07 Қазан 2025, 11:15
Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және оларды әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде соңғы жеті жылда Қазақстанда дәрігерлердің орташа жалақысы 2,5 есеге өсті. Бұл туралы Үкімет отырысы барысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады.
Министрдің сөзінше МӘМС іске қосылғаннан кейін салалық қаржыландырудың орташа жылдық қарқыны 2 есеге өсіп, инвестициялардың артуына да ықпал еткен.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде сақтандыру үлгісі бойынша жұмыс істейтін елдердің үздік тәжірибелерін ескере отырып, ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) және МӘМС пакеттерінің қайта реттеу жүргізілді. 2027 жылға қарай МӘМС қаражаты салалық шығыстарының негізгі қаржыландыру көзі болады. Саланы қаржыландыруды ұлғайту халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға тікелей әсер етті. Мәселен, соңғы 7 жылда бір тұрғынға шаққандағы медициналық шығыстар 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін, яғни 2,6 есеге ұлғайды. Бұл ретте медицина персоналының орташа жалақысы шамамен 2,5 есе өсті», — деді Ақмарал Әлназарова.
Министрлік халықты медициналық қызметтермен қамтуды кеңейтуге бағытталған ауқымды жұмыс атқаруда. Оның ішінде созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылау жетілдірілді, МСАК дәрігерлерінің қабылдау уақыты ұлғайтылды, жоспарлы қабылдаулар енгізілді, мейіргерлік практика өкілеттіліктері кеңейтілді. МСАК жанынан жедел жәрдем кабинеттері ашылды.
Скринингтер (медициналық тексерулер) егде жастағы адамдар үшін (76 жасқа дейін), тиімді әрі сезімтал сынамалар есебінен жақсартылды, ми қан айналым бұзылуларын ерте анықтау мақсатында скринингтердің жаңа түрлері енгізілуде.
Осы жылдың 2-жартыжылдығынан бастап онкоскринингтер ТМККК пакетіне ауыстырылды, бұл биыл 300 мыңнан астам сақтандырылмаған адамдардың онкоскринингке қолжетімділігін қамтамасыз еткен, ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қан айналым жүйесінің аурулары, қант диабеті, глаукома, вирусты гепатиттерді ерте анықтауға арналған скринингтер нысаналы санаттағы барлық сақтандырылмаған адамдарға көрсетіледі.
Сақтандыру үлгісі медициналық қызметтер нарығындағы бәсекелестікке де әсер етті. Атап айтқанда, ТМККК және сақтандыру пакеттері бойынша қызмет көрсететін жекеменшік ұйымдардың үлесі 63%-ды құрайды. Жеке сектор гемодиализ, консультациялық-диагностикалық қызметтер және стационарды алмастыратын көмек сияқты бағыттарда ерекше белсенді дамып келеді, оларда жеке ұйымдардың үлесі қызмет берушілердің жалпы санының 50%-нан асады.
«Сонымен қатар министрлік бәсекелестікті дамыта отырып, медициналық ұйымдарға қойылатын талаптарды жетілдіруде. Министрлік халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына кепілдік беру үшін медициналық қызмет берушілерді бақылауды күшейтті. Сатып алуға қатысушылар және шарт жасасуды жоспарлап отырған қызмет берушілерге мониторинг жүргізіледі. Жоспардан тыс мониторинг шеңберінде 1 394 қызмет беруші тексеріліп, олардың 237-сінде сәйкессіздіктер анықталды. Осылайша, қызмет берушілердің 83%-ы «жасыл аймақта» жұмыс істейді. Қалғандарымен құжат айналымын реттеу, лицензия алу сияқты заң бұзушылық себептерін жою жұмыстары жүргізілуде. Қайталанған немесе өрескел бұзушылықтар үшін – айыппұлдар салынып, қызметін тоқтату, келісімшартты бұзу шаралары қолданылуда», — деді министр.
Министр денсаулық сақтау ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және олардың еңбегіне әділ ақы төлеу үшін тарифтік саясат өзгертілгенін тілге тиек етті. Стационарлық көмекке ақы төлеудің негізі болып саналатын 426 клиникалық-шығынды топ толығымен қайта қаралды. Шаралар 2026 жылдан бастап тарифтерді ұлғайтуға және 7 терапиялық және 2 хирургиялық бейіндер бойынша қолжетімділікті арттыруға бағытталатын қаражатты қарастыруға мүмкіндік берді.
Мысалы, 2024 жылы ішкі резервтер есебінен 72 стационарлық қызмет бойынша тарифтер 23 млрд теңгеге ұлғайды. Жаңа тарифтер балалар ауруханалары мен босандыру ұйымдарының басым көпшілігінің қызмет сапасын жақсартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, бұл ана мен бала өлімін төмендетуге және олардың кредиторлық берешектен шығуына ықпал етті.
Жоспар шеңберінде 2025-2026 жылдар ішінде стационарлардың медициналық қызметтеріне арналған тарифтер толығымен қайта қаралады, бұл қаражаттың әділ бөлінуін және заманауи технологияларды тәжірибеге енгізуді қамтамасыз етеді.
Реформа басталған уақытта МӘМС және ТМККК сақтандыру пакеттерінің арақатынасы бірде екіге тең болған. Осы жылғы шілде айында Президент қол қойған заңға сәйкес 2027 жылға дейін МӘМС жүйесі кезең-кезеңімен ауыстырылып, нәтижесінде үлесі жалпы медициналық көмек шығыстарының 66%-на жетеді.
«Бірыңғай медициналық көмек пакеті қалыптастырылды, ол халықтың және медицина қызметкерлерінің ТМККК және МӘМС шекараларын нақты айқындап берді. Бұл базалық көмектің сақтандырылу мәртебесіне қарамастан баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ МӘМС жүйесіндегі ортақ жауапкершілік қағидаттарын сақтау және қатаң ұстану маңызды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша көмек алушылардың 5%-дан астамы – балалар мен егде жастағы азаматтар. Бұл ретте жүйеге түсетін қаражаттың 77%-ға жуығы бюджеттен тыс көздерден, ең алдымен жұмыс істейтін азаматтар мен олардың жұмыс берушілерінің жарналары есебінен қалыптасады. Ресурстарды экономикалық тұрғыдан белсенді топтан әлеуметтік тұрғыдан осал топқа қайта бөлу – денсаулық сақтауды қаржыландырудың сақтандыру моделінің негізгі қағидаты», — деді министр.
Сақтандыру үлгісіне көшудегі негізгі табысты фактор – ол медициналық көмектің жоғары қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қабылданған заң аясында табысы төмен азаматтарға жергілікті атқарушы органдар осы азаматтардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша МӘМС-ке жарналар төлемін жүргізуі енгізілді.
Ведомство басшысының сөзінше осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде медициналық көмекке қол жеткізе алмаған қосымша бір млн-ға жуық адам сақтандыру жүйесімен қамтылады. Медицина әрбір адамға қолжетімді болуға тиіс – осал топқа жататын азаматтар да МӘМС жүйесінде ем алады.
Айта кету керек, бүгінде мемлекет халықтың 15 жеңілдікті санаты үшін сақтандыру жарналарын төлейді, оларға балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, мүгедектігі бар адамдар, жұмыссыздар және басқа да санаттағы азаматтар кіреді, бұл 11 млн-нан астам қазақстандықты немесе жалпы халықтың шамамен 60%-ын құрайды. Сақтандырылмаған 2,4 млн адамның шамамен 1,5 млн-ы жеткілікті табысы бар халықты құрайды.
Медициналық ұйымдардың бизнес-үдерістерін оңтайландыру есебінен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін медициналық ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы медицина қызметкерлерінің жүктемесін 40%-ға дейін төмендету жұмысы жүргізілген. Ақауларды автоматты түрде анықтау дәлдігін 4 есе арттыруға мүмкіндік берген Медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі іске қосылған. Бүкіл ел бойынша пациенттерді цифрлық сәйкестендіру кеңейтіліп, оның нәтижесінде 8 ай ішінде медициналық қызметтерді артық тұтыну көрсеткіші 6,8 %-ға немесе 6,7 млрд теңгеге төмендеген.
Министрдің мәліметінше осы айда кадрлардың, жабдықтардың және медициналық техниканың бөлінуін онлайн режимде қадағалайтын денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың жаңа жүйесі іске қосылады. Желтоқсан айында барлық медициналық деректерді бір эталондық сақтау қоймасында жинақтайтын Медициналық деректердің бірыңғай сақтау қоймасын іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 2026 жылы электрондық денсаулық паспорттары азаматтарға толыққанды қолжетімді болады.
Келесі жылдың басынан бастап жеке дәріхана ұйымдары арқылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықсыздандыру жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Жоба халық үшін дәрілік заттардың қолжетімділігін арттырып, оларға қажетті препараттарды таңдау мүмкіндігін береді.
Денсаулық сақтау жүйесіндегі жасанды интеллект қазірдің өзінде отандық клиникаларда флюорография, маммография, рентгенография, КТ және МРТ талдау кезінде инсульт, өкпе, сүт безі қатерлі ісіктері мен пневмонияны анықтау үшін қолданылуда. Бірқатар медициналық ұйымда дәрігерлерге тексеру нәтижелерін жылдам талдауға және пациенттерге көбірек уақыт бөлуге көмектесетін жасанды интеллект ассистенттер жұмыс істей бастады.
Министр жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайтынын, керісінше оның мүмкіндіктерін күшейтетінін, медицинаны барлық азаматтар үшін заманауи әрі қолжетімді ететінін атап өтті. Жалпы, жүргізілген жүйелі жұмыс 5 жылдық кезеңде демографиялық және медициналық көрсеткіштердің елеулі түрде жақсарғанын көрсетеді.
МӘМС енгізілген сәттен бастап күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Биыл бұл көрсеткішті 75,8 жасқа жеткізу үшін министрлік тарапынан жүйелі жұмыс атқарылуда.
#Денсаулық сақтау #Цифрландыру #Үкімет отырысы«Өлім-жітім деңгейін төмендету – біздің басты міндетіміз, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш
3 %-ды құрады. Бүгінгі таңда МӘМС өзінің нәтижесін беруде деп ойлаймын: атап айтсақ, қаржыландыру көлемі өсуде, медициналық көмекке қолжетімділік кеңеюде, бәсекелестік күшейіп, медициналық көрсеткіштер жақсаруда», — деді министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу