16 Қыркүйек 2026, 13:20
Үкімет Құрылтай депутаттарына «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заң жобасын ұсынды.
Құжат реттеудің ашықтығы мен болжамдылығын арттыруға, әкімшілік рәсімдерді оңайлатуға және отандық қызмет берушілер үшін сыртқы нарықтарда қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев Қазақстан ДСҰ-ға кірген сәттен бастап еліміздің сыртқы сауда көлемі 2015 жылғы $76,5 млрд-тан 2025 жылы $136,9 млрд-қа дейін ұлғайғанын атап өтті. 2025 жылы Қазақстан көрсеткен қызметтер экспорты шамамен $13 млрд-ты құрады, ал электрондық сауда көлемі соңғы бес жылда сегіз есеге өсіп, 3,8 трлн теңгеге жетті.
Ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанның ДСҰ-ның қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылуын көздейді. Олар өтініштерді беру және қарау, рұқсат құжаттарын электрондық форматта алу, ақпараттың қолжетімділігі және қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптардың ашықтығы туралы мәселелерді қамтиды.
Бұл ретте Қазақстан лицензиялау, біліктілік талаптары сынды тағы да басқа реттеу шараларын дербес белгілеу құқығын сақтайды, олардың ішінде денсаулықты, қауіпсіздікті және қоғамдық мүдделерді қорғау мақсаты да бар.
Бұл қағидаларға қосылу бизнес үшін неғұрлым түсінікті әрі болжамды жағдайлар қалыптастырып, қазақстандық компанияларға сыртқы нарықтарда қаржылық, көлік, IT, кәсіби және басқа да қызметтер көрсету саласында қосымша мүмкіндіктер береді.
Заң жобасын депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады. Ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді.
Сонымен қатар Үкімет енгізген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
#Заң жобалары #Сауда #ЭкспортҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу