Үкімет Қазақстанның жұмыс істеп тұрған діни бірлестіктерімен жұмысты жандандырды

Биыл ҚР Үкіметі Қазақстанның жұмыс істеп тұрған діни бірлестіктерімен жұмысты жандандырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығындағы брифинг барысында ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев хабарлады.

 

Нұрлан Ермекбаев қазіргі кезде министрлік заңды жұмыс істеп тұрған барлық діни бірлестіктермен (3,6 мыңнан астам діни бірлестік) ынтымақтастықты ретке келтіргенін атап өтті. Онымен қоса көптеген мәселелер онлайн режимде шешіліп жатыр.

Осындай ынтымақтастық аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен (ҚМДБ) меморандумға қол қойылған. Оның негізінде ҚМДБ өз жұмысының форматтарын өзгерту бойынша елеулі шараларды қабылдады. Имам корпусының жұмысы жаппай-насихат жұмысынан мақсатты аудиториямен жүргізілетін нақты жұмысқа қайта бағытталды. Кең форматты түсіндіру жұмысы ендігі тек діншіл адамдар арасында әрі негізінен діни мекемелерде жүргізіледі.

Сондай-ақ, ҚМДБ басшылығымен бірлесіп, білікті және даярланған имамдардың пулы қалыптастырылды. Олардың қызметі деструктивті ағымдардың өкілдерімен нақты жұмыс жүргізуге, оларды қайта сендіріп, дәстүрлі ислам аясына қайтаруға бағдарланған. Қазақстандық теология мектебін дамыту мәселесі пысықталуда.

Бұдан өзге, ҚМДБ мешіт имамдарының біліктілік деңгейін арттыру шараларын қабылдап жатыр. Бұл үшін Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институты құрылған. 2016 жылғы қазан айынан бастап бұл институтта 40 имам мен теолог мамандар қайта даярлау курстарынан өткен.  

Сонымен қатар, Қазақстанның православие шіркеуімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, католик шіркеуі мен өзге конфессияларға көмек көрсетілуде. Министрлік жанында Дін мәселелері жөніндегі сарапшылар кеңесі мен Діни көшбасшылар басшыларының жиналысы жұмыс істейді. Жыл сайын дінтанушылардың форумы өтіп тұрады. ҚР Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің жаңа құрамы қалыптастырылды. Оған дәстүрлі конфессиялардың көшбасшылары, ғалымдар, ЖОО ректорлары, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері кіреді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу