«Байқоңыр» аумағын толық детоксикациялау мәселесі шешілгенше «Протон» ұшыру жайлы сөз қозғай алмаймыз - Н.Қаппаров
Қазақстандық тарап «Байқоңыр» ғарыш айлағының зарарланған аумағын толық детоксикация жұмыстары аяқтағанша «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыру мерзімін кейінге қалдыруды талап етті, деп хабарлады Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров «Протон-М» зымыран тасығышы құлауының жағымсыз экологиялық салдарын жою бойынша іс-шаралар жүргізуді бақылау жөніндегі жұмыс тобының отырысы барысында.
«Аумақ толық зарасыздандырылған жоқ, сондықтан толық детоксикация мәселесін шешкенше келесі «Протонды» ұшыру туралы сөз қозғай алмаймыз. Қазақстан тарапынан позиция өзгерген жоқ. «Протонды» ұшырудың жоспарланған мерзімі 17 қыркүйек екені бізге мәлім. Алайда, біз аумақты толығымен зарарсыздандырғанша «Протонды» ұшыру мүмкін емес деп есептейміз», -деді Н.Қаппаров.
Сонымен қатар, ол зарарланған аумақты жою бөлігінде оң прогресті атап өтті.
«Бүгін мамандар келтірген мәліметке сәйкес, апат болған уақыттан бері және детоксикациялық жұмыстардың 3 кезеңінен кейін рұқсат етілген шекті концентрация деңгейінің артуы 9,2 есе болып отыр. Апат орын алған кезде бұл көрсеткіш 8850 есе асып кеткен еді. Дегенмен, әлі де бұл көрсеткішті тиісті деңгейге жеткізу міндеті тұр», - деп атап өтті ҚОҚМ басшысы.
«Сондықтан, мен өз технологиясы бойынша осы детоксикацияны өткізген қазақстандық мамандарға, «Ғарыш Экология» компаниясына алғысымды айтқым келеді», - деп жалғастырды Н.Қаппаров.
Өз кезегінде, Роскосмос басшысының орынбасары Сергей Савельев Роскосмос басшылығы «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды 17 қыркүйектен басқа мерзімге ауыстыру мәселесін қарастыратынын атап өтті.
Болашақта ұқсас апаттық жағдайларды болдырмауға қатысты С.Савельев қажетті шаралар қолданылып жатқанын және осындай оқиғалардың алдын алу үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз