02 Наурыз 2026, 21:02
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен көктемгі дала жұмыстары жөніндегі жедел штаб отырысында өңірлерді тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жағдайы талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы еліміз бойынша 2,3 млн тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 мың тоннаға артық.
Жиын барысында келісімшарт жасауға және тиеп-жөнелту жұмыстары жеткілікті қарқынмен жүргізілмей жатқанына назар аударылды.
Әкімдіктердің нақты ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 414 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге шарттар жасалған, оның 187 мың тоннасы жөнелтілген. Егіс науқаны басталып кеткен оңтүстік өңірлерге небәрі 30 мың тонна бағытталған.
Барлық өңір тыңайтқыш өндірушілерге қаражатты уақтылы аударуға кіріспегені туралы да айтылды. Премьер-министрдің орынбасары жұмыс қарқыны төмен облыстардың есебін тыңдап, қаржылық мәселелер мен жеткізілімдерді жеделдетуді, фермерлерді белгіленген мерзімде қажетті көлемдегі тыңайтқышпен қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Егіс жұмыстарын жүргізу үшін литрі 281 теңге бағамен 402 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Өткен жылы жеңілдетілген баға литріне 254 теңгені құраған болатын. Бұрынғыдай шаруалар үшін дизель отынының құны нарықтық бағадан 15%-ға төмен.
Сондай-ақ аграрлық сала өкілдерінің өтініші бойынша көктемгі жұмыстарға арналған арзандатылған дизель отынын алдын ала – күз мезгілінен бастап, жеңілдетілген қаржыландырумен қатар бөлу мүмкіндігі қаралды. Премьер-министрдің орынбасары бұл мәселені Энергетика министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп пысықтауды тапсырды.




Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу