Үкімет отандық бизнеске жүйелі қолдау шараларын көрсетуді жалғастырады

Кірістерді арттыру бағдарламасын әзірлеу, жеке инвестицияларды тарту, адами капиталды дамыту, сондай-ақ сатып алуды жүзеге асырудың жаңа тәртібі. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Атамекен» ҰКП ІХ съезінде осы және басқа да мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің Баспасөз қызметі.

Министрлер кабинеті басшысының хабарлауынша, қазіргі уақытта арнайы Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленіп жатыр, оның аясында кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіру, ауқымды жұмыспен қамтамасыз ету, индустриялық және ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыру, өндірістерді технологиялық жаңғырту, адами капиталды дамыту және т. б. бойынша шараларды іске асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Әлихан Смайыловтың айтуынша, ҚР Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп Сатып алуды жүзеге асырудың жаңа тәртібінің жобасын әзірледі. Бұл олардың ашықтығын арттыруға бағытталған және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады. Сондай-ақ аталған механизм жергілікті өндірушілер мен жеткізушілерді қолдауға, сатып алу процесін оңайлатуға және бизнес кедергілерді жоюға бағытталған, соның нәтижесінде 10 мың ШОБ субъектісіне көмек көрсетіледі.

«Отандық тауар өндірушілерден 400 млрд теңгеге 10 мыңға жуық тауар позициясы сатып алынады. Бұдан өзге, заң жүзінде ашықтықты арттырып, жер қойнауын пайдалану құқығын беру және келісімшарттар талаптарын өзгерту рәсімдерін жеңілдету жоспарланып отыр», — деді Ә. Смайылов.

Премьер-Министр бизнесті қолдау, инвестициялық ахуал мен бизнес-ортаны жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударды. Аталған бағыттар аясында бүгінгі таңда мемлекет салықтық ынталандырулар ұсынды, кәсіпкерлік субъектілерінің облигацияларын кепілдендіру құралдары әзірленді, моно-, шағын қалаларда және ауылдық елді мекендерде жеңілдікті микрокредиттеу ұсынылуда.

Одан әрі дамыту шеңберінде жаңадан құрылған Отандық кәсіпкерлер кеңесімен бірлесіп, инвестициялық ахуал мен бизнес-ортаны жақсарту жөніндегі шаралар іске асырылатын болады. Сонымен қатар жеке инвестицияларға баса көңіл бөлінетін Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленді.

Сондай-ақ ол мемлекеттің жеке меншік институттың беріктігіне және заң үстемдігіне кепілдік беруінің, сондай-ақ бизнеске инфрақұрылымды тең қолжетімді етуінің маңыздылығын атап өтті.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, алдағы уақытта Үкімет жұмысы өңірлердегі шағын және орта бизнеске басымдық бере отырып, мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталады.

Сөз соңында Әлихан Смайылов елімізде экономиканы қалпына келтіру мен оны дамыту драйверіне айналатын жобалар әзірлеу қажет екенін атап өтті.

Премьер-Министр съезд делегаттарын Президент алға қойған міндеттерді іске асыруға және жақында құрылған Үкімет жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесінің жұмысына белсенді араласуға шақырды.

Еске сала кетейік, өткен жылы вице-премьер ретінде Әлихан Смайылов апта сайын шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде кеңестер өткізген болатын. Осы кезеңде қызметтің 18 бағыты бойынша 160-тан астам шаруашылық мәселелері қаралды, қозғалған проблемалардың 75%-ға жуығы шешімін тапты. Тағы 250 мәселе биылғы 17 ақпанда мемлекеттік органдар мен Палата өкілдерімен өткен кеңесте шұғыл түрде қаралды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу