Жоғары білім беру жүйесі мен еңбек нарығын трансформациялау мәселелері қаралды

ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында еңбек нарығындағы өзгерістер және жасанды интеллектіні енгізу жағдайында жоғары білімді кадрлар даярлау мәселелері қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасап, депутаттардың сауалдарына жауап берді.

Министрдің атап өтуінше, жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында кадр даярлау мәселесі стратегиялық маңызға ие болып, экономикалық егемендіктің маңызды факторы ретінде қарастырылады.

Президент тапсырмасына сәйкес цифрлық мемлекет қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2023 жылы қабылданған «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң білім беру жүйесі мен еңбек нарығын жақындастырудың институционалдық негізін қалыптастырды. Бүгінде біліктілікті тану инфрақұрылымы құрылып, 70 кәсіп бойынша 16 орталық жұмыс істейді. Экономиканың 19 саласы бойынша 63 салалық шеңбер және 864 кәсіптік стандарт бекітіліп, 4 500-ден астам кәсіп жүйеленді. Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының 87%-ы кәсіби стандарттармен үйлестірілген.

Өңірлік жаңа кәсіптер атластары әзірленіп, елдің барлық өңірінде енгізілді. Атластар 27 саланы қамтып, еңбек нарығындағы өзгерістерді, оның ішінде жасанды интеллект, цифрландыру және автоматтандыру үрдістерін нақты көрсетеді.

«Өңірлік және салалық атластар тиімді жұмыс істейтін құралға айналды. Олардың негізінде басым 5 сала бойынша 20 кәсіптік стандарт әзірленіп, 100-ден астам кәсіп жаңа жіктеуішке енгізілді. 234 мың оқушыға кәсіби диагностика жүргізіліп, ЖОО базасында 19 құзыреттілік орталығы құрылды. Сондай-ақ 1750-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Нәтижесінде білім беру жүйесі мен еңбек нарығын өзара байланыстыратын біртұтас болжамдау жүйесі қалыптасты», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

2025 жылдан бастап QS компаниясымен бірлескен зерттеу жүргізіліп, HolonIQ платформасы енгізіліп жатыр. Бұл еңбек нарығының толық көрінісін қалыптастыруға, сұранысқа ие құзыреттерді анықтауға және болашақ кәсіптерді болжауға мүмкіндік берді. Алғашқы нәтижелер деректермен жұмыс, машиналық оқыту, цифрлық инженерия және киберқауіпсіздік бағыттарына сұраныстың жоғары екенін көрсетті.

Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның тапсырмасымен 73 мың кәсіпорынға жүргізілген сауалнама нәтижелері еңбек нарығында жүйелі тәуекелдердің бар екенін айқындады. Экономикадағы сұраныс технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарына ауысуда, ал негізгі қажеттілік техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің түлектеріне тиесілі.

Қазіргі таңда жоғары білікті мамандардың үлесі 25%-ды құрайды. Ірі кәсіпорындар жасанды интеллектіні енгізіп, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуда және кадр даярлау ісіне белсенді қатысуда.

Бүгінде 19 жоғары оқу орнында бизнес өкілдерімен бірлескен 75 зертхана жұмыс істейді. Олардың қатарында Amazon Web Services, Cisco, Huawei, Schneider Electric, Honeywell бар. Аталған зертханаларда 7 600 студент оқып, бизнес тарапынан 2,4 млрд теңге инвестиция тартылды.

Министрлік кадр даярлау жүйесінің жаңа архитектурасын қалыптастырып жатыр. Негізгі бастамалар қатарында AI-Sana бағдарламасы, OpenAI компаниясымен ынтымақтастық, бірыңғай білім беру стандарттарын енгізу және университеттерді AI-Enabled University моделіне көшіру бар. Сонымен қатар Educational Testing Service ұйымымен бірлесіп ұлттық тестілеуді жаңғырту жұмыстары басталды. Университеттердің цифрлық ұлттық рейтингі енгізіліп, білім беру сапасын бағалаудың жаңа тетігі қалыптасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасанды интеллектке мамандандырылған зерттеу университетін құру жұмыстары басталды.

AI-Sana бағдарламасының алғашқы кезеңінде 670 мыңнан астам сертификат беріліп, 300-ден астам ЖИ-шешім әзірленді. Оқытушыларды даярлау аясында OpenAI негізіндегі ChatGPT Education платформасы енгізіліп, 62 800 лицензия қолжетімді болды.Инфрақұрылымды дамыту бағытында Alem.cloud кластері іске қосылып, жасанды интеллект орталықтарының желісі қалыптасып келеді.

Сонымен қатар жүйелік мәселелер де атап өтілді. Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беру мен жоғары білім арасындағы алшақтық, бизнес қатысуының жеткіліксіздігі, салалық деректерге қолжетімділік және микробіліктіліктерді тану мәселелері өзекті болып отыр.

Аталған міндеттерді шешу мақсатында Ұлттық кәсіптерді трансформациялау орталығын құру жоспарланған. Сондай-ақ қабылданып жатқан шаралар білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеуге және елдің технологиялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу