Қазақстанда кәсіптік біліктілікті тану жүйесін енгізу жоспарланып отыр 

Қазақстанда кәсіптік біліктілікті тану жүйесін енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта ҚР Мәжілісінде депутаттардың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, кәсіподақтар, жұмыс берушілер мен бизнес өкілдерінің қатысуымен тиісті заң жобаларын талқылау жүріп жатыр.

Кәсіптік біліктілікті тану жүйесі формалды, формалды емес және информалды білім беру нәтижесінде алынған мамандардың құзыреттерін тәуелсіз бағалауды білдіреді. Бұл жұмыс берушілерге өз жұмыскерлерінің кәсіптік жарамдылық деңгейін және олардың еңбек өнімділігін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Ал жұмыссыздар мен жұмыс іздеушілер жұмысқа орналасу үшін қосымша мүмкіндіктер алады. Талқыланып отырған заң жобалары осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған.

Кәсіптік біліктілікті тану ҚР салалық заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен міндетті негізде де, өз бетінше және (немесе) жұмыс берушінің жолдамасы бойынша аккредиттелген орталыққа жүгінген кандидатты сертификаттау арқылы ерікті негізде де жүзеге асырылуы мүмкін.

Сонымен қатар заң жобаларында халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген жұмыссыз адамдарға біржолғы ваучер беру көзделген, соның негізінде олар республикалық бюджет қаражаты есебінен кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өте алады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу