Алматыда ЖЭО-2 газға ауыстыру 2025 жылға қарай ластаушы заттар шығарындыларын 80%-ға төмендетуге мүмкіндік береді – С. Брекешев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Тақырып бойынша экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қолайлы өмір сүру ортасы мен экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталғанын атап  өтті. Ұлттық жоба 4 бағытты, 11 міндетті, 19 көрсеткішті және 48 іс-шараны қамтиды.

2021 жылы ұлттық жобаны іске асыруға 89,3 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 27,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге және бюджеттен тыс 46,7 млрд теңге қаржы көзделген. Биыл ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыруға шамамен 161 млрд теңге жоспарланды.

2021 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілді. Жедел мәліметтерге сәйкес, осы жылдың І жартысында жоспарланған көрсеткіштер де орындалуда. Өнеркәсіп кәсіпорындары айналымдық сумен жабдықтау нашар енгізіліп, өнеркәсіп саласында таза су алу көлемі төмендеуінің бір көрсеткішіне қол жеткізілген жоқ.

«Атмосфералық ауа сапасын жақсарту» шаралары шеңберінде 10 ірі қалада 5 жыл ішінде 16 ірі кәсіпорында шығарынды 20%-ға қысқарту көзделіп отыр. 2021 жылы 16 кәсіпорын атмосфералық ауаға 655 мың тонна ластаушы заттар шығарды, бұл 803,8 мың тонна лимит кезінде 2020 жылғы деңгейден 3%-ға төмен. Осы жылдың 6 айында кәсіпорындардың эмиссиялары 293,2 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 6,7%-ға төмен»,  — деді С. Брекешев.

Бұл көрсеткішке табиғаты қорғау іс-шараларымен қатар, өнеркәсіпті модернизациялау есебінен қол жеткізілді. Ол үшін кәсіпорындар өз қаржысынан 15,4 млрд теңге бөлді.

Мысалы, «АрселорМиттал Теміртау» қоғамының Болат департаменті агломерат бункерлер корпустары шаң тазалау жабдықтарын жаңартып, қазандық агрегаттарының электр сүзгілеріне жөндеу жүргізілді. Бұл шығарынды 1,1 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік берді. Әктасты ұсақтау корпусының шаң тазалайтын жабдықтарын қайта құру және электр сүзгілерін орнату арқылы агломераттарды жентектеу аймағының газ шығару жолын қайта жаңарту бойынша жұмыстар басталды. Жұмыс биыл аяқталады. Жалпы, кәсіпорын бойынша 2025 жылға 30%-ға төмендету жоспарланып отыр.

Алматыда екінші жылу электр ортылығын (ЖЭО-2) газға ауыстыру жоспарланған, бұл 2025 жылға қарай ластаушы заттар шығарындыларын 80%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекингтің түтін газын тазалау және отын газын амин қышқылымен тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ластаушы заттардың шығарындыларын 3,6%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы, 2030 жылға дейін 9,1%-ға төмендету жоспарланып отыр.

Қалдықтарды басқару саласында ұлттық жобасына 3 көрсеткіш және 16 іс-шара енгізілді. Қатты мен өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізу үшін 3005 полигонның 639-ы экологиялық нормаларға сәйкес келтірілді. Бөлек жинау үшін 3 876 контейнер орнатылды. Жамбыл облысында 870 мың тонна түйіршіктелген шлак өңделді. Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс қалдықтарын жинауға және өңдеуге арналған алаң салынды. Павлодар облысында «Былқылдақ» көлі аумағының ластануын оқшаулауға бағытталған іс-шаралар өткізілуде.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі өңірлерде қалдықтарды сатысына қарай басқару жүйелі жоспарлау кешенді жұмысы атқарылмай жатқанына назар аударды. Осыған байланысты, ведомствоның ұсынысы бойынша, әкімдіктер коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуі тиіс, ол нақты өңірде қалдықтарды басқарудың барлық жүйесін ескеруі тиіс және облыстардың аумақтық ерекшеліктері ескере отырып әзірленуі керек. 

Еліміздің су объектілерінің экожүйесін сақтау және суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру міндеті шеңберінде каналдарды, соның ішінде Балқаш көлінің бассейнінде реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сырдария өзенінің 50 шақырымы тазартылды. 

«2021 жылы 22 арнаның су есебі цифрланды. Осы жылы 89 канал цифрландырылады», —  деді С. Брекешев.

Осы шаралар Балқаш көліне жылына кемінде 12 текше километр су ағымын қамтамасыз етті, Солтүстік Арал теңізінің көлемі 20,6 текше километр деңгейінде сақталып, суару кезінде су шығыны 200 млн текше метрге қысқартылды, көлемі 230 млн текше метрге су қосымша жинақталды.

Аралды сақтау үшін қазіргі уақытта «Арал теңізінің солтүстік бөлігін дамыту және қалпына келтіру» жобасының техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Сонымен қатар, Ақтөбе облысындағы Шалқар көлін тазарту жұмысы жалғасып жатыр.

Биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында ұлттық жобасына 3 міндет енгізіліп, оның ішінде 3 көрсеткіш және 8 іс-шара қабылданды. Ұлытау тау-дала массивінің экожүйесін қалпына келтіру және сақтау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауданы 58,9 мың гектар «Ұлытау» ұлттық паркі құрылды.

Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында облыс әкімдіктері орманды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарларды бекітті, интерактивті карта дайындалып, керекті техника мен жабдық құралдары сатып алынды.

2021 жылы жоспарланған 44,3 мың га орнына 66 мың гектар алқабындағы 138 млн-ға жуық ағаш отырғызылды. Биыл көктемдік отырғызылымда жоспарланған 66,9 мың гектардың 39 мың гектарына 106,4 млн ағаш отырғызылды. Орман дақылдарының негізгі жұмыс көлемін аяқтау күз мезгіліне жоспарланған.

«Сонымен бірге Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында өткен жылы 100 мың га сексеуіл отырғыздық. Биыл 250 мың гектар отырғызу жоспарланған. Осы жылдың көктемінде 12 мың гектар сексеуіл отырғызылды, қалған 238 мың гектар алқабындағы бөлігі күзде отырғызылады. Көрсеткіштер толығымен орындалатын болады»,  — деді Серікқали Брекешев.

2021 жылы республика бойынша орман дақылдарының жерсінуіне инвентаризация жүргізілді. Күзгі инвентаризация қорытындысы бойынша орман дақылдарының жерсінуі шамамен 72%-ды құрады. Нормативтік жерсінуі қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ экология, геология және табиғи ресурстар министрі биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бекітілген жоспарлы жұмыстарды жүргізуге қаржы бөлінбегенін атап өтті, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға кедергі келтіруі мүмкін. 

«Экология болашағы» бағыты бойынша 2021 жылы жалпы орта мектептің 6-сынып бағдарламасына «Экология» курсы енгізілді. Ең үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, экологиялық-биологиялық факультативтік әдістеме әзірленді. Биыл «Эко-білім берудің үздік ұйымы» жыл сайынғы ұлттық конкурсын өткізу жоспарлануда.

Біріккен Ұлттар Ұйымының PAGE бағдарламасының қолдауымен экологиялық ақпарат көзімен қамтылғандар санын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру ұлттық медиа-жоспарының тұжырымдамасы дайындалды. Тұжырымдама қоғамдық эко-пікірді қалыптастыру үшін ақпараттық-түсіндіру кампаниясын ұйымдастыру әдісін ұсынады.

С. Брекешев биыл 1 қаңтардан бастап Бюджет кодексінде экологиялық төлемдердің 100%-ын табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсау туралы норма енгізілгене назар аударды. Дегенмен, бірқатар облыстарда экологиялық шараларды қаржыландыру экологиялық эмиссия төлемдерден түсетін қаражаттан әлдеқайда төмен. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар, бірінші кезекте, облыстардың қоршаған ортасын қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуі, екіншіден, жергілікті бюджет қаражатын осы жоспарларға сәйкес толық көлемде жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Осы қаражатты ұлттық жобасы іс-шараларын іске асыруға пайдалануға болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу