2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 6,8 трлн теңге кіріс түсті — Қаржы министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады.

2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 6,8 трлн теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 94,7%-ға атқарылды. Республикалық бюджетке 4 трлн 264 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 86,5%-ға атқарылды.

Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 667 млрд теңгені құрады.

Бұл ретте, салықтық емес түсімдер 154 млрд теңгеге артығымен орындалды.

Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн мен корпоративтік табыс салықтарына тиесілі болды.

Корпоративтік табыс салығының атқарылмауына мынадай факторлар әсер етті:

  • негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 12,5%-ға құлдырауы;

  • 2020 жылдың 9 айында жылдың басымен салыстырғанда әрекетсіз салық төлеушілер санының 8,1 мыңға, оның ішінде заңды тұлғалардың 4,8 мыңға ұлғаюы;

  • кәсіпорындардың күтілетін кірістерінің түспеуі. Атап айтқанда осы жылдың 10 айында республикалық бюджетке корпоративтік табыс салығын төлеушілердің жартысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді азайтты;

  • екінші деңгейдегі банктерден түсетін түсімдер 11,8 млрд теңгеге азайды.

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың негізгі атқарылмау себептері:

  • өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтарудың 54,4%-ға немесе 192,1 млрд теңгеге өсуі;

  • «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі деректеріне сәйкес сату бойынша айналымдардың азаюы. 

Негізгі төмендеу тау-кен өнеркәсібі саласына тиесілі, онда айналымдар 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,6%-ға немесе 4,3 трлн теңгеге азайған.

Министр атап өткендей, жергілікті бюджеттердің кірістері 113%-ға атқарылды және 2 трлн 490 млрд теңгені құрады. Жалпы жоспар 286 млрд теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде салықтар бойынша — 264 млрд теңгеге. Барлық өңірде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды.

Жақында 2020 жылдың нақтыланған бюджеті қабылданды, онда салықтар және салықтық емес түсімдер бойынша жоспарлар түзетілді. Қаржы министрлігінің алдында тұрған басты міндет — кірістер бойынша нақтыланған жоспардың толық орындалуын қамтамасыз ету.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 11 трлн 284 млрд теңгені құрады. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 6,4 трлн теңгені құрады», — деп хабарлады Е. Жамаубаев.

Биыл өңірлерге 2,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Алдын ала мәліметтер бойынша оларға 1 қарашадағы жағдай бойынша 1,7 трлн теңге бөлінді. Олардың 98,2%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 31 млрд теңге, оның ішінде 7 млрд теңге үнемделді, 24 млрд теңге игерілмеді.

Айта кеткен жөн, өткен 10 айда камералдық бақылаумен сомасы 9,3 трлн теңгеге шамамен 1,3 млн мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. 

Тексеру қорытындылары бойынша сомасы 698 млрд теңгеге бұзушылықтар ескертілді. 1,6 мың аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 872 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Сомасы 198 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

«Тауарларды жеткізуді, қызметтерді көрсетуді және жұмыстарды орындауды қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 172 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 1 411 ұсыным берілді. Оның ішінде 1 101-і орындалды», — деді министр.

2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары 93%-ға орындалды.

2020 жылы 74 объектіні өткізу жоспарлануда. Оның 39-ы сатылымға шығарылды.

«Есепті кезеңде сомасы 100,4 млрд теңгеге 7 объекті сатылды. Сауда-саттықта 32 объекті тұр. 6 объекті қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 16 объект жыл соңына дейін сатуға қойылады. 13 объект бойынша өткізу мерзімі 2021-2024 жылдарға ауыстырылды», — деп түйіндеді Е. Жамаубаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу