Ұн тартатын операторларға арзандатылған және импорттық астықты жеткізу қолмен басқарылатын болады

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Азық-түлік корпорациясы, Ауыл шаруашылығы министрлігімен және өңірлердегі ұн тартушы операторлармен бірлесіп, ұн тартатын кәсіпорындарға арзандатылған қазақстандық және импорттық ресейлік астықты жедел жеткізіп отыру үшін күн сайын селекторлық кеңестер өткізетін болады. Мұндай шешім Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте қабылданды.

ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтің сөзінше, 2023 жылғы 20 қазанда арзандатылған астықты жеткізуге арналған меморандумдарға 16 өңір қол қойған, 12 өңір астық пен ұнды жеткізуді жүзеге асыруда.

«Азық-түлік корпорациясымен меморандумға қол қойған 16 өңірдің ішінде Солтүстік Қазақстан облысы әлі күнге дейін ұн тартатын операторды анықтамады, жеткізу шартына қол қойған жоқ, сондай-ақ төлем жасамады. Алматы және Атырау облыстары да төлем жасамаған, соның салдарынан ұн тартатын кәсіпорындарға астық жеткізу кешіктірілуде», — деді Айдар Әбілдабеков.

Еске сала кетейік, Азық-түлік корпорациясының резервінен бөлінген арзандатылған астық әлеуметтік нан дайындау және оның тұрақты бағамен сатылуын қамтамасыз ету үшін бөлінген.

Ресейлік астық импортына келетін болсақ, ҚТЖ деректері бойынша ұн тартатын кәсіпорындар 2023 жылғы қазан айына 274 мың тонна астық әкелуге өтініш берген, бірақ 20 қазандағы жағдай бойынша тек 57 мың тонна ғана келген. Мұның негізгі себебі – ұн тартатын кәсіпорындардың астық үшін төлемдерді кешіктіруі. Қыркүйек айында 107 мың тонна импорттық бидай әкелінген.

Ресейлік бидай қазақстандық кәсіпорындарға ұн мен макарон өнімдерін өндіру үшін қажет. Өңірлердегі әрбір ұн тартушымен жеткізу кезінде туындайтын қиындықтарды шешу үшін мемлекеттік органдар мен ұлттық теміржол операторы әлеуметтік өнімдерді кәсіпорындарға жеткізу схемасын күн сайын егжей-тегжейлі пысықтайтын болады.

2023 жылғы 20 қазандағы ресми статистика бойынша аптадағы жалпы баға өсуінің индексі 0,1% болып, тауық жұмыртқасының бағасы 1,4%-ға көтерілген. Өткен кеңесте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне құны өсіп отыратын өнімдердің бағасын талдау қорытындылары бойынша ақпарат беріп отыру тапсырылған еді. БҚДА төрағасының орынбасары Болат Самбетовтің айтуынша, монополияға қарсы талдау аясында өндірушілерден бастап сауда желілеріне дейінгі тізбектегі жұмыртқалардың бағасына әсер ететін факторлар анықталды. Сауда желілері мен құс фабрикалары тарапынан бірқатар заң бұзушылық анықталды.

БҚДА анықталған барлық сауда қызметі туралы заңнаманы бұзу фактісі бойынша СИМ атына материалдар жолдады. Монополияға қарсы заңнама аясында БҚДА-ның өңірлердегі департаменттері тиісті шараларды қолға алады.

Әкімдіктердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сауда желілерінен тікелей фермерлер мен қайта өңдеушілерге дейін айналым схемалары бойынша мемлекеттік қолдау көрсетудің жаңа форматына көшуіне ерекше назар аударылды. 

Еске сала кетейік, 2022 жылғы қараша айында АШМ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді форвардтық қаржыландыру бойынша жаңа тәсілдер әзірледі, олардың мақсаты – фермерлерге көкөністерді белгіленген бағамен алу үшін бюджеттен алдын ала қаражат бөлу. 2023 жылғы мамырда қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, ұн және қант өндірумен айналысатын өңдеу кәсіпорындарын форвардтық қаржыландыру енгізілді. Бұдан басқа АШМ-нің мамыр айындағы бұйрығымен қаржыландырудың кемінде 70%-ын фермерлер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына тікелей жіберу міндеттелді. Бүгінде 7 өңір айналым схемаларын толығымен 100%-ға қайта форматтады. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландырудың ең төмен көрсеткіштері Алматы (30%), Астана (42%) қалалары, Шымкент (46%), Қарағанды (18%), Павлодар (36%) облыстарына тиесілі.

«Келесі кездесуде біз астық пен ұнды жеткізуді қолмен басқару режимінің нәтижелерін көруіміз керек. Бірінші кезекте ұн бағасының өсу үрдісін төмендету қажет. Әкімдіктер бағасы өсіп отырған барлық әлеуметтік азық-түлік тауарларын өндіруші және жеткізушімен осындай жұмыс жүргізуі керек», — деді Серік Жұманғарин.

#Серік Жұманғарин #ҚР Сауда және интеграция министрлігі #ӘМАТ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу