«Азаматтарға арналған үкімет» жаңа көші-қон жөніндегі ХҚКО-ларды ашуды жоспарлап отыр

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов Астанада шетел азаматтары үшін ашылған миграциялық қызмет көрсету орталығының тиімділігі туралы айтты, сондай-ақ еліміздің басқа өңірлерінде осындай ХҚКО ашу жоспарлары жайында хабарлады.

2018 жылдың қаңтар айында Астана қаласында жұмыс істеуге келген иммигранттарға рұқсат беру бойынша көші-қон ХҚКО ашылды.

Абылайхан Оспановтың айтуынша, көші-қон қызметтері орталығы Қазақстандағы резидент еместерге мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін оңтайландыруға және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін барлық қажетті қызметтерді (медицина қызметкерлері, нотариус, екінші деңгейлі банктер, мемлекеттік корпорациялар, ІІМ) бір ғимаратта орналастыру арқылы 5 күннен 1 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Орталықта ХҚКО-ның сапа стандарттары қолданылады, атап айтқанда, қызметтерді кедергісіз қамтамасыз ету, бірыңғай электрондық кезек және т. б.

«Көші-қон жөніндегі ХҚКО — ең алдымен пилоттық жоба. Біз шетелдік азаматтарға көрсетілетін қызметтерде қандай проблемалар бар екенін анықтау үшін оны Астанада ашуды жөн көрдік», — деді Мемлекеттік корпорацияның басшысы.

Бүгінгі таңда шетел азаматтарына арналған мемлекеттік қызметтер екі тәсіл бойынша: бас кеңсе мен көші-қон қызметтері арқылы жүзеге асырылады. Абылайхан Оспановтың мәлімдеуінше, бұл уақытша жағдай. Болашақта барлық үдерістерді егжей-тегжейлі зерттеп, оңтайландырудан кейін көші-қон полициясы ұсынатын барлық қызметтерді халыққа қызмет көрсетудің көші-қон орталығы арқылы жүргізу көзделген.

Абылайхан Оспанов алдағы жоспарларға қатысты биыл Алматы қаласында көші-қон жөніндегі ХҚКО ашу жоспарланғанын атап өтті. Бұдан өзге, Мемлекеттік корпорация Батыс Қазақстан облысында тағы бір көші-қон жөніндегі ХҚКО ашуды қарастырып жатыр.

«Біз Қазақстан аумағына талдау жасап, мигранттардың саны көп тіркелген үш ірі пункті анықтадық. Бұлар: Астана, Алматы және Батыс Қазақстан», — деді Абылайхан Оспанов.

Егер Алматыдағы көші-қон мәселесі жөніндегі ХҚКО ашылуы туралы жоба бүгінде мақұлданып, орындалуға дайын тұрса, ал еліміздің батысында мұндай орталықтың ашылуы тек мемлекеттік корпорацияның жоспарында ғана қаралған. А. Оспановтың айтуынша, жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың қолдауын алу қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу