30 Қараша 2017, 09:21
Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы баспасөз конференциясында инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев пен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Өміржан Тәшімов елдегі инновацияларды дамыту туралы айтып, XII Инновациялық конгрестің қорытындысын шығарды.
Инвестициялар және даму министрлігі міндеттерінің бірі — технологиялар мен инновациялар саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру, инновациялық қызметті ынталандыру үшін жағдай жасау.
Тимур Тоқтабаевтың айтуынша, осы мақсатта Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікпен бірлесіп, жыл сайын инновациялық жобалар көрмесімен Инновациялық конгресс өткізіледі. Биылғы шара 28 қарашада Алматы қаласында өтті. 2017 жылғы конгресс тақырыбы — «Технологиялық кәсіпкерлікті дамыту» болды.
«Іс-шара барысында 600-ден астам жетекші халықаралық және ұлттық сарапшылар технологиялар трансфері, бизнес-инкубациялау, инновациялық қызметті қаржыландыру және Blockchain технологиялары мәселелерін талқылады», — деді Т. Тоқтабаев.
Вице-министрдің айтуынша, Конгресс жұмысының басымдықты бағыты ШОБ дамыту болды. Бұл биыл гранттық бағдарлама тәсілдері қайта қаралғанына байланысты орын алды, онда технологиялар трансфері арқылы қолданыстағы бизнесті қолдауға басты назар аударылған.
Осыған байланысты өтініш берушілерге қойылатын талаптар өзгертілді: Агенттік пен өтініш беруші арасындағы технологияны бірлесіп қаржыландыру қатынасы енді 50%-де 50%-ді құрайды, бұған дейін 20%-да 80% болған еді. Өтініш берілген салада үш жылдық коммерциялық тәжірибенің болуы туралы талап енгізілді. Бұдан өзге, үш жылдық жиынтық табыс жоба құнын жабуы тиіс.
Грант бағдарламасына өтінімдер қабылдау 2017 жылғы 2 тамыздан 2 қазанға дейін жүргізілді. Түрлі қауымдастықтар мен шолушылардың қатаң тәртіптер тұрғысынан нарықтың гранттарға сұранысының төмендеуі мүмкін деген күдігіне қарамастан, Агенттікке 206 өтінім келіп түсті. Олардың ішінде мына грант түрлері бойынша қабылданды:
● технологияларды коммерцияландыру үшін — 122 өтінім;
● жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың технологиялық дамуы үшін — 65 өтінім;
● салаларды технологиялық дамыту үшін — 19 өтінім.
«Жалпы, қазіргі таңда Гранттық қаржыландыру комиссиясы 9 өтінімді қолдады, одан әрі ынтымақтастық орнату туралы келісімдерге қол қою жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деп қорытындылады ҚР ИДМ вице-министрі.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу