Мәжілісте отандық ғылымның дамуы қаралды

Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық ғылымның дамуы туралы баяндама жасады.

«Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасында берген тапсырмасына сәйкес ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңмен ұлғайту бойынша мақсатты түрде жұмыстар жүргізілуде. Ғылымды қаржыландыру соңғы үш жылда 3 есе артты. Сондай-ақ ғылыми жобаларды коммерцияландыру 4 есе артты. Биыл 54 ғылыми ұйымға базалық қаржыландыру берілді», — деді С. Нұрбек.

Министрдің айтуынша, ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыс нәтижелерін коммерцияландыру жобалары табысты іске асырылып жатыр.

«Коммерцияландырылған жобалар нәтижесінде инновациялық өнімдерді сатудан түскен табыс 22,6 млрд теңгені құрады, ал бюджетке 5,7 млрд теңге салық төлемдері түсті. 465,5 млн теңгеге өнімдер экспортталды. Жеке қаржыландыру көлемі шамамен 6,8 млрд теңгені құрап, 1 400-ден астам жұмыс орны құрылды», – деді ғылым және жоғары білім министрі.

Сонымен қатар Саясат Нұрбек отандық ғалымдардың әлеуетіне тоқталды. Соңғы мәліметтерге сәйкес бүгінде елімізде 22 мың ғалым бар. Зерттеушілердің 37%-ның ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар – 1 743 ғылым докторы, 3 945 ғылым кандидаты, 2 460 PhD докторы және өз саласы бойынша 96 доктор саналады.

«2022 жылдан бастап “Ғылым туралы” заңға енгізілген өзгерістер іс жүзінде іске асырыла бастады. Базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың еңбекақысын төлеу, сондай-ақ ҰҒК шешімдерін апелляциялау институты енгізілді, ғылыми тағылымдамадан өтудің нормативтік базасы бекітілді. Жүргізілген шаралар нәтижесінде ғалымдардың жалақысы 2 есе ұлғайтылды. Сонымен қатар Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесі берілді», — деді министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Сондай-ақ жас ғалымдарды қолдау күшейтілді. Жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурстары нәтижесінде 881 жоба жүзеге асып жатыр. Оған қоса әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 қазақстандық ғалым тағылымдамадан өтіп жатыр.

#Ғылым #ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу