталды. Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ жүргізген тексеріс барысында кейбір жобаларды жүзеге асыруда заңбұзушылықтар анықталды.
«EPC-мердігерлерді анықтау үшін өткізілетін конкурс процедураларының сапасына жеке тоқталғым келеді. Шілде айынан бері уәкілетті органға 300-ге жуық шағым түсіп, оның 112-сі қанағаттандырылды. Бұл конкурс құжаттамасының нашар дайындалғанын және тапсырыс беруші тараптың біліктілігі төмен екенін көрсетеді. Ескертемін, конкурстарды өткізу кезінде заңсыз әрекеттер анықталса, құқық қорғау органдарын тарта отырып, бұл мәселемен жеке өзім айналысамын. Осыны тапсырыс берушілеріңізге жеткізіңіздер», — деді Қанат Бозымбаев.
Ұлттық экономика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, конкурс процедураларының өткізілуін бақылауды күшейту және егер заңбұзушылықтар анықталса, 2026 жылдың 1 қазанына дейін табиғи монополия субъектілерінің басшыларын әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін пысықтау тапсырылды.
Қанат Бозымбаев ЭКСЖ жобаларына отандық өндірушілердің қатысуына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, инфрақұрылымды жаңғыртуға бөлінетін қомақты қаржы ішкі экономикаға жұмыс істеп, қазақстандық кәсіпорындарды тапсырыспен қамтамасыз етуі тиіс.
«Қазақстандық тауар өндірушілерді барынша тапсырыспен қамтамасыз ету қажет. Бөлінген қаржы Ұлттық жобаны жүзеге асыруға бағытталған, сондықтан ол біздің экономикамызға жұмыс істеуі тиіс. Қосылған құн Қазақстанда қалуы керек», — деді Қанат Бозымбаев.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 15 қазанға дейін сатып алулар мен офтейк-келісімшарттар бойынша нормативтік құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізу және отандық өндірушілермен өзара іс-қимылдың нақты тетіктерін айқындау тапсырылды. 2027 жылғы жобаларды қоса алғанда, қолда бар барлық жоба Ұлттық жобаның электронды платформасына жүктелуі тиіс.
Әкімдіктер мен «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-ға ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында жаңғыртылатын нысандарда отандық өнімдердің қолданылуын бақылауды күшейту тапсырылды.
Жиналысты қорытындылай келе, Қанат Бозымбаев жұмыстың сапасына қойылатын талаптарды төмендетпестен, жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуді талап етті.
«Жұмыс қарқынын үдету керек. Биыл жоспарланған көлемді толық игеруіміз қажет. Сонымен қатар бәрі сапалы болуы тиіс. Созбақтауға уақыт жоқ», — деп түйіндеді Қанат Бозымбаев.

#ТКШ #Энергетика #Қанат Бозымбаев
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу